Хадис

Кутуб ситтә, № 2917

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
395. Сапарда екі намазды қосып оқу
Нөмірі
№ 2917 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 8
2917
Кутуб ситтә, № 2917 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Ибн Аббас

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «صَلَّى النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِالْمَدِينَةِ سَبْعًا وَثَمَانِيًا الظُّهْرَ وَالْعَصْرَ وَالْمَغْرِبَ وَالْعِشَاءَ. قَالَ أَيُّوبُ: لَعَلَّهُ فِي لَيْلَةٍ مَطِيرَةٍ؟ قَالَ عَسَى». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ. وَزَادَ فِي رِوَايَةِ الشَّيْخَيْنِ: «قِيلَ لِلرَّاوِي عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ أَظُنُّهُ أَخَّرَ الظُّهْرَ وَعَجَّلَ الْعَصْرَ وَأخَّرَ الْمَغْرِبَ وَعَجَّلَ الْعِشَاءَ. قَالَ: وَأَنَا أظُنُّ ذَلِكَ».

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинада жеті және сегіз рәкат етіп, ақшам мен құптанды, бесін мен екінтіні қосып оқыды». Әйюб әс-Сахтияни: «Бәлкім, жаңбырлы түн болған шығар?» – дегенде, Әбу әш-Шағса: «Мүмкін», – деп жауап берді.1

«Сахихайндағы» нұсқада мына сөздер қосылған: «Ибн Аббастан жеткізген рауиден: “Бесінді кешіктіріп, екінтіні ертерек, ақшамды кешіктіріп, құптанды ертерек оқыған шығар деп ойлаймын. Сен не дейсің?” – деп сұрады. Ол: “Мен де солай ойлаймын”, – деді».

Түсіндірме

1. Жеті және сегіз рәкаттың мәні мынадай:

• Сегіз рәкат – бесіннің төрт және екінтінің төрт рәкат парызы.

• Жеті рәкат – ақшамның үш және құптанның төрт рәкат парызы.

2. Хадистің соңында бесін мен екінтінің, ақшам мен құптанның қалай қосылып оқылғаны түсіндіріледі. Алғашқы намаз өз уақытының соңына шегеріледі де, екіншісі уақыты кіре сала оқылады. Бесіннің соңы мен екінтінің басы, сол сияқты ақшамның соңы мен құптанның басы іргелес жатады.2 Осы тұрғыдан алғанда, жоғарыда айтылған Әбу Ханифаның пікірі орынды. Шафиғидің түсіндірмесінде екі намаздың уақытын біріктіріп оқу көзделеді.

3. Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинада екі намазды үзірлі жағдайда қосып оқыған болуы мүмкін. Кейбіреулер сол күні жаңбыр жауғанын айтқан. Келесі риуаятта Имам Мәлик осы болжамды алға тартады. Кей ғалымдар Пайғамбарымыз (с.а.с.) сырқат болған шығар деген. Ибн Хажар мұны әлсіз болжам деп санайды. Өйткені сырқат болғанда, Алла елшісі (с.а.с.) сау адамдарға намаздарын әдеттегіше оқуды бұйырар еді. Ибн Хажар тағы бір болжамды келтіреді: «Күн бұлтты болып, Алла елшісі (с.а.с.) бесінді оқыған соң бұлт сейілген. Екінтінің уақыты кіріп кеткені сонда мәлім болып, екінтіні бірден оқыған». Нәуәуи: «Бұл қисынсыз. Бесін мен екінтіде осылай болуы мүмкін дегеннің өзінде, ақшам мен құптанда бұлай болмайды», – дейді. Ибн Хажардың айтуынша, бұрынғы және кейінгі ғұламалардың көпшілігі қосып оқуды бірінші намазды өз уақытының соңына шегеріп, екінші намазды өз уақытының басында оқумен түсіндірген. Риуаятты жеткізушілердің өздері де осы пікірді айтқан.

  1. 1Бұхари, Мәуақит 12, Тәһәжжуд: 30; Мүслим, Мусафирин: 49, (705); Әбу Дәуіт, Салат: 274, (1210, 1211, 1214); Тирмизи, Салат: 138, (187); Нәсәи, Мәуақит: 47, (1, 290).
  2. 2Имам Шафиғиден «Бесін мен екінтінің арасында екі намаздың да уақытына жатпайтын аралық бар» деген сөз риуаят етілген. Ибн Хажар оны теріске шығарып: «Шафиғи мәзһабының кітаптарында мұндай сөз жоқ. Одан ауызша жеткен пікірге қарағанда, бесіннің соңғы уақыты екінтінің алғашқы уақытына жалғасады», – деген.