Хадис

Қауіп намазы

Кутуб ситтә, 7-том, 397-тарау · 7 хадис · № 2923–2929

Хадистер

Қауіп төнгенде оқылатын намаз «салат әл-хауф» деп аталады. Жау, су тасқыны, өрт немесе ірі жыртқыш аң сияқты қатерге тап болған жамағат парыз намазын басшысына ұйып, кезектесіп оқиды. Бұл – бес уақыт парыз намаздың бірі. Оның қауіп кезінде жамағатпен оқылу тәртібі бөлек. Имам Әбу Юсуф қауіп намазы Алла елшісінің (с.а.с.) дәуіріне тән деп санаған. Қауіп намазының қалай оқылатыны мына аяттарда сипатталады: ﴿وَإِذَا ضَرَبْتُمْ فِي الْأَرْضِ فَلَيْسَ عَلَيْكُمْ جُنَاحٌ أَنْ تَقْصُرُوا مِنَ الصَّلَاةِ إِنْ خِفْتُمْ أَنْ يَفْتِنَكُمُ الَّذِينَ كَفَرُوا ۚ إِنَّ الْكَافِرِينَ كَانُوا لَكُمْ عَدُوًّا مُبِينًا﴾ «Сапарға шыққанда күпірлік қылғандардың қастық істеуінен қорықсаңдар, намазды қысқартып оқығандарың үшін күнә арқаламайсыңдар. Шүбәсіз, кәпірлер сендерге анық дұшпан.» ﴿وَإِذَا كُنْتَ فِيهِمْ فَأَقَمْتَ لَهُمُ الصَّلَاةَ فَلْتَقُمْ طَائِفَةٌ مِنْهُمْ مَعَكَ وَلْيَأْخُذُوا أَسْلِحَتَهُمْ فَإِذَا سَجَدُوا فَلْيَكُونُوا مِنْ وَرَائِكُمْ وَلْتَأْتِ طَائِفَةٌ أُخْرَىٰ لَمْ يُصَلُّوا فَلْيُصَلُّوا مَعَكَ وَلْيَأْخُذُوا حِذْرَهُمْ وَأَسْلِحَتَهُمْ ۗ وَدَّ الَّذِينَ كَفَرُوا لَوْ تَغْفُلُونَ عَنْ أَسْلِحَتِكُمْ وَأَمْتِعَتِكُمْ فَيَمِيلُونَ عَلَيْكُمْ مَيْلَةً وَاحِدَةً ۚ وَلَا جُنَاحَ عَلَيْكُمْ إِنْ كَانَ بِكُمْ أَذًى مِنْ مَطَرٍ أَوْ كُنْتُمْ مَرْضَىٰ أَنْ تَضَعُوا أَسْلِحَتَكُمْ ۖ وَخُذُوا حِذْرَكُمْ ۗ إِنَّ اللَّهَ أَعَدَّ لِلْكَافِرِينَ عَذَابًا مُهِينًا﴾ «Мүміндермен бірге болып, оларға намаз оқытсаң, алдымен олардың бір бөлігі сенімен бірге қаруларын асынған күйде намазға тұрсын. Алғашқы жамағат сәждеге бас қойып, бірден арттарыңа өтсін. Содан кейін намаз оқымаған екінші топ келіп, сенімен бірге намазға тұрсын, олар да сақтық қылып, қаруларын тастамасын. Өйткені кәпірлер сендерді қару-жарақсыз һәм сауыт-саймансыз болған күйде бас салып, бір демде жойып жіберуді көксейді. Ал егер жауын-шашынның кесірінен әуре-сарсаңға түсетін болсаңдар немесе сырқаттанып қалсаңдар, қару-жарақтарыңды жерге қойғандарың үшін күнә арқаламайсыңдар. Сонда да сақ болыңдар. Шүбәсіз, Алла кәпірлерді қор қылатын азап әзірлеп қойды.» ﴿فَإِذَا قَضَيْتُمُ الصَّلَاةَ فَاذْكُرُوا اللَّهَ قِيَامًا وَقُعُودًا وَعَلَىٰ جُنُوبِكُمْ ۚ فَإِذَا اطْمَأْنَنْتُمْ فَأَقِيمُوا الصَّلَاةَ ۚ إِنَّ الصَّلَاةَ كَانَتْ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ كِتَابًا مَوْقُوتًا﴾ «Намазды өтегеннен кейін, түрегеп тұрып, отырып немесе бір бүйірлеп жамбастап жатып Алланы еске алыңдар. Қауіпсіз жағдайда болғандарыңда намазды кемеліне жеткізіп оқыңдар. Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда парыз етілді.»1

Аяттарда көрсетілгендей:

• Жауға бетпе-бет келгенде де намаз жамағатпен оқылады.

