Хадис

Кутуб ситтә, № 3050

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
409. Жұма мен айт намаздарының бір күнге түсуі
Нөмірі
№ 3050 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
3050
Кутуб ситтә, № 3050 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Үммі Атия

وَعَنْ أُمِّ عَطِيَّةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «أَمَرَنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَنْ تَخْرُجَ فِي الْعِيدِ الْعَوَاتِقُ وَذَوَاتُ الخُدُورِ وَالْحُيَّضُ. فَأَمَّا الْحُيَّضُ فَيَشْهَدْنَ جَمَاعَةَ الْمُسْلِمِينَ وَدُعَاءَهُمْ وَيَعْتَزِلْنَ مُصَلَّاهُمْ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.

Қазақша аудармасы

Үммі Атия (р.а.) айтты: «Алла елшісі (с.а.с.) бізге айт намазына жас қыздарды, үйден көп шықпайтын бойжеткендерді және хайыздағы әйелдерді алып шығуды бұйырды. Хайыздағы әйелдер жамағаттың игілігіне, дұғасына қатысады, бірақ намаз оқылатын жерден шет тұрады».1

Түсіндірме

1. Бұл риуаят және осыған ұқсас хадистер барша мұсылманды айтқа қатысуға ынталандырады. Бойжеткендермен бірге хайыздағы әйелдер мен жас қыздардың да айтқа барғанын білдіретін риуаяттар бар.

2. Ғалымдар әйелдердің айтқа қатысуы жайында әртүрлі пікір айтқан. Әбу Бәкір, Әли, Омар және басқалар әйелдің қатысуға ақысы бар деп есептеген. Уруа, Қасым, Яхия әл-Ансари, имам Мәлик және Әбу Юсуф бұған келіспеген. Әбу Ханифадан рұқсат еткені де, рұқсат етпегені де риуаят етілген. Хаттаби былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) айт күні барлық әйелдің намаз өтетін жерге келуін бұйырған. Үзірі жоқтары намаз оқиды, үзірі барлары сол жерде жасалған дұғаға қосылады. Хадис баршаны намазға және зікір мәжілістеріне қатысуға ынталандырады».

Әбу Дәуіт келтірген Үммі Атияның (р.а.) өзге риуаятында хайыздағы әйелдердің жұрттың артында тұрып, жамағатпен бірге тәкбір айтқаны айтылады. Бұл да жамағатқа қосылуға ынталандырады.

  1. 1Бұхари, «Идәйн», 15, 20, «Хайыз», 23, «Салат», 2, «Хажж», 81; Мүслим, «Идәйн», 10 (890); Әбу Дәуіт, «Салат», 247 (1136–1139); Тирмизи, «Салат», 388 (539, 540); Нәсәи, «Идәйн», 3, 4 (3/180, 181).