وَعَنْ كَعْبٍ بْنِ عُجْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «صَلَّى النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي مَسْجِدِ بَنِي عَبْدِ الْأَشْهَلِ الْمَغْرِبَ. فَلَمَّا قَضَوْا صَلَاتَهُمْ رَآهُمْ يُسَبِّحُونَ بَعْدَهَا فَقَالَ: هَذِهِ صَلَاةُ الْبُيُوتِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ. وَعِنْدَهُ: «عَلَيْكُمْ بِهَذِهِ الصَّلَاةِ فِي الْبُيُوتِ».
Кәғб ибн Ұжра (р.а.) былай дейді: «Расулалла (с.а.с.) Бәни Абд әл-Әшһәл мешітінде ақшам намазын оқыды. Намаз аяқталған соң жамағаттың нәпіл оқып жатқанын көріп: “Бұл – үйде оқылатын намаз”, – деді».1
Нәсәи нұсқасында: «Бұл намазды үйлеріңде оқыңдар», – делінген.
Түсіндірме
1. Хадистегі «тәсбих» сөзі нәпіл намазды білдіреді.
2. Ақшамның сүннетін үйде оқу абзал. Адам үйінде намаз оқығанда жұрт көзіне түсу ниетінен аулақ болып, құлшылығын ықыласпен орындайды. Намаздың үйде оқылуы бала тәрбиесіне де қажет.
Парыз бен нәпілдің бәрі мешітте оқылса, үйде зікір азаяды. Кейбір хадистерде үйді қабірге айналдырмай, зікірмен нұрландыру бұйырылған.
«Үйлеріңді қабірге айналдырмай, намаздарыңның бір бөлігін, яғни нәпілдерін үйлеріңде оқыңдар». «Адамның үйінде оқыған нәпіл намазы – нұр. Қалаған адам үйін нұрландырсын». «Кім намазын мешітте оқыса, үйіне де намазынан үлес қалдырсын. Алла оның намазы арқылы үйіне жақсылық береді». «Парызды қоспағанда, адамның үйінде оқыған намазы менің мешітімде оқыған намазынан абзал».2
Ибн Омардың (р.а.): «Расулалла (с.а.с.) ақшам намазының сүннетін үйінде оқитын», – деген риуаяты бұл сүннетті қуаттайды. Дегенмен, оны үйде оқу уәжіп емес. Мәселен, иғтикафтағы адам намазын мешітте оқиды.