Хадис

Кутуб ситтә, № 3004

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
405. Түнгі намаз
Нөмірі
№ 3004 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
3004
Кутуб ситтә, № 3004 · тараудағы реті: 3

وَلَهُ فِي أُخْرَى عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ حُبْشِيٍّ قَالَ: «سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَيُّ الْأَعْمَالِ أَفْضَلُ؟ قَالَ: طُولُ الْقِيَامِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Дәуіт Абдулла ибн Хабашиден (р.а.) мына риуаятты келтіреді: «Расулалладан (с.а.с.): “Қай амал абзал?” – деп сұрады. Ол: “Ұзақ қиям”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Бұл хадис ұзақ қиямның абзалдығын білдіреді. Басқа хадистерде пенденің Раббысына ең жақын кезі сәждеде болатыны айтылып, сонда көп дұға етуге үндейді:

أَقْرَبُ مَا يَكُونُ الْعَبْدُ مِنْ رَبِّهِ وَهُوَ سَاجِدٌ.

«Пенденің Раббысына ең жақын кезі –2 сәжде етіп жатқан шағы».

وَأَمَّا السُّجُودُ فَأَكْثِرُوا فِيهِ مِنَ الدُّعَاءِ.

«Ал сәждеде дұғаны көбейтіңдер».

Хадистердің бірінде қиям, екіншісінде сәжде аталғандықтан, ғалымдар қайсысы абзал екенін талқылаған. Шейх Иззуддин ибн Абдуссаламның түсіндірмесі бұл сұраққа толық жауап бермесе де, оны аздаған өзгеріспен келтірейік: «Пенде Аллаға Ол үшін жасаған ізгі амалымен жақындайды. Жақындық амалдың сауабының молдығына қарай бағаланады. Қиям ұзарған сайын зікір де, сауап та молаяды. Сондықтан ұзақ қиям өзге қиямдардан абзал.

Қиям да, сәжде де – намаздың рүкіндері. Намаздың екі рүкіні бірдей ең абзал бола алмайды. Сәжде міндетті және нәпіл бөліктері жағынан қиямнан абзал. Шариғат намазға кешігіп қосылған адамды қиямнан босатқанымен, сәждеден босатпайды. Намазға кешіккен кісі сол рәкаттың рукуғына үлгерсе, рәкатқа үлгерген болып саналады. Бұл сәжденің міндетті бөлігінің қиямның міндетті бөлігінен абзал екенін білдіреді. Міндетті бөлігі абзал амалдың нәпіл бөлігі де абзал саналады. Осы тұрғыдан сәжденің парызы да, нәпілі де қиямнан абзал». Шархшы ойын былай жалғастырады: «Бұл екі хадисте қиям мен сәжденің сүннеттері меңзелген. Біріншісіндегі طُولُ الْقِيَامِ тіркесі қиямның ұзақтығын білдіреді. Ғалымдар қиямды ұзартудың уәжіп еместігіне келіскен. Екіншісіндегі فَأَكْثِرُوا فِيهِ مِنَ الدُّعَاءِ тіркесі сәждеде дұғаны көбейтуді білдіреді. Дұға да сәжденің уәжібіне жатпайды. Сұраушының сауалында намаз меңзелген, ал арабша сөздің басындағы “әлиф-ләм” жалпылық мағына береді. Демек, сұрақты “Намаз сүннеттерінің қайсысы абзал?” деп түсінуге болады». Суюти осы түсіндірмелерден кейін де пікір алшақтығы сақталғанын айтады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», № 1325.
  2. 2Мүслим, «Салат», № 482 және № 479.