وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّ رَفْعَ الصَّوْتِ بِالذِّكْرِ حِينَ يَنْصَرِفُ النَّاسُ مِنَ الْمَكْتُوبَةِ كَانَ عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.
Ибн Аббас (р.а.) «Алла елшісінің (с.а.с.) заманында жұрт парыз намазынан кейін зікірді дауыстап айтатын», – дейді.1
Түсіндірме
Ибн Хажар «Бұл хадистен намаздан кейін зікірді дауыстап айтуға болатыны ұғынылады», – дейді. Бұл жөнінде ғалымдардың пікірі әртүрлі. Көпшілігі оны дағдыға айналдыруды құптамаған. Нәуәуидің айтуынша, Имам Шафиғи осы хадиске сүйеніп, сахабалар алғашында зікірді үйрету үшін біраз уақыт дауыстап айтқан, кейін үнемі солай істемеген деген. Таңдаулы пікір бойынша, имам да, жамағат та зікірді іштей айтады. Үйрету қажет болса, дауыстап айтуға болады.
- 1Бұхари, «Азан», 155; Мүслим, «Мәсәжид», 120 (№ 583); Әбу Дәуіт, «Салат», 191 (№ 1002, 1003); Нәсәи, «Сәһу», 39 (3, 67).