• Намаз оқушы мүмкіндігінше қару-жарағын қасында ұстап, дұшпаннан сақтанады.

• Жамағаттың бірінші тобы имамға ұйып, екі рәкат намаздың бір рәкатын, ал үш немесе төрт рәкат намаздың алғашқы екі рәкатын оқиды. Содан соң екінші сәждеден немесе алғашқы отырыста «әт-тахиятты» оқығаннан кейін күзетке кетеді. Намаздың бұл бөлігіне қатыспаған екінші топ дереу имамға ұйып, қалған рәкаттарды онымен бірге оқиды да, сәлем берместен күзетке қайтады. Имам сәлем беріп, намазын аяқтайды. Бірінші топ қайта келіп, қалған рәкаттарды қырағатсыз оқиды, «әт-тахиятты» айтып, сәлем береді де, күзетке кетеді. Содан соң екінші топ келіп, намазының қалған бөлігін қырағатпен оқып бітіреді де, дұшпанға қарсы шептегі орнына қайтады.

Екі топ та жамағат намаз оқыған жерге қайтпай, намаздарын тұрған жерінде аяқтай алады.

Ескерту

1. Бірінші топ лахиқ, екіншісі мәсбуқ үкімінде. Лахиқ – намазға имаммен бірге бастап, кейін бір себеппен намаздың бір бөлігіне қатыса алмаған адам. Мәсбуқ – имамға кеш ұйып, бір не бірнеше рәкатқа үлгермеген адам.

2. Қауіп намазы бүкіл жамағат бір имамға ұйығысы келіп, осы мәселеде талас туса, осылай оқылады. Өзге жағдайда әр топтың өз имамына ұйып, намазды әдеттегідей оқуы абзал саналған.

3. Қауіп намазы дұрыс болуы үшін имамға ұйыған топтар намазға қайшы әрекет жасамауы керек. Мәселен, соғысу, орнын ауыстыру, барып-қайтарда көлікке міну немесе сөйлеу намазды бұзады. Мұндайда имамға ұйып оқыған намазды қайта оқиды.

4. Ұрыс күшейіп, аттан түсуге мүмкіндік болмаса, әр сарбаз шамасы келген бағытқа қарап, көлік үстінде ишарамен намаз оқиды. Бұған да шамасы келмесе, намазды кейінге қалдырып, қазасын өтейді. Алла елшісі (с.а.с.) Хандақ соғысында кей намаздарын уақытында оқи алмай, қазасын түнде өтеген.

Алла елшісі (с.а.с.) Затур-Риқағ, Батну Нахл, Усфан және Зу Қарад жорықтарында қауіп намазын оқытқан. Ол дүние салғаннан кейін сахабалар да кей жорықта намаздарын осылай оқыған. Төмендегі риуаяттарда соның бірнеше үлгісі берілген. Әр жорықтың жағдайы бөлек болғандықтан, Алла елшісі (с.а.с.) қорғанысты қамтамасыз етіп, намаз әдебін сақтауға барынша қолайлы жолды таңдаған. Намаздың рухы сақталғанымен, оқылу тәсілі жағдайға қарай өзгеріп отырған. Сол себепті хадистердегі кей үлгілер ханафи ғалымдары негізге алған тәртіптен өзгеше.

2923
Кутуб ситтә, № 2923 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Сәһл ибн Әбу Хасма

