Хадис

Кутуб ситтә, № 3010

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
405. Түнгі намаз
Нөмірі
№ 3010 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 9
3010
Кутуб ситтә, № 3010 · тараудағы реті: 9Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд

وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «ذُكِرَ رَجُلٌ عِنْدَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقِيلَ مَا زَالَ نَائِمًا حَتَّى أَصْبَحَ، مَا قَامَ إِلَى الصَّلَاةِ. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: ذَلِكَ رَجُلٌ بَالَ الشَّيْطَانُ فِي أُذُنِهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِى.

Қазақша аудармасы

Ибн Масғуд (р.а.) былай дейді: «Пайғамбардың (с.а.с.) қасында бір адам жайлы сөз болды. Оның таң атқанша ұйықтап, намазға тұрмағанын айтты. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): “Ол – құлағына шайтан дәрет сындырған адам”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадисте адамның аты аталмаған. Ибн Хажар басқа нұсқаларға сүйеніп, ол адамның Абдулла ибн Масғудтың (р.а.) өзі екенін айтады. Ол бір түні намазға тұра алмай қалғанын Пайғамбарға (с.а.с.) «бір адам» деп жеткізген. Сонда Пайғамбар (с.а.с.) оған: «Аллаға ант етейін, түнде шайтан бауырыңның құлағына дәрет сындырған», – деген.

Бұл сөз намаз мезгілінде ұйықтап қалудың жаман екенін аңғартады. Ибн Масғуд: «Адамға жамандық пен зиян ретінде таңға дейін ұйықтау жеткілікті», – дейді. Бұл шайтан оның құлағына дәрет сындырды деген сөз.

2. Мұнда түнгі нәпіл намаз ба, әлде парыз намаз ба – нақты айтылмаған. Екеуінің бірі болуы мүмкін.

3. Шайтанның дәрет сындыруын ғалымдар әртүрлі түсіндірген:

• Қуртуби және кейбір ғалымдар мұны тура мағынада түсінуге кедергі жоқ деген. Олардың айтуынша, шайтан жеп-ішетін, үйленетін болса, дәрет сындыруы да мүмкін.

• Бір топ ғалым мұны шайтан ұйқыдағы адамның құлағын намазға тарс жауып, зікірді естуіне бөгет болады деп түсіндірген.

• Енді бірі шайтан оның құлағын жалған сөздерге толтырып, зікірді тыңдатпай қояды деген.

• Кейбіреулер мұны шайтанның ұйқыдағы адамды қорлап, мазақ етуі деп түсінген. Басқаларының айтуынша, шайтан адамды өзіне бағындырып, қорлағаны сонша, оны дәрет сындыратын ыдысқа айналдырады. Біреудің үстіне дәрет сындыру қорлаудың бір түрі саналған.

• Тағы бір пікір бойынша, бұл – ұйықтап, намазға тұрмай қалған кісіге қатысты теңеу. Ол құлағына зәр кіріп, естімей қалған адамдай. Арабтар «бұзылу» деген мағынаны білдіру үшін «бәул», яғни «дәрет сындыру» сөзін де қолданады.

4. Тиби былай түсіндіреді: «Хадисте көздің орнына құлақтың аталуы ұйқының қаттылығын білдіреді. Адамды ұйқысынан оятатын сезімдердің ішінде естудің орны бөлек. “Бәул” сөзінің қолданылуы да сұйықтың шұңқырға тез өтіп, бойға сіңіп, барлық мүшені дел-сал күйге түсіруін меңзейді».

  1. 1Бұхари, «Тәһәжжуд», № 1144, «Бәдул-халқ», 11. Мүслим, «Мусафирин», № 774. Нәсәи, «Қиямул-ләйл», 5 (3, 204).