وَفِي رِوَايَةٍ: «إِذَا كَانَ عَجِلَ عَلَيْهِ السَّيْرُ يُؤَخِّرُ الظُّهْرَ إِلَى وَقْتِ الْعَصْرِ وَيَجْمَعُ بَيْنَهُمَا وَيُؤَخِّرُ الْمَغْرِبَ حَتَّى يَجْمَعَ بَيْنَهَا وَبَيْنَ الْعِشَاءِ حِينَ يَغِيبُ الشَّفَقُ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.
Бір риуаятта былай делінген: «Жолда асығу керек болса, бесінді екінті уақытына дейін кешіктіріп, екеуін қосып оқитын. Сол сияқты ақшамды кешіктіріп, көкжиектегі шапақ сөнгенде құптанмен қосып оқитын».1
Түсіндірме
1. Әнәстен (р.а.) екі нұсқада жеткен риуаятқа қарағанда, Алла елшісі (с.а.с.) сапарда бесінді кешіктіріп, екінті уақытында екеуін бірге оқыған. Бірінші нұсқада мұны бесіннің уақыты кірмей жолға шыққанда, екіншісінде жолда асыққанда істегені айтылады.
Бесінді кешіктіріп екінтімен немесе ақшамды кешіктіріп құптанмен қосып оқу «жамғ таһир» деп аталады. Имам Шафиғи сапарда осы риуаятты негізге алған. Әбу Ханифа мұны ақшамды өз уақытының соңында, құптанды өз уақыты кірген бойда оқу деп түсіндірген. Оның пікірінше, әр намаз өз уақытында оқылады.
2. Бұл хадистер екі намазды екіншісінің уақытында қосып оқуға болатынын көрсетеді. Ғалымдардың бір тобы осыған сүйеніп, «жамғ тақдимді», яғни екі намазды біріншісінің уақытында қосып оқуды құптамаған. Алайда Ибн Раһуия келтірген бір риуаятта: «Алла елшісі (с.а.с.) күн төбеден ауған кезде жолға шығатын болса, бесін мен екінтіні бесін уақытында қосып оқып алып, содан соң жолға шығатын», – делінген. Ибн Хажар осы мәселені зерттегенде, Тирмизи, Әбу Дәуіт, Ахмад ибн Ханбал және Ибн Хиббан Муаз ибн Жәбәлдан келтірген риуаяттарды, сондай-ақ Ахмад ибн Ханбал мен Әбу Дәуіт (тағлиқ түрінде) Ибн Аббастан келтірген риуаяттарды атайды. Ірі мұхаддистер бұл риуаяттарды әлсіз санағандықтан, оларды негізге алмаған.
Сапарда намаздарды қосып оқу туралы риуаяттар көп әрі олардың мазмұны мен түсіндірмелері әртүрлі. Сондықтан ғұламалар мынадай пікірлер айтқан:
1) Кейбір имамдар сапарда бесін мен екінтіні, сол сияқты ақшам мен құптанды екеуінің бірінің уақытында қосып оқуға болады деген. Мұны Әли, Сағд ибн Әбу Уаққас, Муаз ибн Жәбәл, Әбу Мұса әл-Ашғари (р.а.) және басқа сахабалардан жеткен риуаяттар растайды. Табиғиндер мен олардан кейінгі буыннан Ата, Таус, Мужаһид, Сәури және басқалар, сондай-ақ Имам Шафиғи, Ахмад ибн Ханбал мен Исхақ осы пікірде болған. Алайда Ибн Хажар Шафиғидің «Намаздарды бөлек оқыған абзал» дегенін, ал Имам Мәликтің бір риуаятта қосып оқуды мәкрүһ санағанын айтады.
2) Әузағи екі намазды қосып оқуға үзірі бар кісіге рұқсат берілетінін айтқан.
3) Имам Мәлик екі намазды тек асығыс сапарда қосып оқуға болады деген. Сахабалардан Абдулла ибн Омар мен Усама ибн Зәйд (р.а.) те осы пікірде болған.
4) Мәликилерден Ибн Хабиб екі намазды сапарға шығарда қосып оқуға рұқсат берген.
5) Имам Мәликтен екі намазды қосып оқу мәкрүһ деген пікір де жеткен.
6) Ибн Хазм «жамғ таһирге», яғни екі намазды екіншісінің уақытында қосып оқуға рұқсат беріп, «жамғ тақдимге» рұқсат бермеген. Имам Ахмад пен Мәликтен де осы пікір риуаят етілген.
7) Ханафи ғұламалары: «Сапарда екі намазды қосып оқуға болмайды. Қажылықта Арафатта бесін мен екінті бесіннің уақытында қосылып оқылады. Бұл – жамғ тақдим. Мұздалифада ақшам кешіктіріліп, құптанның уақытында онымен бірге оқылады. Бұл – жамғ таһир», – деген. Осы пікір Абдулла ибн Мәсғуд, Сағд ибн Әбу Уаққас және Абдулла ибн Омар (р.а.) сияқты сахабалардан да жеткен. Сәлафтардан Хасан Басри, Ибн Сирин, Ибраһим Нахағи және Әсуад осылай деген. Имам Мәлик те бір риуаятта осы пікірді таңдаған.
Ханафи мәзһабы сүйенген Ибн Мәсғуд пен Ибн Аббастың (р.а.) риуаяттары төменде берілген (№ 2914 және № 2916).
8) Фақиһтар намазды қосып оқу туралы Ибн Аббастың тағы бір риуаятын амалға негіз етпеген. Онда Алла елшісінің (с.а.с.) тұрғылықты кезінде, белгілі бір себепсіз екі намазды қосып оқығаны айтылады. Ол – осы тараудың соңындағы № 2918 хадис.
- 1Бұхари, «Тақсир әс-салат», 15–16. Мүслим, «Салат әл-мусафирин», 46 (№ 704). Әбу Дәуіт, «Салат», 274 (№ 1218, 1219). Нәсәи, «Мәуақит», 42 (1/284–285).