عَنْ سَهْلٍ بْنِ أَبِي حَثْمَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «صَلَّى النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِأَصْحَابِهِ فِي الْخَوْفِ، فَصَفَّهُمْ خَلْفَهُ صَفَّيْنِ فَصَلَّى بِالَّذِينَ يَلُونَهُ رَكْعَةً ثُمَّ قَامَ فَلَمْ يَزَلْ قَائِمًا حَتَّى صَلَّى الَّذِينَ خَلْفَهُ رَكْعَةً ثُمَّ تَقَدَّمُوا وَتَأَخَّرَ الَّذِينَ كَانُوا قُدَّامَهُمْ فَصَلَّى بِهِمْ رَكْعَةً ثُمَّ قَعَدَ حَتَّى صَلَّى الَّذِينَ تَخَلَّفُوا رَكْعَةً ثُمَّ سَلَّمَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Әбу Хасма (р.а.) былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) сахабаларға қауіп намазын оқытты. Оларды артына екі сап етіп тұрғызды да, өзіне жақын тұрған сапқа бір рәкат оқытты. Содан соң ол орнынан тұрып, сол саптағылар тағы бір рәкатты өздері оқып болғанша түрегеп тұрды. Кейін артқы сап ілгері жылжып, алдыңғы сап кейін шегінді. Пайғамбар (с.а.с.) алға шыққан топқа бір рәкат оқытты да, олар қалған рәкатын өздері аяқтағанша отырды. Содан соң сәлем берді».1

  1. 1Бұхари, «Мағази», 31. Мүслим, «Салат әл-мусафирин», 309 (№ 841). Мәлик, «Муатта», «Салат әл-хауф», 1 (1/183). Тирмизи, «Салат», 398 (№ 565). Әбу Дәуіт, «Салат», 282 (№ 1237–1239). Нәсәи, «Салат әл-хауф», 1 (3/170–171).
2924
Кутуб ситтә, № 2924 · тараудағы реті: 2

وَفِي أُخْرَى لِمَالِكٍ: «صَلَاةُ الْخَوْفِ أَنْ يَقُومَ الْإِمَامُ وَمَعَهُ طَائِفَةٌ مِنْ أَصْحَابِهِ وَطَائِفَةٌ مُوَاجِهَةَ الْعَدُوِّ، فَيَرْكَعُ الْإِمَامُ رَكْعَةً وَيَسْجُدُ بِالَّذِينَ مَعَهُ، ثُمَّ يَقُومُ فَإِذَا اسْتَوَى قَائِمًا ثَبَتَ وَأَتَمُّوا لِأَنْفُسِهِمُ الرَّكْعَةَ الْبَاقِيَةَ ثُمَّ يُسَلِّمُونَ وَيَنْصَرِفُونَ وَالْإِمَامُ قَائِمٌ فَيَكُونُونَ وِجَاهَ الْعَدُوِّ ثُمَّ يُقْبِلُ الْآخَرُونَ الَّذِينَ لَمْ يُصَلُّوا فَيُكَبِّرُونَ وَرَاءَ الْإِمَامِ فَيَرْكَعُ بِهِمْ رَكْعَةً وَيَسْجُدُ ثُمَّ يُسَلِّمُ فَيَقُومُونَ فَيَرْكَعُونَ لِأَنْفُسِهِمُ الرَّكْعَةَ الْبَاقِيَةَ ثُمَّ يُسَلِّمُونَ».

Қазақша аудармасы

Мәликтің «Муаттадағы» басқа риуаятында былай делінеді: «Қауіп намазы былай оқылады. Имаммен бірге бір топ намазға тұрады. Екінші топ дұшпанға қарама-қарсы тұрады. Имам өзіне ұйығандарға бір рәкат оқытып, рукуғ пен сәжде жасайды. Содан соң орнынан тұрып, түрегеп тұра береді. Бірінші топ қалған рәкатын өзі оқып, сәлем береді. Имам әлі түрегеп тұрғанда, олар дұшпанға қарсы шептегі орындарына кетеді. Намаз оқымаған топ келіп, имамның артында тәкбір айтып ұйиды. Имам оларға бір рәкат оқытып, сәжде жасайды, содан соң сәлем береді. Екінші топ түрегеп, қалған рәкатын оқиды да, сәлем береді».1

Түсіндірме

1. Қауіп төнгенде парыз намаздың оқылу тәсілі жағдайға қарай өзгеретінін және оның себебін жоғарыда айттық. Бұл риуаятта екі рәкат намаздың оқылуы баяндалған.

Мұны екі рәкат намаздың үлгісі деп түсіну керек. Тұрғылықты жерде парыз намаз екі, үш немесе төрт рәкат болуы мүмкін. Соған қарай жоғарыда көрсетілген тәртіп қолданылады.

