وَعَنْ مُعَاذٍ بْنِ أَنْسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «نَهَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَنِ الْحَبْوَةِ يَوْمَ الْجُمُعَةِ وَالْإِمَامُ يَخْطُبُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Муаз ибн Әнәс (р.а.): «Алла елшісі (с.а.с.) жұма күні имам құтба айтып жатқанда тізені құшақтап отыруға тыйым салды»1, – дейді.
Түсіндірме
1. Тізені құшақтап отыру дегеніміз – кісінің жерге отырып, екі тізесін бүгіп кеудесіне тартуы, қолымен не киімімен қапсыра ұстауы. Хаттабидің түсіндіруінше, құтба кезінде бұлай отыру ұйқы шақырып, дәреттің бұзылуына себеп болуы мүмкін.
Кей риуаятта жұма күні не құтба үстінде деп шектелмей, жалпы тыйым айтылған. Өйткені үстіне бір ғана киім киген кісінің бұлай отырғанда әурет жері ашылып қалуы мүмкін.
2. Жұма күні тізені құшақтап отырудың мәкрүһтігі жөнінде ғалымдардың пікірі әртүрлі. Әбу Дәуіт Убада ибн Нусәйдің мұны мәкрүһ санағанын жеткізген. Сондай-ақ Ибн Омардың (р.анһума) имам құтба айтқанда тізесін құшақтап отырғанын жазған. Әнәс ибн Мәлик, Шурайх, Сағид ибн әл-Мүсәйяб, Ибраһим Нәһәи, Мәкхул және басқа ғалымдар бұған рұқсат берген. Ибн Әбу Шәйба «Мұсаннафында» Мәкхул, Ата және Хасан Басридің мұны мәкрүһ санамай, құтба кезінде солай отырғанын жеткізген.
Әбу Дәуіт тізені құшақтап отыруға тыйым салған хадисті дәйекті деп санамағанға ұқсайды. Дәйекті санаған күннің өзінде, оның үкімі жойылған деп қарауы мүмкін. Өйткені ол бұлай отыруға тыйым салған және рұқсат берген риуаяттарды қатар келтірген.
Кейбір ғалымдар тізені құшақтап отыру ұйқы шақыратындықтан, құтба кезінде оны мәкрүһ санап, бой тартқан абзал деген.
- 1Әбу Дәуіт, Намаз: 234, (1110); Тирмизи, Намаз: 370, (514).