وَفِي أُخْرَى لَهُ: «أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: إِذَا صَلَّى أَحَدُكُمْ إِلَى غَيْرِ السُّتْرَةِ، فَإِنَّهُ يَقْطَعُ صَلَاتَهُ: الْحِمَارُ، وَالْخَنْزِيرُ، وَالْيَهُودِيُّ، وَالْمَجُوسِيُّ، وَالْمَرْأَةُ، وَيُجْزِئُ عَنْهُ إِذَا مَرُّوا بَيْنَ يَدَيْهِ عَلَى قَذْفَةٍ بِحَجَرٍ». وَفِي أُخْرَى: «يَقْطَعُ الصَّلَاةَ الْحَائِضُ وَالْكَلْبُ».
Әбу Дәуіттің басқа бір риуаятында Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Қайсыбірің алдарыңа сутра қоймай намаз оқысаңдар, алдарыңнан есек, доңыз, яһуди, мәжуси немесе әйел өтуі намазды бұзады. Олар бір тас лақтырым қашықтықтан өтсе, намазға зиян келмейді»1. Тағы бір риуаятта: «Хайыз көретін әйел мен ит намазды бұзады», – делінген.
Түсіндірме
1. Хадисте намаз оқыған кісінің алдынан аталған адам не жануар өткенде намаз бұзылатыны айтылады. Бұл туралы риуаяттар көп және олардың кейбірінде мұнда көрсетілмеген ерекшеліктер бар. Мысалы, бірінде қара ит, бірінде хайыз көретін әйел аталады.
2. Риуаяттардың әртүрлі келуіне байланысты ғалымдардың пікірі де бөлінген. Бір тобы аталғандардың өтуі намазды бұзады десе, екінші тобы бұзбайды деп есептеген.
• Ахмад ибн Ханбал: «Қара ит өтсе, намаз бұзылады. Ал әйел мен есек өтсе бұзылады дегенге күмәнім бар», – деген.
• Имам Мәлик, Әбу Ханифа, Шәфиғи және ғалымдардың көпшілігі аталғандардың да, өзге біреудің де өтуі намазды бұзбайды деген. Олардың пікірінше, хадис намаздың кемелдігіне тиетін нұқсанды білдіреді. Өйткені адам не жануар алдынан өткенде, намаз оқыған кісінің көңілі бөлінеді.
3. Ғалымдар «бір тас лақтырым жерді» шамамен үш шынтақ қашықтық деп түсіндірген. Әлдекім намаз оқыған кісіден осы қашықтықта өтсе, намаз бұзылмайды. Ол аралық сутраның орнын басады.
- 1Бұхари, Салат: 90, Ілім: 18, Азан: 161, Жәзісус-Сайд: 25; Мүслим, Салат: 254, (504); Муатта, Қасрус-Салат: 38, (1, 155); Әбу Дәуіт, Салат: 110, 113 (703, 704, 715, 716, 717); Тирмизи, Салат: 252, (337); Нәсәи, Құбыла: 7, (2, 64, 65).