2. Ибн Аббастан жеткен риуаятта қауіптің намаз рәкатына да ықпалы бары және мұндайда намаздың бір рәкат оқылатыны айтылады: «Алла тағала Пайғамбарымыз (с.а.с.) арқылы намазды тұрғылықты кезде төрт, сапарда екі, қауіп төнгенде бір рәкат етіп парыз қылды».2 Табиғиндерден Даххак, Мужаһид, Ата, Қатада, сондай-ақ Исхақ ибн Раһуия осы пікірді ұстанған.

Ғалымдардың көпшілігінің пікірінше, соғыс намаздың рәкат санына әсер етпейді, намазды бір рәкат етіп оқуға рұқсат жоқ. Намаз сапарда қысқартылады, ал соғыс оның жамағатпен оқылу тәртібіне әсер етеді. Әбу Ханифа, Шафиғи, Мәлик, Сәури, Нахағи, Ибн Омар секілді бірқатар сәлаф ғалымы осылай үкім берген.

«Муаттадағы» риуаятта намаздың оқылу тәртібі жоғарыда берілген үлгіден өзгеше сипатталған. Бұл мәселені ғалымдар әртүрлі түсіндірген.

  1. 1Муатта, Салат-Хауф: 2, (1, 183).
  2. 2Мүслим, «Салат әл-мусафирин» (№ 687).
2925
Кутуб ситтә, № 2925 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Жәбир

وَعَنْ جَابِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا مَعَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِذَاتِ الرِّقَاعِ فَإِذَا أَتَيْنَا عَلَى شَجَرَةٍ ظَلِيلَةٍ تَرَكْنَاهَا لِلنَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. فَجَاءَ رَجُلٌ مِنَ الْمُشْرِكِينَ وَسَيْفُ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مُعَلَّقٌ بِالشَّجَرَةِ. فَاخْتَرَطَهُ فَقَالَ: تَخَافُنِي؟ فَقَالَ: لَا. قَالَ: فَمَنْ يَمْنَعُكَ مِنِّي؟ قَالَ: اللَّهُ. فَتَهَدَّدَهُ أَصْحَابُ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. وَأُقِيمَتِ الصَّلَاةُ فَصَلَّى بِطَائِفَةٍ رَكْعَتَيْنِ ثُمَّ تَأَخَّرُوا وَصَلَّى بِالطَّائِفَةِ الْأُخْرَى رَكْعَتَيْنِ. فَكَانَ لِلنَّبِىِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَرْبَعٌ وَلِلْقَوْمِ رَكْعَتَانِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ. «اخْتَرَطَ السَّيْفَ» إِذَا اسْتَلَّهُ مِنْ غِمْدِهِ.

Қазақша аудармасы

Жәбир (р.а.) былай дейді: «Затур-Риқағ жорығында Алла елшісімен (с.а.с.) бірге болдық. Көлеңкесі қалың ағашқа кезіккенімізде, оның саясын Пайғамбарға (с.а.с.) қалдырдық. Қылышы ағашқа ілулі еді. Мүшріктердің бірі келіп, қылышты қынабынан суырып алды да:

– Менен қорқасың ба? – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.):

– Жоқ, – деді.

– Сені менен кім қорғайды? – деді әлгі адам.

Пайғамбар (с.а.с.):

– Алла, – деп жауап берді. Сахабалар әлгі адамға сес көрсетті. Содан соң қамат айтылды. Алла елшісі (с.а.с.) бір топқа екі рәкат оқытты. Олар кейін шегінгенде, екінші топқа да екі рәкат оқытты. Осылайша, Пайғамбар (с.а.с.) төрт рәкат, жамағат екі рәкаттан оқыды»1. «Қылышты ихтират ету» деген – оны қынабынан суырып алу.

Түсіндірме

1. Бұл жорықтың қай жылы болғаны жайында пікір алшақтығы бар. Һижраның төртінші немесе бесінші жылында болған деушілер бар. Бұхари жорық Хайбар алынғаннан кейін болды деп санаған. Бәйһақи бұл атау екі бөлек жорыққа берілген деген. Ибн әл-Әсир «Әл-Кәмил» еңбегінде оны һижраның төртінші жылғы оқиғалары қатарында атайды. Егер жорық Хайбардан кейін болса, һижраның жетінші жылы болғаны.

