وَعَنِ الْحَسَنِ: «أَنَّ عُمَرَ بْنَ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ جَمَعَ النَّاسَ عَلَى أُبَيِّ بْنِ كَعْبٍ فَكَانَ يُصَلِّي لَهُمْ عِشْرِينَ لَيْلَةً وَلَا يَقْنُتُ بِهِمْ إِلَّا فِي النِّصْفِ الْبَاقِي. فَإِذَا كَانَتِ الْعَشْرُ الْأَوَاخِرُ تَخَلَّفَ فَصَلَّى فِي بَيْتِهِ. وَكَانُوا يَقُولُونَ: أَبَقَ أُبَيٌّ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Хасан Басри былай дейді: «Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) жамағатты Убәй ибн Кәғбқа ұйытты. Убәй оларға рамазанда жиырма түн намаз оқытты. Құнытты айдың екінші жартысында ғана оқыды. Соңғы он түнде жамағатқа шықпай, намазды үйінде оқыды. Сонда жұрт: “Убәй қашып кетті”, – десті».1
Түсіндірме
Басқа риуаяттар бойынша, Омар (р.а.) ерлерге және әйелдерге жеке-жеке имам тағайындаған. Ерлерге Убәй ибн Кәғб (р.а.), әйелдерге Сүләйман ибн Әбу Хасма имам болған.
Бұл риуаятқа қарағанда, Убәй ибн Кәғб рамазанның алғашқы он түнінде үтір намазында құныт оқымаған, екінші он түнінде оқыған. Соңғы он түнде мешітке келмегендіктен, үйінде құныт оқыған-оқымағаны белгісіз. Сол күндері намазды Мұғаз оқытқан.
Жұрт Убәй ибн Кәғбтың тарауық оқытуға келмегенін құп көрмей, «қашып кетті» деген болуы керек. Араб тіліндегі أَبَقَ сөзі негізінде құлдың қожайынынан қашуын білдіреді.
Убәй ибн Кәғбтың соңғы он түнде намазды үйінде оқу себебі әртүрлі түсіндірілген. Бір жорамал бойынша, ол Алла елшісінің (с.а.с.) сүннетін ұстанған.
Құныт рамазан бойы оқыла ма, әлде айдың екінші жартысында ғана оқыла ма деген сауалға әртүрлі жауап берілген. Ғалымдардың көбі оны айдың екінші жартысында оқу пікірін ұстанған.
- 1Әбу Дәуіт, Салат: 340, (1428, 1429).