وَعَنْ أُمِّ الدَّرْدَاءِ قَالَتْ: كَانَ أَبُو الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَأْتِي نَهَارًا فَيَقُولُ: عِنْدَكُمْ طَعَامٌ؟ فَإِنْ قُلْنَا: لَا، قَالَ: إِنِّي صَائِمٌ يَوْمِي هَذَا. وَفَعَلَهُ أَبُو طَلْحَةَ، وَأَبُو هُرَيْرَةَ، وَابْنُ عَبَّاسٍ، وَحُذَيْفَةُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ فِي تَرْجَمَةٍ.
Үммі Дәрда былай дейді: «Әбу Дәрда күндіз үйге келіп: “Тамақ бар ма?” – деп сұрайтын. “Жоқ”, – десек: “Онда бүгін ораза ұстаймын”, – дейтін. Әбу Талха, Әбу Һурайра, Ибн Аббас және Хузайфа (р.а.) да солай істеген».1
Түсіндірме
1. Бұл екі риуаят нәпіл оразаға күндіз ниет етуге болатынын көрсетеді. Ол үшін таң атқалы ішіп-жеу, дәрі қабылдау, жыныстық қатынас тәрізді оразаны бұзатын іс жасалмаған болуы керек. Күндіз ниет етудің мерзімі туралы ғалымдар арасында пікір алшақтығы бар. Ибн Әбу Шәйба Үммі Дәрданың риуаятын сәнәдімен берген. Онда: «Әбу Дәрда кейде сәскеде үйге келіп: “Жеуге бірдеңе бар ма?” – деп сұрайтын», – делінген. Демек, ол тамақты күн ауғанға дейін сұраған. Риуаяттың жалғасында: «Кейде беретін ештеңеміз болмай қалатын. Сонда ол: “Онда бүгін ораза ұстаймын”, – дейтін», – делінген.
Ибн Әбу Шәйбаның жинағында Әнәс (р.а.) былай дейді: «Әбу Талха үйіне келіп: “Жеуге бірдеңе бар ма?” – деп сұрайтын. “Жоқ” деген жауап естісе, сол күнін оразамен өткізетін».
Мұғаз, Ибн Аббас, Әбу Һурайра тәрізді басқа да сахабалардың үйінен ас табылмаған кезде ораза ұстауға ниет еткені риуаят етілген.
Алдыңғы № 3130 хадис Алла елшісінің де жеуге ас табылмаған кезде оразаға ниет еткенін көрсетеді. Нәуәуи: «Бұл хадисте нәпіл оразаға күн ауғанға дейін ниет етуге болады деген көпшілік ғалымдардың пікіріне дәлел бар», – дейді.
Шафиғилер күндіз нәпіл оразаға ниет етуге берілген рұқсатты уақытпен шектемейді. Олардың пікірінше, түске дейін де, түстен кейін де ниет етуге болады. Ол үшін сол уақытқа дейін оразаны бұзатын іс жасалмаған болуы керек.
Имам Мәлик, Ләйс және Ибн Әбу Зиъб түнде ниет етілмесе, нәпіл ораза да жарамсыз деп білген.
2. № 3130 хадистегі қонақтар жайлы сөз олардың сыйлыққа тамақ әкелгенін аңғартады. Кейбіреулер Алла елшісі «Жеуге бірдеңе бар ма?» деп, оразасын ашқысы келгенін білдірген деп түсіндірген. Имам Нәуәуи бұл жорамалды жасанды деп санаған.
3. Имам Шафиғи мен оның пікірлестерінің көзқарасы бойынша, нәпіл оразаны шариғи себепсіз де үзуге болады. Оның қазасын не кәффаратын өтеу міндетті емес. Кейбір сахабалар, Ахмад ибн Ханбал және Исхақ ибн Раһуя да осы пікірді ұстанған. Дегенмен басталған оразаны аяқтау – мұстахаб. Әбу Ханифаның пікірінше, нәпіл оразаны бастап қойған адам шариғи себепсіз аузын ашпауы керек. Аузын ашса, қазасын өтейді. Мәлик, Хасан әл-Басри, Ибраһим ән-Нахағи және Мәкхул да осы көзқараста. Имам Ағзам қонаққа шақырылуды нәпіл оразаны үзуге жарамды себеп деп санаған.
- 1Бұхари, «Саум», 21. Риуаят тарау тақырыбының астында келтірілген.