2. «Затур-Риқағ» атауының шығу тегі туралы бірнеше жорамал бар. Оларға егжей-тегжейлі тоқталмаймыз. Жорықтар тарихын жазғандардың көпшілігі кей еңбекте «Мухариб жорығы» аталған оқиғаны осы жорық деп санаған.

3. Қауіп намазы алғаш рет қашан оқылғаны даулы. Көпшілік оның осы жорықта оқылғанын айтады.

4. Хадис бірнеше жолмен жеткен. Кей нұсқасында мұнда кездеспейтін мәліметтер бар:

1) Алла елшісіне (с.а.с.) қылыш кезеген адам Мухариб тайпасының батыл басшысы Ғаурас ибн Харис еді.

2) Бұхаридің кей риуаяттарында оқиғаны толықтыратын сөздер бар. Жәбир (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) Нәждке жорыққа шықтық. Ол жорықтан қайтқанда, мен де онымен бірге қайттым. Үлкен ағаштары көп жазықта түс аптабына тап болдық. Алла елшісі (с.а.с.) аялдап, әскер ағаштардың саясына тарады. Ол самура ағашының түбіне түсіп, қылышын ағашқа ілді.

Біз сәл мызғып алдық. Алла елшісі (с.а.с.) шақырған соң, жанына бардық. Қасында мүшрік бәдәуи отыр екен. Ол бізге: “Осы бәдәуи ұйықтап жатқанымда қылышымды қынабынан суырып алыпты. Оянсам, жалаң қылыш қолында екен. ‘Сені менен кім қорғайды?’ – деп сұрады. Мен: ‘Алла’, – дедім. Міне, сол адам алдымда отыр”, – деді».

3) Риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) бәдәуиді жазаламай босатқаны, Ғаурастың тайпасына қайтқан соң мұсылман болып, көптеген адамның мұсылман болуына себепкер болғаны айтылады.

  1. 1Бұхари, «Мағази», 31, 84, 87. Мүслим, «Салат әл-мусафирин», 307–311 (№ 840, 843). Нәсәи, «Салат әл-хауф», 1 (3/175–176, 178).
2926
Кутуб ситтә, № 2926 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ أَبِي عَيَّاشٍ الزُّرَقِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كُنَّا مَعَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِعُسْفَانَ وَعَلَى الْمُشْرِكِينَ خَالِدٌ بْنُ الْوَلِيدِ، فَصَلَّيْنَا الظُّهْرَ. فَقَالَ الْمُشْرِكُونَ: لَقَدْ أَصَبْنَا غَفْلَةً لَوْ كُنَّا حَمَلْنَا عَلَيْهِمْ وَهُمْ فِي الصَّلَاةِ؟ فَنَزَلَتْ آيَةُ الْقَصْرِ بَيْنَ الظُّهْرِ وَالْعَصْرِ. فَلَمَّا حَضَرَتِ الصَّلَاةُ قَامَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مُسْتَقْبِلَ الْقِبْلَةِ وَالْمُشْرِكُونَ أَمَامَهُ فَصَفَّ خَلْفَهُ صَفٌّ، وَصَفَّ بَعْدَ ذَلِكَ الصَّفِّ صَفٌّ آخَرُ. فَرَكَعَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَرَكَعُوا جَمِيعًا. وَسَجَدَ وَسَجَدَ مَعَهُ الصَّفُّ الَّذِي يَلِيهِ، ثُمَّ قَامَ الْآخَرُونَ يَحْرُسُونَهُمْ فَلَمَّا صَلَّى هَؤُلَاءِ السَّجْدَتَيْنِ وَقَامُوا سَجَدَ الْآخَرُونَ الَّذِينَ كَانُوا خَلْفَهُمْ، ثُمَّ تَأَخَّرَ الصَّفُّ الَّذِي يَلِيهِ إِلَى مَقَامِ الْآخَرِينَ، وَتَقَدَّمَ الصَّفُّ الْأخِيرُ إِلَى مَقَامِ الصَّفِّ الْأوَّلِ، ثُمَّ رَكَعَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَرَكَعُوا جَمِيعًا، ثُمَّ سَجَدَ وَسَجَدَ مَعَهُ الصَّفُّ الَّذِي يَلِيهِ وَقَامَ الْآخَرُونَ يَحْرُسُونَهُمْ، فَلَمَّا جَلَسَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَالصَّفُّ الَّذِي يَلِيهِ سَجَدَ الْآخَرُونَ ثُمَّ جَلَسُوا جَمِيعًا فَسَلَّمَ بِهِمْ جَمِيعًا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Айяш әз-Зурақи (р.а.) былай дейді: «Усфанда Пайғамбармен (с.а.с.) бірге едік. Мүшріктерді Халид ибн Уәлид бастап келген. Біз бесін намазын оқыдық. Мүшріктер: “Байқамай қалдық. Олар намазда тұрғанда шабуылдасақ болар еді”, – десті. Бесін мен екінтінің арасында намазды қысқарту аяты түсті. Екінті уақыты кіргенде Пайғамбар (с.а.с.) құбылаға қарап тұрды. Мүшріктер қарсы алдында тұрды. Оның артына бір сап, сол саптың артына тағы бір сап тізілді. Алла елшісі (с.а.с.) рукуғ жасағанда бәрі бірге рукуғ жасады. Ол сәждеге барғанда, өзіне жақын сап та сәждеге барды. Қалғандары күзетіп тұрды. Алдыңғы сап екі сәждесін жасап тұрған соң, артқы сап сәждеге барды. Содан соң алдыңғы сап артқа, артқы сап алға өтті. Алла елшісі (с.а.с.) тағы рукуғ жасады, бәрі онымен бірге рукуғ жасады. Ол сәждеге барғанда, өзіне жақын сап та сәжде жасады. Қалғандары оларды күзетіп тұрды. Ол және оған жақын сап отырғанда, артқы сап сәжде жасады. Содан соң бәрі отырып, ол барлығымен бірге сәлем берді».1

