Хадис

Кутуб ситтә, № 2852

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
389. Жұма намазы
Нөмірі
№ 2852 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
2852
Кутуб ситтә, № 2852 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әли

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ وَهُوَ عَلَى الْمِنْبَرِ فِي الْكُوفَةِ يَخْطُبُ: «إِذَا كَانَ يَوْمُ الْجُمُعَةِ غَدَتِ الشَّيَاطِينُ بِرَايَاتِهَا إِلَى الْأَسْوَاقِ فَيَرْمُونَ النَّاسَ بِالتَّرَابِيثِ، أَوْ قَالَ بِالرَّبَائِثِ وَيُثَبِّطُونَهُمْ عَنِ الْجُمُعَةِ وَتَغْدُو الْمَلَائِكَةُ فَيَجْلِسُونَ عَلَى أَبْوَابِ الْمَسْجِدِ وَيَكْتُبُونَ الرَّجُلَ مِنْ سَاعَةٍ، وَالرَّجُلَ مِنْ سَاعَتَيْنِ حَتَّى يَخْرُجَ الْإِمَامُ. فَإِذَا جَلَسَ الرَّجُلُ مَجْلِسًا يَسْتَمْكِنُ فِيهِ مِنَ الاسْتِمَاعِ وَالنَّظَرِ فَأَنْصَتَ وَلَمْ يَلْغُ كَانَ لَهُ كِفْلَانِ مِنْ أَجْرٍ، فَإِنْ نَأَى وَجَلَسَ حَيْثُ لَا يَسْمَعُ فَأَنْصَتَ وَلَمْ يَلْغُ كَانَ لَهُ كِفْلٌ مِنْ أَجْرٍ، وَإِنْ جَلَسَ مَجْلِسًا يَسْتَمْكِنُ فِيهِ مِنَ الاسْتِمَاعِ وَالنَّظَرِ فَلَغَا وَلَمْ يُنْصِتْ كَانَ عَلَيْهِ كِفْلَانِ مِنْ وِزْرٍ. وَمَنْ نَأَى فَلَغَا وَلَمْ يُنْصِتْ كَانَ عَلَيْهِ كِفْلٌ مِنْ وِزْرٍ، وَمَنْ قَالَ لِصَاحِبِهِ يَوْمَ الْجُمُعَةِ صَهْ فَقَدْ لَغَا، وَمَنْ لَغَا فَلَيْسَ لَهُ فِي جُمُعَتِهِ تِلْكَ شَيْءٌ. ثُمَّ قَالَ فِي آخِرِهِ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ ذَلِكَ». أَخْرَجَهُمَا أَبُو دَاوُدَ. «التَّرَابِيثُ أَوِ الرَّبَائِثُ» جَمْعُ رَبِيثَةٍ وَهِيَ مَا يَحْبِسُ الْإِنْسَانَ عَنْ مَهَامِهِ وَيُشَغِّلُهُ عَنْهَا وَيُثَبِّطُهُ. قَالَ الْخَطَّابِيُّ «وَأَمَّا التَّرَابِيثُ» فَلَيْسَ بِشَيْءٍ. وَقَوْلُهُ «يَرْمُونَ» إِنَّمَا هُوَ فَيَرْبِثُونَ النَّاسَ. كَذَا رُوِيَ لَنَا فِي غَيْرِ هَذَا الْحَدِيثِ. «وَالْكِفْلُ» النَّصِيبُ. وَقِيلَ الْضَّعْفُ. «وَالْوِزْرُ» الْإثْمُ الْمُثْقِلُ لِلظَّهْرِ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әли (р.а.) Куфада мінберден құтба айтып тұрып, былай деген: «Жұма күні шайтандар жалауларын көтеріп, базарларға ертелетіп барады. Адамдарды жұмаға жібермеу, тым болмаса кешіктіру үшін мың сан кедергі жасайды. Періштелер де ерте келіп, мешіттің есіктерінде тұрады. Келгендерді “бірінші мезгілде келді, екінші мезгілде келді” деп, имам мінберге шыққанша жазып отырады. Кісі имамды көріп, ести алатын жерге отырып, үндемей құлақ қойса, екі үлес сауап алады. Имамды ести алмайтын алыс жерге отырып, үндемесе, бір үлес сауап алады. Имамды көріп, ести алатын жерде отырып, бос сөз айтса, екі үлес күнә, көре де, ести де алмайтын жерде бос сөз айтса, бір үлес күнә жазылады. Кім жұма күні қасындағы адамға “Тыныш отыр!” десе, өзі де бос сөз айтқан болады. Ал бос сөз айтқан адам сол жұманың сауабынан құр қалады».

