وَعَن الْمُغِيرَةَ بْنِ شُعْبَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَامَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حَتَّى تَوَرَّمَتْ قَدَمَاهُ. فَقِيلَ لَهُ: قَدْ غَفَرَ اللَّهُ لَكَ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِكَ وَمَا تَأَخَّرَ؟ قَالَ: أَفَلَا أَكُونُ عَبْدًا شَكُورًا». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا أَبَا دَاوُدَ.
Мұғира ибн Шуғба (р.а.) былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) түнде аяғы ісіп кеткенше намаз оқитын. Оған: “Алла өткен және кейінгі күнәларыңды кешірген жоқ па?” – делінді. Ол: “Ендеше, көп шүкір ететін құл болмайын ба?” – деді».1
Түсіндірме
1. Расулалла (с.а.с.) құлшылықта ең жоғары дәрежеге жеткен. Аллаға құлшылық етуде оған ешкім тең келмейді. Бұл хадис осының бір қырын ашады. Әзірет Айша (р.а.) жеткізген нұсқада: «Шүкір ететін құл болмайын ба?» – делінген. Ибн Хажар бұл сауалдан: «Тәһәжжудті тастайын ба? Онда шүкір ететін құл болмай қаламын», – деген мағына аңғарылатынын айтқан. Өткен және кейінгі күнәларының кешірілгені тәһәжжудпен шүкір етуіне себеп болған. Сөзінің мәні: «Алла маған кешірім нығметін нәсіп еткенде, тәһәжжуд оқып, қалайша шүкір етпейін?».
Ибн Баттал былай дейді: «Бұл хадис адамның құлшылықтағы машақаттан қашпау керектігін көрсетеді. Расулалла (с.а.с.) күнәларының кешірілгенін біле тұра, аяғы ісігенше құлшылық етті. Ал ақыретте құтыларына, кешірімге бөленеріне көзі жетпеген адам құлшылыққа одан да жігерлі кіріспей ме?».
Ибн Хажар бұл жерде бір шартты ескертеді: «Адам құлшылықта нәпсісін аямағаны жөн. Бірақ қажып, құлшылықтан жалығатындай шекке жетпеуі керек. Расулалла (с.а.с.) кәміл халде болғандықтан, тәніне салмақ түссе де, Раббысына құлшылық етуден ешқашан жалықпаған. Оның “Көзімнің нұры намазда етілді” деген сөзі соны көрсетеді. Ал өзге адамдар қажып не жалығып қалудан қорықса, өздерін шамадан тыс қинамасын. “Амалдың шамаң жететінін орында. Алла ықыласпен жасаған амалдарыңа разы болады” деген хадиске сай іс қылсын».
Бәдиуззаман екінші хадистің мәніне сай, осы заманда құлшылықтың ең түзу жолын былай көрсеткен: парыздарды орындау, сүннетке еру, үлкен күнәлардан сақтану, әсіресе намазды тағдил әрканға сай оқу және намаздан кейінгі тәсбихті орындау.
2. Бұл хадис шүкір ету үшін намаз оқуға болатынын көрсетеді. Шүкір тілмен де, амалмен де жасалады. Бұл мына аятта да айтылған: ﴿اعْمَلُوا آلَ دَاوُودَ شُكْرًا﴾ «Уа, Дәуіт әулеті! Іс жүзінде шүкіршілік етіңдер!».2
3. Хадис Расулалланың (с.а.с.) Алла алдындағы терең именуін және құлшылықтағы қайратын көрсетеді. Ғалымдардың айтуынша, пайғамбарлар (а.с.) Алланың нығметінің ұлылығын жақсы білгендіктен, Одан қатты именген. Өз еңбегімен өтей алмайтын есепсіз нығметті Алланың алдын ала нәсіп еткенін білген. Сондықтан сол нығметтерге шамалары жеткенше шүкір ету үшін бар күшін салған.