Түсіндірме

1. Усфан – Меккеден екі мәрхала жерде орналасқан мекен. Алла елшісі (с.а.с.) ол жаққа һижраның алтыншы жылының басында жорыққа барған.

2. Намазды қысқарту туралы осы аят қауіп намазына қатысты.

3. Бұл риуаяттағы қауіп намазында жамағат екі топқа бөлінген. Намаздың рүкіндерін, сәждеден басқасын, бірге орындап, соңында бірге сәлем берген. Бір топ сәждеде болғанда, екіншісі күзетте тұрған. Бұл үлгі жоғарыда келтірілген ханафи мәзһабының тәртібінен өзгеше. Хаттаби мұның себебін былай түсіндіреді: «Қауіп намазының бірнеше үлгісі бар. Алла елшісі (с.а.с.) оны әр күні әртүрлі жағдайда оқыған. Әр жағдайда қорғанысқа барынша қолайлы әрі намаз әдебіне барынша жақын тәсіл таңдалған. Сыртқы орындалуы өзгеше болғанымен, намаздың мәні мен рухы сақталған. Осы үлгі жау құбыла мен мұсылман әскерінің арасында тұрған кезде қолайлы. Жау құбыладан өзге жақта тұрған кезде Алла елшісі (с.а.с.) сарбаздарға намазды Затур-Риқағтағыдай оқытқан».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 281 (№ 1236). Нәсәи, «Салат әл-хауф», 1 (3/176–177).
2927
Кутуб ситтә, № 2927 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Омар

وَعَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «صَلَّى النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ صَلَاةَ الْخَوْفِ بِإِحْدَى الطَّائِفَتَيْنِ رَكْعَةً وَاحِدَةً وَالطَّائِفَةُ الْأُخْرَى مُوَاجِهَةَ الْعَدُوِّ، ثُمَّ انْصَرَفُوا وَقَامُوا فِي مَقَامِ أَصْحَابِهِمْ مُقْبِلِينَ عَلَى الْعَدُوِّ، وَجَاءَ أُولَئِكَ فَصَلَّى بِهِمْ رَكْعَةً، ثُمَّ قَضَى هَؤُلَاءِ رَكْعَةً وَهَؤُلَاءِ رَكْعَةً». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) бір топқа қауіп намазының бір рәкатын оқытты. Екінші топ дұшпанға қарсы тұрды. Намаз оқыған топ барып, дұшпанға қарсы тұрған жолдастарының орнын басты. Жолдастары келіп, Пайғамбарға (с.а.с.) ұйыды. Ол оларға да бір рәкат оқытты. Содан соң әр топ қалған бір рәкатын өзі оқып толықтырды».1

