وَعَنِ السَّائِبِ بْنِ يَزِيدَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ النِّدَاءُ يَوْمَ الْجُمُعَةِ أَوَّلُهُ إِذَا جَلَسَ الْإِمَامُ عَلَى الْمِنْبَرِ عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَأَبِي بَكْرٍ وَعُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا. فَلَمَّا كَانَ عُثْمَانُ وَكَثُرَ النَّاسُ زَادَ النِّدَاءَ الثَّالِثَ عَلَى الزَّوْرَاءِ. فَثَبَتَ الْأَمْرُ عَلَى ذَلِكَ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا مُسْلِمًا.
Саиб ибн Язид (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.), Әбу Бәкір мен Омардың (р.анһума) тұсында жұманың алғашқы азаны имам мінберге отырғанда айтылатын. Османның (р.а.) халифалығы кезінде жұрт көбейді. Содан ол Мәдина базарындағы Зәура деген жерде үшінші азан айтқызды. Осы тәртіп орнығып қалды».1
Түсіндірме
1. Бұл төрт риуаят жұма намазының уақыты мен азанның айтылу тәртібін көрсетеді. № 2863 хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) жұма намазын күн батысқа ауа бастағанда оқығаны анық айтылған. Бұл – жұма намазының алғашқы уақыты. Күн тас төбеде тұрғанда намаз оқу мәкрүһ. Күн батысқа ауа бастаған мезгіл «зәуәл» деп аталады. Хадис жұма уақыты осы мезгілде басталатынын білдіреді. Ғалымдардың көпшілігі осы пікірді ұстанған. Ахмад ибн Ханбал жұманы күн ауғанға дейін де оқуға болады деген. Мужаһид жұманың да бір мейрам екенін ескеріп, оны айт намазының уақытында оқуға болады деп санаған. Ибн Қудамадан да осыған ұқсас пікір жеткен.
2. Демек, ғалымдардың көпшілігінің пікірінше, жұма намазының уақыты – бесін намазының уақыты. Бесін намазын да өзге намаздар секілді уақыты кірген бетте оқу маңызды (№ 2378). Ал күн аптап ыстықта оның беті қайтқанша кешіктіру абзал (№ 2393). № 2864 хадис ыстық күндері жұма намазының да бесін сияқты кешіктіріліп оқылғанын көрсетеді. Сәләмә ибн әл-Әкуаның риуаяты жұма намазының зәуәл мезгілінде, уақыты енді кіргенде де оқылғанын аңғартады. Сол шақта күн ауғандықтан қабырғаның аз ғана көлеңкесі түседі, бірақ ол саялауға жетпейді.
3. Соңғы риуаят жұма күні айтылған азандар туралы мәлімет береді. Хадистің өзге нұсқаларына қарағанда, Османның (р.а.) халифалығына дейін жұма күні бір азан, бір қамат айтылған. Нәсәиде Зуһриден жеткен риуаятта Біләлдің азанды Алла елшісі (с.а.с.) мінберге отырған кезде, қаматты құтбасын бітіріп, мінберден түскен кезде айтқаны жазылған. Уәкиғтің Ибн Әбу Зибтен жеткізген риуаятында Османның «бірінші азанды» айтқызғаны айтылады. Бұл екі мәлімет өзара үйлеседі. Осман намаз уақыты кіргенін Мәдина жұртына хабарлау үшін базардағы Зәурада тағы бір азан айтқызған. Ол жалпы саны жағынан үшінші болғанымен, айтылу реті жағынан бірінші болды.
4. «Осы тәртіп орнығып қалды» деген сөз жұма азанының қазіргі тәртібі Османның (р.а.) бұйрығымен бекігенін білдіреді. Уақыт кіргенде айтылатын бірінші азан өзге намаздардың азаны сияқты жұма уақытының кіргенін хабарлайды. Оны Осман айтқызған. Екінші азан имам мінберге шыққанда, құтбаның алдында, мешіт ішінде айтылады. Үшіншісі – имам құтбасын бітіріп, мінберден түскенде айтылатын қамат. Бұлардың бәрі жалпы мағынада азан деп аталады. Соңғы екеуі Алла елшісі (с.а.с.), Әбу Бәкір мен Омардың тұсында айтылған. Ал бірінші азанды осыдан кейін енгізілген деген мағынада бидғат деп атағандар да болған.
- 1Бұхари, Жұма: 21, 22, 24, 25; Әбу Дәуіт, Намаз: 225; Тирмизи, Намаз: 372, (516); Нәсәи, Жұма: 15, (3, 100, 101).