وَعَنْ عَبْدِ الرَّحْمَنِ بْنِ النُّعْمَانِ بْنِ مَعْبَدِ بْنِ هَوْذَةَ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ قَالَ: أَمَرَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِالْإِثْمِدِ الْمُرَوَّحِ عِنْدَ النَّوْمِ، وَقَالَ: «لِيَتَّقِهِ الصَّائِمُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «الْمُرَوَّحُ» بِالْحَاءِ الْمُهْمَلَةِ: الْمُطَيَّبُ بِالْمِسْكِ.
Абдуррахман ибн Нұғман ибн Мағбад ибн Һәуза әкесінен, әкесі өз әкесінен мына риуаятты жеткізген: «Алла елшісі ұйықтарда көзге миск араласқан исмид сүрмесін жағуды бұйырды. “Ораза ұстаған адам бұдан сақтансын”, – деді».1
Түсіндірме
1. Ибн Шубрума мен Абдуррахман ибн Әбу Ләйлә осы хадиске сүйеніп, сүрме жағу оразаны бұзады деп есептеген. Өзге фақиһтар мен хадис ғалымдары сүрме оразаны бұзбайды деп үкім берген. Көпшілік бұл хадистің дәлел ретінде алуға келмейтіндей әлсіз екенін айтқан. Ибн Шубрума мен Ибн Әбу Ләйлә «Денеге кірген нәрсе оразаны, денеден шыққан нәрсе дәретті бұзады» деген риуаятты да алға тартқан. Бұхариде ол мұғаллақ түрде келтірілген.
Көпшілік ғалым осы хадистің әлсіз екенін айтумен шектелмей, Ибн Мәжа келтірген риуаятты дәлел еткен. Онда Айша анамыз (р.а.) Алла елшісінің рамазанда ораза ұстаған кезінде көзге сүрме жаққанын айтқан.
2. Хадистегі «исмид» – сүрме жасалатын тастың атауы. «Мураууах» сөзі «миск қосып хош иістендірілген» дегенді білдіреді. Демек, мұнда жай исмид емес, миск қосылған сүрме туралы айтылған.
- 1Әбу Дәуіт, «Саум», 31 (№ 2377). Әбу Дәуіт Яхия ибн Мағиннің бұл риуаятты мүнкәр деп бағалағанын жеткізген.