  1. 1Бұхари, «Салат әл-хауф», 2, «Мағази», 31, «Тәпсір», «Бақара», 44. Мүслим, «Салат әл-мусафирин» (№ 839). Мәлик, «Муатта», «Салат әл-хауф», 3 (1/184). Әбу Дәуіт, «Салат», 285 (№ 1243). Тирмизи, «Салат», 398 (№ 564). Нәсәи, «Салат әл-хауф», 1 (3/171–173).
2928
Кутуб ситтә, № 2928 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَزَلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بَيْنَ ضَجْنَانَ وَعُسْفَانَ مُحَاصِرَ الْمُشْرِكِينَ. فَقَالَ الْمُشْرِكُونَ: إِنَّ لِهَؤُلَاءِ صَلَاةً هِيَ أَحَبُّ إِلَيْهِمْ مِنْ أَبْنَائِهِمْ وَأَبْكَارِهِمْ وَهِيَ الْعَصْرُ فَأَجْمِعُوا أَمْرَكُمْ فَمِيلُوا عَلَيْهِمْ مَيْلَةً وَاحِدَةً، وَإِنَّ جِبْرِيلَ عَلَيْهِ السَّلَامُ أَتَى النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَأَمَرَهُ أَنْ يَقْسِمَ أَصْحَابَهُ نِصْفَيْنِ فَيُصَلِّيَ بِطَائِفَةٍ مِنْهُمْ وَتَقُومُ طَائِفَةٌ أُخْرَى وَرَاءَهُمْ، وَلْيَأْخُذُوا حِذْرَهُمْ وَأَسْلِحَتَهُمْ فَيُصَلِّيَ بِهِمْ رَكْعَةً. ثُمَّ يَتَأَخَّرُ هَؤُلَاءِ وَيَتَقَدَّمُ أُولَئِكَ فَيُصَلِّيَ بِهِمْ رَكْعَةً فَتَكُونُ لَهُمْ مَعَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَكْعَةٌ رَكْعَةٌ وَلِلنَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَكْعَتَانِ». أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ وَاللَّفْظُ لِغَيْرِ التِّرْمِذِيِّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Дажнан мен Усфанның арасына түсіп, мүшріктерді қоршады. Олар: “Бұлардың ұлдары мен қыздарынан да артық көретін бір намазы бар. Ол – екінті. Дайындалыңдар, бәріміз бір мезетте оларға тап берейік”, – десті. Жәбірейіл (а.с.) Пайғамбарға (с.а.с.) келіп, сахабаларды екіге бөлуді бұйырды. Бір топ намазға тұрғанда, екіншісі артта тұрып, сақтық жасап, қаруларын ұстауға тиіс болды. Пайғамбар (с.а.с.) бірінші топқа бір рәкат оқытқан соң, олар кейін шегініп, екінші топ алға шықты. Ол екінші топқа да бір рәкат оқытты. Осылайша, әр топ Пайғамбармен (с.а.с.) бірге бір рәкаттан, ал Пайғамбар (с.а.с.) екі рәкат оқыды».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Салат», 284 (№ 1240, 1241). Тирмизи, «Тәпсір», «Ниса» (№ 3035). Нәсәи, «Салат әл-хауф», 1 (№ 1544, 3/173–174).
2929
Кутуб ситтә, № 2929 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ أُنَيْسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بَعَثَنِي رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَى خَالِدِ بْنِ سُفْيَانَ الْهُذَلِيِّ، وَكَانَ نَحْوَ عُرَنَةَ وَعَرَفَاتٍ. فَقَالَ: اذْهَبْ فَاقْتُلْهُ. فَرَأَيْتُهُ وَحَضَرَتْ صَلَاةُ الْعَصْرِ. فَقُلْتُ: إِنِّي لَأَخَافُ أَنْ يَكُونَ بَيْنِي وَبَيْنَهُ مَا إِنْ أُؤَخِّرُ الصَّلَاةَ. فَانْطَلَقْتُ أَمْشِي وَأَنَا أُصَلِّي أُومِئُ إِيمَاءً نَحْوَهُ. فَلَمَّا دَنَوْتُ مِنْهُ قَالَ: مَنْ أَنْتَ؟ قُلْتُ: رَجُلٌ مِنَ الْعَرَبِ بَلَغَنِي أَنَّكَ تَجْمَعُ لِهَذَا الرَّجُلِ فَجِئْتُكَ فِي ذَلِكَ. فَقَالَ: إِنِّي لَفِي ذَلِكَ. فَمَشَيْتُ مَعَهُ سَاعَةً حَتَّى إِذَا أَمْكَنَنِي عَلَوْتُهُ بِالسَّيْفِ حَتَّى بَرَدَ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Унәйс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) мені Халид ибн Суфиян әл-Һузәлиге жіберді. Ол Урана мен Арафат маңында еді. Маған: “Барып, оны өлтір”, – деді. Оны көргенде екінті намазының уақыты кірген еді. “Арамызда бір оқиға болып, намазымды кешіктіріп алармын”, – деп ойладым. Оған қарай жүріп бара жатып, намазымды ишарамен оқыдым. Жақындағанымда, ол:

