وَفِي رِوَايَةٍ لِعَلِيٍّ: «أُصَلِّي فَأَسْتَرِيحُ. فَأُنْكِرَ ذَلِكَ عَلَيْهِ، فَقَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: قُمْ يَا بِلَالُ فَأَرِحْنَا، يَعْنِي الصَّلَاةَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَمَعْنَى «أَرِحْنَا» يَعْنِي نَسْتَرِيحُ بِأَدَائِهَا عَنْ شُغْلِ الْقَلْبِ بِهَا.
Әлидің (р.а.) бір риуаятында «Намаз оқып, жаным жай табады», – делінген. Жұрт бұл сөзді құптамағанда, ол «Алла елшісінің (с.а.с.) “Тұр, уа, Біләл, намазбен жанымызды жайландыр”, – дегенін естідім», – деді. «Жанымызды жайландыр» дегені – намазды өтеп, көкейде жүрген міндеттен арылу.1
Түсіндірме
«Намазбен жанның жай табуын» екі түрлі түсінуге болады:
1. Намазда құлшылық етіп, зікір айтып, тасбих тарту көңілді тыныштандырады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Біләлге «Намаз оқыт та, жанымыз жай тапсын» деген мағынада «Намазбен жанымызды жайландыр», – деген.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) құлшылық пен зікірден өзге дүниелік істерді машақат пен ауыртпалық санаған. Намазда құлшылық етіп, жаны жай табатын. Ол «Көзімнің нұры намазда», – деген.
2. Екінші мағынасы – намазды оқып, мойындағы міндеттен арылып, жанның жай табуы. Намаз уақыты кіргенде оны оқу мұсылманға парыз болады. Алла алдындағы міндетін әлі өтемегені көңілін мазалайды. Намазын оқыған соң сол мазасыздықтан арылып, жаны жай табады.
- 1Әбу Дәуіт, «Әдеп», 86 (№ 4985, 4986).