وَعَنْ أَبِي ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «صُمْنَا مَعَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَلَمْ يَقُمْ بِنَا شَيْئًا مِنَ الشَّهْرِ حَتَّى بَقِيَ سَبْعٌ مِنَ الشَّهْرِ فَقَامَ بِنَا حَتَّى ذَهَبَ ثُلُثُ اللَّيْلِ. ثُمَّ لَمْ يَقُمْ بِنَا فِي السَّادِسَةِ وَقَامَ فِي الْخَامِسَةِ حَتَّى ذَهَبَ شَطْرُ اللَّيْلِ. فَقُلْنَا لَهُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، لَوْ نَفَّلْتَنَا بَقِيَّةَ لَيْلَتِنَا هَذِهِ؟ فَقَالَ: إِنَّهُ مَنْ قَامَ مَعَ الْإِمَامِ حَتَّى يَنْصَرِفَ كُتِبَ لَهُ قِيَامُ لَيْلَةٍ. ثُمَّ لَمْ يَقُمْ بِنَا حَتَّى بَقِيَ ثَلَاثٌ مِنَ الشَّهْرِ فَصَلَّى بِنَا فِي الثَّالِثَةِ وَدَعَا أَهْلَهُ وَنِسَاءَهُ وَقَامَ بِنَا حَتَّى خَشِينَا أَنْ يَفُوتَنَا الْفَلَاحُ. قِيلَ: وَمَا الْفَلَاحُ؟ قَالَ: السَّحُورُ. ثُمَّ لَمْ يَقُمْ بِنَا بَقِيَّةَ الشَّهْرِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ وَصَحَّحَهُ التِّرْمِذِيُّ. «السَّحُورُ» بِفَتْحِ السِّينِ: مَا يَتَسَحَّرُ بِهِ، وَبِالضَّمِّ: الْفِعْلُ نَفْسُهُ.
Әбу Зәрр (р.а.) айтты: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге рамазан оразасын ұстадық. Айдың бітуіне жеті түн қалғанша, ол бізге түнгі намаз оқытқан жоқ. Жеті түн қалғанда, түннің үштен бірі өткенше намаз оқытты. Алты түн қалғанда, намаз оқытпады. Бес түн қалғанда, түннің жартысына дейін намаз оқытты. “Уа, Алла елшісі! Осы түннің қалған бөлігінде де бізге нәпіл намаз оқытсаңыз”, – дедік. Ол: “Кім имаммен бірге ол намазын аяқтағанша тұрса, сол кісіге бір түнді құлшылықпен өткізгеннің сауабы жазылады”, – деді.
Содан кейін айдың бітуіне үш түн қалғанша, Алла елшісі (с.а.с.) бізге түнгі намаз оқытпады. Үш түн қалғанда, отбасы мен жұбайларын шақырып, бізге намаз оқытты. Намазды сонша ұзақ оқыдық, “фалахтан” құр қаламыз ба деп қорықтық». Әбу Зәррден «Фалах деген не?» деп сұрағанда, «Сәресі», – деп жауап берді. Содан кейін айдың қалған түндерінде бізге намаз оқытпады.1
Түсіндірме
1. Әбу Зәррдің (р.а.) бұл риуаяты Пайғамбардың (с.а.с.) рамазанда тарауихты қалай оқығанын көрсетеді. Оқиғаның қай жылы болғаны белгісіз. Рамазанның соңғы аптасындағы бірнеше түнді есептемегенде, ол жұртқа парыз намаздан өзге намаз оқытпаған. Парыз намаздарын оқып болған соң, бөлмесіне кірген.
2. Ай жиырма тоғыз күн болса, хадисте айтылған түндер мына күндерге сәйкес келеді.
– Соңынан жетінші түн – рамазанның жиырма үшінші түні.
– Соңынан алтыншы түн – рамазанның жиырма төртінші түні.
– Соңынан бесінші түн – рамазанның жиырма бесінші түні.
Егер рамазан отыз күн болса, бұл сандарға бір күн қосылады. Сонда жиырма төртінші, жиырма бесінші, жиырма алтыншы түндер шығады. Хадистің соңындағы қосымша мәлімет кейбір риуаятта ғана бар. Онда айдың соңғы екі түнінде, жиырма сегізі мен жиырма тоғызында жамағатқа түнгі намаз оқытылмағаны айтылады.
3. Хаттаби «фалах» сөзінің түпкі мағынасы «мәңгі қалу» екенін айтады. Сәресіге осы атаудың берілуі оразаны соңына дейін ұстауға күш беретініне байланысты. Азандағы «Хаййә аләл-фалах» деген де «Сендерді жәннатта мәңгі қалдыратын амалға келіңдер» деген мағынаны білдіреді. Кейбір ғалымдар сәресі оразаны толық ұстауға жәрдемдесетіндіктен «фалах» аталған дейді.
4. «Сахур» деп түннің соңында сәресіге ішіп-жейтін ас-суды атайды. Ал «сухур» сәресі ішу амалын білдіреді. «Ән-Ниһая» еңбегінде сәресіге берекет пен сауап тән екені де айтылады. Көптеген риуаятта бұл сөз «сахур» түрінде келеді. «Ән-Ниһаяда» сауап асқа емес, оны ішу амалына тән болғандықтан, «сухур» нұсқасын дұрысырақ санаған пікір де келтірілген.
5. Әли әл-Қари бұл хадистен сахабалардың сәресіге ерекше мән бергенін аңғарған. Олар сәресін өткізіп алудан қорыққан.
6. Пайғамбардың (с.а.с.) бұл түндерде неше рәкат намаз оқығаны Мұхаммед ибн Наср әл-Мәруазидің «Қиямул-ләйл» еңбегінде келтірілген. Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) рамазанда бізге сегіз рәкат намаз және үтір оқытты. Келесі түні мешітке жиналып, намаз оқытады деп, таң атқанша күттік. Оған: “Уа, Алла елшісі! Бізге намаз оқытарсыз деп жиналдық. Не себепті намаз оқытпадыңыз?” – дедік. Ол: “Үтір намазы сендерге парыз болып қала ма деп қорықтым”, – деді».2
Хузайфаның (р.а.) риуаятында намазға қатысты өзге жайттармен бірге Алла елшісінің (с.а.с.) рамазанның бір түнінде сахабалармен төрт рәкат намаз оқығаны айтылады. Намаз аяқталған соң, Біләл келіп, таң намазының уақыты кіргенін хабарлаған.
Жәбирден (р.а.) жеткен тағы бір риуаятта былай делінген: «Рамазанның бір күні Үбәй ибн Кағб Пайғамбарға келіп: “Уа, Алла елшісі! Өткен түні бір жайт болды. Ауылымыздың әйелдері үйіме келіп: ‘Біз Құран оқи алмаймыз, саған ұйып намаз оқығымыз келеді’, – деді. Мен оларға сегіз рәкат намаз және үтір оқыттым”, – деді. Пайғамбар (с.а.с.) үндемеді. Үндемеуі сол істі құптағанын аңғартты».
Омардың (р.а.) бұйрығымен Үбәй ибн Кағбтың жұртқа он бір рәкат, кей риуаят бойынша он үш рәкат намаз оқытқанын жоғарыда айтқан едік. Омардың (р.а.) рамазан намазын жамағатқа оқытуды Үбәй ибн Кағб пен Тәмим әд-Дариге тапсырғаны және екеуінің бұл міндетті бірге атқарғаны айтылады.