Хадис

Кутуб ситтә, № 3115

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
418. Ораза мен рамазан айының артықшылығы
Нөмірі
№ 3115 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
3115
Кутуб ситтә, № 3115 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَيُّ الصَّوْمِ أَفْضَلُ بَعْدَ رَمَضَانَ؟ فَقَالَ: «شَعْبَانُ لِتَعْظِيمِ رَمَضَانَ». وَقِيلَ: فَأَيُّ الصَّدَقَةِ أَفْضَلُ؟ قَالَ: «صَدَقَةٌ فِي رَمَضَانَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.) “Рамазаннан кейін қай ораза абзал?” – деп сұрады. Ол “Рамазанды ұлықтау үшін шағбанда ұстаған ораза”, – деп жауап берді. “Қай садақа абзал?” – деп сұрағанда, “Рамазанда берілген садақа”1, – деді».

Түсіндірме

1. Бұл риуаятта рамазан оразасынан өзге оразалардың ішінде шағбанда ұсталатын нәпіл оразаның артықшылығы айтылған. Шағбан оразасы рамазанды қарсы алып, оны ұлықтау үшін ұсталады.

Ирақи Мүслимнің Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткізген «Рамазаннан кейінгі ең абзал ораза – Алланың айы мұхаррамда ұсталған ораза» деген хадисін келтіріп, екі риуаят бір-біріне қайшы көрінетінін айтады. Әнәс хадисінің тізбегі әлсіз, ал Әбу Һурайраның хадисі сахих болғандықтан, осы мәселеде Әбу Һурайраның риуаяты басым алынады.

Әбу әт-Тайиб әс-Синди бұл екі риуаятты үйлестіріп түсіндіреді: «Жалпы алғанда, рамазан оразасынан кейін ең абзалы – мұхаррам оразасы. Ал рамазанды ұлықтау мақсат етілсе, шағбан айында ұсталған ораза абзал болуы мүмкін».

  1. 1Тирмизи, «Зекет», 28 (№ 663).