وَعَنْ أَبِي بَرْزَةَ الْأَسْلَمِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَكْرَهُ النَّوْمَ قَبْلَ الْعِشَاءِ وَالْحَدِيثَ بَعْدَهَا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.
Әбу Барза әл-Әсләми (р.а.) «Алла елшісі (с.а.с.) құптанға дейін ұйықтауды және құптаннан кейін әңгімелесуді ұнатпайтын», – дейді.1
Түсіндірме
Бұл хадис Алла елшісінің (с.а.с.) күнделікті тіршілігін баяндайды. Пайғамбарымыз құптан намазын оқымай тұрып ұйықтауды мәкрүһ санаған. Адам оянбай қалып, намазын өткізіп алуы мүмкін. Құптаннан кейін отырып әңгімелесуді де ұнатпаған, өйткені бұл тәһәжжуд намазына тұруға кедергі келтіреді. Пайғамбарымыз түннің бір бөлігін намаз, құлшылық және зікірмен өткізетін.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жеке өмірінде ұстанған осы амалы үмбетіне сүннет саналады. Ол көптеген хадисінде үмбетіне түнгі намазды өсиет еткен (№ 3002, 3015 хадистер).
Хадисте көбіне ұстанған әдеті айтылып отыр. Қажет болған кей түндері Пайғамбарымыз (с.а.с.) кешке дейін ояу қалған. Бұхаридің бір риуаятында ол құптанды әйелдер мен балалар ұйықтап кеткенге дейін кешіктірген. Бұл үмбетіне де қатысты. Ғалымдардың айтуынша, құптаннан соң бірден жату міндетті емес. Тирмизи ғалымдардың көпшілігі құптанға дейін ұйықтауды мәкрүһ санағанын, кейбірі әсіресе рамазан айында рұқсат бергенін жеткізеді. Намаз уақыты келгенде оятатын адам болса немесе кісі әдеті бойынша сол уақытта міндетті түрде оянатын болса, алдын ала ұйықтаудың мәкрүһтығы жойылады.
Құптаннан кейін қажетсіз әңгіме айту мәкрүһ саналған. Ал білім алу, пайдалы бір мәселені талқылау сияқты шариғат құптаған мақсатпен ояу қалу мәкрүһ емес. Кеш жатудың тәһәжжуд намазына кедергі келтіруі де осы үкімнің себептерінің бірі саналады.
- 1Бұхари, «Мауақит», 23. Мүслим, «Мәсәжид», 237 (№ 647). Әбу Дәуіт, «Салат», 3 (№ 398). Тирмизи, «Салат», 125 (№ 168).