وَعَنْ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سُنَّتْ لَكُمُ الرُّكَبُ فَأَمْسِكُوا بِالرُّكَبِ» أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.
Омар (р.а.) былай деген: «Рукуғта тізені ұстау сендерге сүннет етілді. Ендеше тізелеріңді ұстаңдар».1
Түсіндірме
Омар (р.а.) рукуғта тізелерді қолмен ұстау керегін жеткізген. Басқа бір риуаятта «Рукуғта тізені ұстау – сүннет» делінген. Тирмизидегі риуаятта: «Рукуғта тізелерді ұстау – Пайғамбардың (с.а.с.) сүннеті. Ендеше тізелеріңді ұстаңдар», – деп берілген. Бәйхақидегі нұсқада: «Рукуғқа барғанда қолымызды тізелеріміздің арасына қоятынбыз. Омар: “Намаздың сүннеттерінің бірі – тізелерді қолмен ұстау”, – деді», – делінген. Ибн Хажар бұл риуаятты мәрфуғ санайды. Сахаба бір амалды сүннет десе, оны Пайғамбардан (с.а.с.) үйренгені түсініледі. Сондықтан мұндай хадис «мәрфуғ» аталады.
- 1Тирмизи, Салат: 192, (258); Нәсәи, Ифтитах: 92, (2, 185);.