Хадис

Кутуб ситтә, № 2704

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
372. Намаз оқылатын орындар
Нөмірі
№ 2704 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 12
2704
Кутуб ситтә, № 2704 · тараудағы реті: 12

وَعَنْ إِبْرَاهِيمَ بْنِ يَزِيدَ التَّيْمِيِّ قَالَ: «كُنْتُ أَقْرَأُ عَلَى أَبِي الْقُرْآنَ فِي السُّدَّةِ، فَإِذَا قَرَأْتُ السَّجْدَةَ سَجَدَ، فَقُلْتُ: يَا أبَتِ لِمَ تَسْجُدُ فِي الطَّرِيقِ؟ فَقَالَ: إِنِّي سَمِعْتُ أَبَا ذَرٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: سَأَلْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ عَنْ أَوَّلِ مَسْجِدٍ وُضِعَ عَلَى الْأَرْضِ، فَقَالَ: الْمَسْجِدُ الْحَرَامُ، فَقُلْتُ: ثُمَّ أيُّ؟ قَالَ: الْمَسْجِدُ الْأقْصَى. قُلْتُ: كَمْ كَانَ بَيْنَهُمَا؟ قَالَ: أَرْبَعُونَ عَامًا، ثُمَّ الْأَرْضُ لَكَ مَسْجِدٌ، فَحَيْثُمَا أَدْرَكَتْكَ الصَّلَاةُ فَصَلِّ، فَإِنَّ الْفَضْلَ فِيهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибраһим ибн Язид әт-Тәйми былай дейді: «Мешіт ауласының шетінде әкеме Құран оқып беріп отырдым. Сәжде аятын оқысам, ол сәжде ететін. Бірде: “Әкешім, жол үстінде неге сәжде еттіңіз?” – деп сұрадым. Әкем: “Әбу Зәррдің (р.а.) мына сөзін естідім: ‘Алла елшісінен (с.а.с.) жер бетіндегі алғаш тұрғызылған мешітті сұрадым. Харам мешіті екенін айтты. Одан кейін қайсысы тұрғызылғанын сұрадым. Ақса мешіті деді. Арада қанша жыл өткенін сұрағанымда, қырық жыл деп жауап берді. Содан кейін жер беті мешіт екенін, намаз уақыты қай жерде кірсе, сол жерде оқуға бұйырылғанын және намазды уақыты кіргенде оқудың абзал екенін айтты’”, – деді».1

Түсіндірме

Бұл хадисте бірнеше мәселе қаралады.

1. Алдыңғы хадистерде монша, қорым, түйе қорасы сияқты кей орындардан басқа жерде намаз оқуға болатыны айтылды. Жол бойындағы таза жерде өзгеге кедергі келтірмей оқуға болады. Жүргіншіге кедергі келсе, жолда оқу мәкрүһ саналады (№2697 хадис).

2. Құран үйрету кезінде сәжде аяты қайталанса, алғаш оқылғанда сәжде етіледі, қайталаған сайын сәжде ету қажет емес. Кей ғалымдар мұндай жағдайда сәжде етпеуге де рұқсат берген.

3. Хадисте жер бетінде алғаш тұрғызылған мешіт Харам мешіті екені айтылған. Оған мына аят дәлел: ﴿إِنَّ أَوَّلَ بَيْتٍ وُضِعَ لِلنَّاسِ لَلَّذِي بِبَكَّةَ﴾ «Жер бетінде адамдар үшін салынған ең алғашқы үй – Меккедегі Қағба»2 Аятта алғашқы құлшылық үйі аталған. Хадис сол үйдің Харам мешіті екенін нақтылайды.

Осы тұста «Аят жер бетінде алғаш салынған ғимарат Қағба екенін білдіре ме? Адамдар оған дейін баспана салмаған ба?» деген сұрақ туады. Исхақ ибн Раһуия, Ибн Әбу Хатим және өзге ғалымдар әзірет Әлиден (р.а.) сахих иснадпен мына сөзді жеткізген: كَانَتِ الْبُيُوتُ قَبْلَهُ، وَلَكِنَّهُ كَانَ أَوَّلَ بَيْتٍ وُضِعَ لِعِبَادَةِ اللَّهِ. «Одан бұрын да үйлер болған. Алайда Қағба – Аллаға құлшылық ету үшін салынған алғашқы үй».

