وَعَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «لَا أَدْرِي أَكَانَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ يَقْرَأُ فِي الظُّهْرِ وَالْعَصْرِ أمْ لَا؟». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) бесін мен екінті намаздарында қырағат оқыған-оқымағанын білмеймін».1
Түсіндірме
Бұл хадисте Ибн Аббастың (р.а.) бір күмәні айтылған. Алла елшісі (с.а.с.) қырағаты жария оқылмайтын бесін мен екінтіде Құран оқыды ма? Ибн Аббастан үш түрлі риуаят жеткен. Бірінде қырағат оқығаны, бірінде оқымағаны айтылады. Үшіншісінде Ибн Аббас бұл жайында күмәнданған. Әбу Дәуіт келтірген риуаятта одан: «Алла елшісі (с.а.с.) бесін мен екінтіде қырағат оқитын ба?» – деп сұрағанда, ол: «Жоқ», – деп жауап берген. «Мүмкін, іштей оқыған шығар?» – дегенде: «Бұл сөзің алдыңғысынан да жаман. Ол құл еді, өзіне не бұйырылса, соны жеткізді», – деген.
Ибн Аббастың осы екі намазда қырағат оқылатынын құптағанын Әбу әл-Алия әл-Бәрра жеткізген: «Ибн Аббастан: “Екінтіде қырағат оқиын ба?” – деп сұрадым. Ол: “Құран алдыңда тұр, одан аз не көп оқы”, – деді». Риуаятты Ибн әл-Мунзир мен Тахауи келтірген.
Ғұламалар бесін мен екінтіде қырағат оқылатынына күмәнданбаған. Әбу Қатада, Хаббаб және басқа сахабалардан жеткен риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) екі намазда да қырағат оқығаны анық айтылған.
Бұған алдыңғы хадис пен төмендегі риуаяттар да дәлел. «Күмән анық мәліметті жоққа шығара алмайды» деген қағидаға сай, бұл риуаяттағы күмән өзге риуаяттарда нақты айтылған дерекке нұқсан келтірмейді. Анық деректер күмәнді сейілтеді.
- 1Әбу Дәуіт, Салат: 131, (808).