Хадис

Сапарда оқылатын нәпіл намаздар

Кутуб ситтә, 7-том, 396-тарау · 4 хадис · № 2919–2922

Хадистер

2919
Кутуб ситтә, № 2919 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «صَحِبْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَلَمْ أَرَهُ يُسَبِّحُ فِي السَّفَرِ، وَقَالَ اللَّهُ تَعَالَى: لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ. وَقَالَ ابْنُ عُمَرَ: لَوْ كُنْتُ مُسَبِّحًا لَأَتْمَمْتُ صَلَاتِي». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) сапарда бірге болдым. Оның сапарда нәпіл оқығанын көрмедім. Алла Тағала ﴿لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِمَنْ كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الْآخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيرًا﴾ “Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақырет күніне бар үмітін артқан һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін теңдессіз үлгі-өнеге бар.”1 деп айтқан». Ибн Омар: «Егер нәпіл оқысам, парызымды толық оқыр едім», – деді.2

Түсіндірме

1. Риуаяттан сүннетті берік ұстанған Абдулла ибн Омардың (р.а.) сапарда парыздан бұрын да, кейін де нәпіл намаз оқымағанын көреміз. Өйткені ол Алла елшісінің (с.а.с.) сапарда бұлай істегенін көрмеген. Ибн Омар осы мәселеде сүннетке еру керегін аятпен негіздеген.

2. Әбу Дәуіттің нұсқасында Ибн Омар Алла елшісімен (с.а.с.) он сегіз рет сапарға шыққанын айтады. Ол ізгі халифалардың үшеуімен – Әбу Бәкір, Омар және Османмен (р.а.) – де сапарда болып, олардың екі рәкаттан артық оқымағанын жеткізеді.

3. Нәуәуи Ибн Омардың (р.а.) «Егер нәпіл оқысам, парызымды толық оқыр едім» деген сөзін былай түсіндіреді: «Егер нәпіл оқуды жөн көрсем, парызды төрт рәкат етіп толық оқуды одан да артық көрер едім. Алайда екеуін де құптамаймын. Сапарда парызды қысқартып оқып, нәпілді оқымау – сүннет».

Мұндағы нәпіл – парыз намаздардың алдында не соңында оқылатын рәуатиб намаздар. Ал белгілі бір парызға байланысты емес мутлақ нәпілдерді Ибн Омардың сапарда оқығаны риуаят етілген. Мұндай нәпілдің сапарда мұстахаб екеніне ғалымдар келіскен. Рәуатиб нәпілдерге келгенде олардың пікірі әртүрлі. Ибн Омар мен бірқатар ғалым сапарда оларды оқымаған. Шафиғилер мен ғалымдардың көпшілігі мұны мұстахаб деп санайды.

  1. 1«Ахзаб» сүресі, 21-аят.
  2. 2Бұхари, Тақсиру әс-Салат: 11; Мүслим, Мусафирин: 9, (689); Муатта, Қасру әс-Салат: 22, (1, 150); Әбу Дәуіт, Салат: 276, (1223); Тирмизи, Салат: 391, Нәсәи, Тақсиру әс-Салат: 5, (3, 122, 123).
2920
Кутуб ситтә, № 2920 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Бәра

وَعَنِ الْبَرَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «صَحِبْتُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ثَمَانِيَةَ عَشَرَ سَفَرًا فَمَا رَأَيْتُهُ تَرَكَ رَكْعَتَيْنِ إِذَا زَاغَتِ الشَّمْسُ قَبْلَ الظُّهْرِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Бәра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) он сегіз сапарда бірге болдым. Күн төбеден ауған соң бесіннің парызынан бұрын оқылатын екі рәкатты қалдырғанын көрмедім».1

Түсіндірме

Күн төбеден ауғанда оқылған екі рәкат дәрет алғаннан кейін оқылатын шүкір намазы немесе бесіннің екі рәкат сүннеті болуы мүмкін делінген. Соңғы түсіндірмеге сай, хадис сапарда рәуатиб намаздарды оқуға болады дегендерге дәлел. Ибн Хажар «Алла елшісі (с.а.с.) сапарда таң намазының сүннетінен өзге сүннет намаз оқымаған» деген пікірді ұстанғандарға Бәраның (р.а.) осы риуаятын қарсы дәлел ретінде келтірген.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат: 276, (1222); Тирмизи, Салат: 393, (550).
2921
Кутуб ситтә, № 2921 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ نَافِعٍ قَالَ: «كَانَ ابْنُ عُمَرَ يَرَى وَلَدَهُ عُبَيْدَ اللَّهِ يَتَنَفَّلُ فِي السَّفَرِ فَلَا يُنْكِرُ عَلَيْهِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Нафиғ былай дейді: «Ибн Омар (р.а.) ұлы Убайдулланың сапарда нәпіл намаз оқығанын көрсе де, оған қарсылық білдірмейтін».1

Түсіндірме

Ибн Омар (р.а.) сапарда рәуатиб намаздарды оқымауды ұстанғанымен, ұлы Убайдулланың нәпіл оқуына қарсылық білдірмеген. Әбул-Уәлид әл-Бажи мұны екі түрлі түсіндіреді:

1) Ибн Омар ұлының түнде нәпіл оқығанын көрген болуы мүмкін. Бұл оның өз ұстанымына сай болғандықтан, ұлына ескерту жасамаған.

2) Ұлы нәпілді күндіз оқыған да болуы мүмкін. Бұл мәселеде өзімен келіспейтіндер көп болғандықтан, Ибн Омар оны тоқтатпаған. Осы екінші болжам қисындырақ.

  1. 1Муатта, Қасрус-Салат: 24, (1, 150).
2922
Кутуб ситтә, № 2922 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Айша

وَعَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «اعْتَمَرْتُ مَعَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنَ الْمَدِينَةِ حَتَّى إِذَا قَدِمْتُ مَكَّةَ قُلْتُ: بِأَبِي أَنْتَ وَأُمِّي يَا رَسُولَ اللَّهِ، قَصَرْتَ وَأَتْمَمْتُ وَأَفْطَرْتَ وَصُمْتُ؟ قَالَ: أَحْسَنْتِ يَا عَائِشَةُ وَمَا عَابَ عَلَيَّ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге ұмра өтеу үшін Мәдинадан Меккеге бардым. Меккеге жеткенде: “Уа, Алла елшісі! Әкем де, анам да сізге пида болсын! Сіз намазды қысқартып оқыдыңыз, мен толық оқыдым. Сіз ораза ұстамадыңыз, мен ұстадым”, – дедім. Ол: “Жақсы істедің, Айша”, – деді де, мені кінәламады».1

Түсіндірме

Бұл хадис сапарда намазды қысқартып оқудың уәжіп еместігіне дәлел ретінде келтірілген. Оның уәжіптігіне дәлел етілетін риуаяттар да бар.

  1. 1Нәсәи, Тақсиру әс-Салат: 4, (3, 122).