4. Хадисте Қағбаның жер бетінде алғаш тұрғызылған мешіт екені, одан қырық жыл өткенде Ақса мешіті салынғаны айтылған. Ибн әл-Жәузи және кей ғалым Қағбаны әзірет Ибраһим (а.с.) салғаны туралы аятты3 және Ақса мешітін әзірет Сүлеймен (а.с.) салғаны туралы деректерді осы хадиспен салыстырып, бір түйткілге назар аударған. Ибраһим мен Сүлеймен пайғамбарлардың арасы мың жылдан астам болса, хадисте екі мешіттің арасы қырық жыл делінген. Ибн Хажар бұл түйткілдің шешімін былай жеткізген: «Діни мәтіндерде Қағбаның алғашқы құлшылық үйі екені және іргетасының қалануы айтылған. Алайда Қағбаны алғаш Ибраһим, Бәйт әл-Мақдисті алғаш Сүлеймен тұрғызды делінбеген. Қағбаны алғаш Адам пайғамбар салғаны, кейін оның ұрпақтары жер жүзіне тарағаны туралы риуаяттар бар. Солардың бірі Бәйт әл-Мақдисті тұрғызған болуы мүмкін. Кейін Ибраһим пайғамбар Құранда айтылғандай Қағбаны тұрғызған». Қуртуби де Ибраһим мен Сүлеймен пайғамбарлардың бұрын іргетасы қаланған құлшылық орындарын жаңадан көтергенін айтқан.

Хаттаби де осыған жақын пікір айтқан: «Ақса мешітін алғаш Дәуіт пен Сүлейменнен бұрын өмір сүрген әулиелер тұрғызған болуы мүмкін. Дәуіт пен Сүлеймен кейін оған қосымша құрылыс салып, мешітті кеңейткен болса керек. Сол себепті оның құрылысы осы екеуіне телінген». Ибн Хажар бұл пікірді қуаттай отырып, Ақса мешітін Адам (а.с.), періштелер, Нұхтың ұлы Сам немесе Яқұб (а.с.) тұрғызған деген риуаяттарды көргенін айтқан. Адам не періштелер салғаны рас болса, кейінгілер Қағбадағыдай құрылысты жаңартқан. Сам мен Яқұб туралы нұсқалар рас болса, Ибраһим мен Яқұб өз мешіттерінің негізін қалаған, ал Дәуіттің бастаған жаңарту жұмысын Сүлеймен аяқтаған.

Ибн Хажар Ибн әл-Жәузидің жорамалын орынды көріп: «Екі мешітті де әзірет Адам (а.с.) тұрғызды деген пікірді қуаттайтын риуаят таптым. Ибн Хишамның “Китаб әт-Тижанында”: ‘Әзірет Адам Қағбаны салғанда, Алла оған Бәйт әл-Мақдиске барып, онда да мешіт тұрғызуды бұйырды. Ол барып мешіт салды, ішінде құлшылық етті. Қағбаны әзірет Адамның тұрғызғаны мәлім’, – делінген», – деген. Ибн Хажар Қағбаның Адам пайғамбар заманында Алла тарапынан түсірілгені туралы Қатададан мына риуаятты да келтірген: «Алла Адамды жерге түсіргенде, Бәйтті де түсірді. Адам періштелердің дауысы мен тәсбихін жазып алған еді. Алла оған: “Уа, Адам! Аршымның айналасында тауап етілгендей, айналасында тауап ететін бір үй түсірдім. Соған бар”, – деді. Үнді жеріне түсірілген Адам Меккеге бет алды. Алла оның адымын ұзартып, Адам Бәйтке тез жетіп, тауап етті. Қағбаға бет бұрып намаз оқығанда, Алла оған Бәйт әл-Мақдиске бет бұруды әмір етті делінеді. Ол сол жерге барып мешіт тұрғызды. Ұрпақтарының бір бөлігіне құбыла болсын деп, ішінде намаз оқыды».

5. «Мәсжид әл-Ақса» – «алыс мешіт» деген сөз. Оны «Бәйт әл-Мақдис» деп те атайды. «Ақса» аталуының бірнеше түсіндірмесі бар.

• Қағба мен Ақса мешітінің арасы алыс болғандықтан.

• Әуелде оның ар жағында өзге құлшылық орны болмағандықтан.

• Жамандық пен ластықтан алыс болғандықтан. «Мақдис» сөзі «ластан пәк» дегенді білдіреді.

  1. 1Бұхари, «Әнбия», 8, 40. Мүслим, «Мәсәжид», 2 (№520). Нәсәи, «Мәсәжид», 3 (2/32). Ибн Мәжа, «Иқамәт әс-салат», 7 (№753).
  2. 2«Әли Имран» сүресі, 96-аят.
  3. 3«Бақара» сүресі, 127-аят.