Әзірет Әли сөзінің соңында: «Мұны Алла елшісінен (с.а.с.) естідім»1, – деген.

Түсіндірме

1. Бұл риуаят жұмаға ерте барып, құтбашыны көріп, ести алатын жерге отыруға үндейді. Құтбашыны көру жайы бүгін де мәнді. Қазір дауысзорайтқыш арқылы құтбаны сыртта да анық естуге болады. Дегенмен құтба айтқан имам көрінетін жерге орналасу үшін ерте барып, соған ниет еткен жөн. Мешітке сыймай сыртта қалғандар үндемей тыңдаса, Алланың рақымымен хадистегі қос сауапқа жетуден үміттенуге болады. Мүміннің ниеті – басты өлшем.

2. Рауи «тәрабис» пе, «рәбаис» пе деп күмәнданған. Хаттабидің айтуынша, «тәрабис» қолданыстағы сөз емес. Хадиске түсіндірме берген ғалымдар дұрысы «рәбаис», яғни «рәбиса» сөзінің көпше түрі екенін айтады. «Рәбиса» – адамды діттеген мақсатына жеткізбей бөгейтін кедергі.

3. «Бос сөз» деп аударылған «лағу» – құнсыз, бұрыс, қабылданбайтын, үкімі жүрмейтін сөз. Кей ғалымдар оны «бұрыс сөз», «орынсыз сөйлеу» деп түсіндірген. Бұл хадисте құтба үстіндегі сөз атаулы лағуға жатады. Құтба әдебі үндемей, бар ықыласпен тыңдауды талап етеді. Хадисте сөйлеп отырған адамға أَنْصِتْ, яғни «Тыныш отыр!» деудің өзі лағу саналған. Негізінде мұндай ескерту – жақсылыққа шақыру, құптарлық амал. Сонда құтба үстінде өзге сөздердің де лағу екені аңғарылады. Алдыңғы хадисте құтба кезінде дұға ету лағу деп ашық аталмағанымен, оған да тыйым салынған. Олай болса, дұға да лағуға жатуы мүмкін. Нәуәуи сөйлеп отырған жанға алдымен ишаратпен ескертіп, түсінбесе, барынша аз сөзбен тоқтатуды жөн көрген.

Ғалымдар құтба үстінде сөйлеудің харам не мәкрүһ екенін, ал мәкрүһ болса, тахрими не танзиһи мәкрүһке жататынын талқылаған. Шафиғи бір пікірінде құтбаны екі рәкат намазға теңеген. Бұл пікір бойынша құтба кезінде сөйлеу – харам. Ал негізгі пікірінде құтба екі рәкат намазға теңелмейді, сондықтан сөйлеу харам саналмайды.

Құтба естілмеген жағдайда да оны тыңдағандай үнсіз отыру қажет пе деген мәселеде пікір әртүрлі. Ғалымдардың басым көпшілігі қажет деген. Ахмад ибн Ханбал, Ибраһим Нәһәи және бір пікірінде Шафиғи мұны міндетті деп санамаған. Ибн Хажар құтба үстінде сөйлеуге жол бергендердің де болғанын жазған. Кейбір алғашқы буын ғалымдары Әмәуи әкімдерінің орынсыз сөзіне құтба үстінде қарсылық білдірген.

«Әл-Муғниде» намаз үстінде сөйлеуге рұқсат беретін зәрулік құтба кезінде де сөйлеуге рұқсат беретініне ғалымдар бірауыздан келіскені жазылған. Мәселен, көзі көрмейтін адамды шұңқырға түсуден сақтандыру осыған жатады. Шафиғи: «Біреуге қауіп төніп тұрғанын ишаратпен білдіре алмаса, сөзбен ескерткенін әбестік көрмеймін», – деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Намаз», № 1051. Ибраһим Жанан, «Күтүб-и Ситтә тәржімесі мен шархы», 9-том, 184–186-беттер. Әбу Дәуіттің осы нұсқасында бір үлес күнә аталады.