– Сен кімсің? – деді.

– Арабтың бірімін. Осы кісіге қарсы әскер жинап жатқаныңды естіп, сол ісіңе қосылайын деп келдім, – дедім. Ол:

– Иә, сол іспен айналысып жүрмін, – деді. Біраз уақыт онымен бірге жүрдім. Реті келгенде, оны қылышпен ұрып өлтірдім».1

Түсіндірме

Бұл хадис қатер төнгенде намазды ишарамен оқуға болатынына дәлел. Ғалымдар бұл дәлелге күмән келтірмеген. Абдулла ибн Унәйс мұны Алла елшісінің (с.а.с.) көзі тірісінде, уахи түсіп тұрған кезде істеген. Оның бұл ісі Пайғамбарға (с.а.с.) мәлім болған. Дінге қайшы болса, ол мұны түзетер еді. Бұл амалды теріске шығаратын хадис кездеспейді. Сахабаның ісі мәрфуғ хадиске қайшы келмесе, шариғатта дәлел саналады.

Ибн әл-Мунзир: «Хадисті Абдулла ибн Унәйстен жеткізген рауи “Дұшпаннан қашқан кісі көлік үстінде намазын ишарамен оқи алады” деген», – дейді.

Шафиғи: «Қуғыншы жолдастарынан алыстап, қуған жауының кері бұрылып келуінен қауіптенсе, намазын ишарамен оқиды», – деген. Осылайша ол қуғыншы мен қашқан адамның үкімін ажыратқан. Қашқан адам басына қатер төнгеннен қорқады, ал қуғыншы дұшпанының қашып кетуінен қауіптенеді. Ибн Хажар Ибн әл-Мунзир жеткізген пікірге Әузағидің сөзі қарсы дәлел ретінде айтылғанын жазады. Әузағи: «Намазды ишарамен оқуға қауіп күшейгенде рұқсат беріледі», – деген. Ол қуғыншы мен қашқан адамды ажыратпаған. Мәликилерден Ибн Хабиб те осы пікірді ұстанған. Әбу Исхақ әл-Фәзари «Китаб әс-сүнән» еңбегінде Әузағидің мына сөзін келтіреді: «Қуғыншылар аттан түскен кезде дұшпанды қашырып алудан қорықса, қандай күйде болса да намазын оқиды».

Пікір алшақтығы аяттағы «қауіп» ұғымын түсіндіруден туған. Мұны «жау жанға не малға зиян келтіреді деп қорқу» деп түсіндіргендер қуғыншы мен қашқан адамның үкімін ажыратады. Аятты жалпылама түсіндіргендер екеуіне де бір үкім қолданады.

Қауіп төнгенде бұл жеңілдік жаяу адамға да, көлік үстіндегі адамға да қатысты.

Айни бұл мәселе жөніндегі фақиһтардың пікірін былай түйіндейді:

• Әбу Ханифаның пікірінше, қашып келе жатқан адам жүріп бара жатып намаз оқи алады. Ал біреуді қуып келе жатқан адамға бұлай намаз оқуға болмайды.

• Имам Мәлик пен оның бір топ шәкірті екеуіне де көлік үстінде намаз оқуға рұқсат берген.

• Әузағи мен Шафиғи қуғыншыға қатысты Әбу Ханифамен бір пікірде болған. Ата, Хасан, Сәури, Ахмад және Әбу Сәур да осылай деген.

Шафиғиден мына пікір де жеткен: «Қуғыншы дұшпанның қашып кетуінен қауіптенсе, намазын ишарамен оқиды. Қауіптенбесе, бұлай оқуына болмайды».

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 289, (1249).