4. Қуртуби бұл хадистегі сұрақты қойған кісінің ойын былай түсіндіреді: «Адам күнәдан қорқып, кешірім мен рақым тілеу үшін құлшылық етеді. Кешірілген кісіге енді құлшылықтың қажеті қалмайды». Расулалланың (с.а.с.) жауабы құлшылық етудің тағы бір себебін ашады. Адам өзіне міндетті түрде берілуі шарт болмаған нығметке бөленгенде, кешірімге ие болып, қауіптен құтылғанда да шүкір етеді. Шүкір – нығметтің кімнен келгенін мойындап, соның өтеуіне қызмет ету. Адам жақсылықты міндетті түрде алуға хақым бар еді деп ойламай, оның сый екенін түсінсе, осының өзі – шүкір. Алғыс айтудың мәні: «Маған жақсылық жасауға міндетті емес едің. Ізгілігіңді түсіндім, қадірін білемін, соған ризамын». Араб тілінде көп шүкір ететін адамды «шәку́р» дейді. Дәуіттің (а.с.) әулетін шүкір етуге шақырған аяттың соңында: ﴿وَقَلِيلٌ مِنْ عِبَادِيَ الشَّكُورُ﴾ «Құлдарымның арасында шүкіршілдер неткен аз еді!»3 – делінген. Нығметтің Алладан екенін танып, шүкір ретінде құлшылық ететіндер аз. Бәдиуззаман: «Құлшылық – кейін берілер сыйдың алғышарты емес, бұрын берілген нығметтің өтеуі, яғни шүкірі. Ақы бізге беріліп қойған. Ендігі міндетіміз – соған сай қызмет пен құлшылық ету», – дейді.
Өзін кедей, өзгеге мұқтаж санаған адам: «Басқаларда анау да, мынау да бар. Ал мен мұның бәрінен құр қалдым. Қандай нығмет көрдім?» – деуі мүмкін. Бәдиуззаман оған берілген нығметтерді еске салып, былай жауап береді: «Уа, нәпсім! Саған тұла бойы қайыр болған тіршілікті кигізген Ұлы Жаратушы тәбеті бар асқазан беріп, Раззақ есімімен алдыңа асқа толы нығмет дастарқанын жайды. Сезімге бай ғұмыр сыйлады. Ол да асқазан секілді қорек іздейді. Көзің мен құлағың және өзге сезімдерің қол тәрізді. Сол қолдардың алдына жер жүзіндей кең нығмет дастарқанын жайды. Рухани азық пен көп нығметті қажет ететін адамдықты беріп, көзге көрінетін және көрінбейтін әлемдердің дастарқанын ақылыңның қолы жеткенше алдыңа ашты. Одан соң шексіз нығметті қалайтын, есепсіз рақымның жемісінен нәр алатын адамдықтың кемел түрін – Ислам мен иманды берді. Мүмкін болмыстарды, көркем есімдер мен қасиетті сипаттар аясын қамтыған нығмет дастарқанын ашып, бақыт пен ләззат сыйлады. Иманның нұры болған махаббатты беріп, шегі жоқ нығметке, бақыт пен ләззатқа бөледі. Тәніңе қарасаң, шағын, әлсіз, дәрменсіз, шектеулі бір бөлшексің. Ал Оның кеңшілігімен сол бір кішкене бөлшектен нұрлы тұтастық дәрежесіне жеттің. Тіршілік сыйлап, бөлшектен тұтастықтың бір түріне, адамдықты беріп, шынайы тұтастыққа жеткізді. Исламмен асқақ та нұрлы тұтастыққа көтерді. Мағрифат пен махаббат арқылы барлығын қамтыған нұрға шығарды. Уа, нәпсім! Ақыңды алып қойдың. Құлшылықтай ләззатты, нығметке толы, жеңіл қызметке міндеттісің. Соның өзіне жалқаулық етесің. Міндетіңді шала-шарпы атқарып, бұрынғы ақы жетпегендей, одан да үлкен нәрселерді талап қыласың. Сөйтіп, “Дұғам неге қабыл болмады?” – деп назданасың. Сенің сыбағаң – наздану емес, жалбарыну. Алла жәннат пен мәңгілік бақытты Өз кеңшілігімен нәсіп етеді. Ұдайы Оның рақымы мен кеңшілігін панала».