وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَنْ صَلَّى صَلَاةً لَمْ يَقْرَأْ فِيهَا بِفَاتِحَةِ الْكِتَابِ فَهِيَ خِدَاجٌ ثَلَاثًا غَيْرُ تَمَامٍ. فَقِيلَ لِأَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: إِنَّا نَكُونُ وَرَاءَ الْإِمَامِ. فَقَالَ: اقْرَأْ بِهَا فِي نَفْسِكَ فَإِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: قَالَ اللَّهُ تَعَالَى: قَسَمْتُ الصَّلَاةَ بَيْنِي وَبَيْنَ عَبْدِي نِصْفَيْنِ، فَنِصْفُهَا لِي، وَنِصْفُهَا لِعَبْدِي، وَلِعَبْدِي مَا سَأَلَ. فَإِذَا قَالَ الْعَبْدُ: الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ؛ قَالَ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ: حَمِدَنِي عَبْدِي؛ وَإِذَا قَالَ: الرَّحْمَٰنِ الرَّحِيمِ. قَالَ اللَّهُ أَثْنَى عَلَيَّ عَبْدِي. وَإِذَا قَالَ: مَالِكِ يَوْمِ الدِّينِ. قَالَ: مَجَّدَنِي عَبْدِي. وَإِذَا قَالَ: إِيَّاكَ نَعْبُدُ وَإِيَّاكَ نَسْتَعِينُ. قَالَ: هَذَا بَيْنِي وَبَيْنَ عَبْدِي وَلِعَبْدِي مَا سَأَلَ. وَإِذَا قَالَ: اهْدِنَا الصِّرَاطَ الْمُسْتَقِيمَ صِرَاطَ الَّذِينَ أَنْعَمْتَ عَلَيْهِمْ غَيْرِ الْمَغْضُوبِ عَلَيْهِمْ وَلَا الضَّالِّينَ. قَالَ: هَذَا لِعَبْدِي، وَلِعَبْدِي مَا سَأَلَ». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.
Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Кім намазында “Фатиханы” оқымаса, намазы кем, толық емес», – дегенін жеткізген. Ол мұны үш рет қайталаған.
Әбу Һурайрадан (р.а.): «Имамның артында тұрсақ ше?» – деп сұрады. Ол: «Ішіңнен оқы. Алла елшісінің (с.а.с.) Алла Тағаладан мына сөзді жеткізгенін естідім: “Мен қырағатты1 Өзім мен құлымның арасында тең екіге бөлдім. Жартысы Маған, жартысы құлыма тиесілі. Құлыма сұрағаны беріледі. Құл ﴿ٱلْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ ٱلْعَٰلَمِينَ﴾ ‘Бар мадақ пен шүкіршілік әлемдердің Раббысы Аллаға арналады’ десе, Алла: ‘Құлым Маған мадақ айтты’, – дейді. Құл ﴿ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ﴾ ‘Ол – Рахман, аса Рақымды’ десе: ‘Құлым Мені дәріптеді’, – дейді. Құл ﴿مَٰلِكِ يَوْمِ ٱلدِّينِ﴾ ‘Дін күнінің иесі!’ десе: ‘Құлым Мені ұлықтады’, – дейді. Құл ﴿إِيَّاكَ نَعْبُدُ وَإِيَّاكَ نَسْتَعِينُ﴾ ‘Бір Өзіңе ғана құлшылық етеміз һәм бір Өзіңнен ғана медет тілейміз’ десе: ‘Бұл – Менің және құлымның арасындағы сөз. Құлыма сұрағаны беріледі’, – дейді. Құл ﴿ٱهْدِنَا ٱلصِّرَٰطَ ٱلْمُسْتَقِيمَ﴾ ‘Бізді тура жолға сала көр!’ ﴿صِرَٰطَ ٱلَّذِينَ أَنْعَمْتَ عَلَيْهِمْ غَيْرِ ٱلْمَغْضُوبِ عَلَيْهِمْ وَلَا ٱلضَّآلِّينَ﴾ ‘Қаһарыңа ұшырағандардың және адасқандардың жолына емес, Өзің нығметке бөлегендердің жолына!’ десе: ‘Бұл – құлыма тиесілі. Құлыма сұрағаны беріледі’, – дейді”», – деп жауап берді.
- 1Хадисте «салат», яғни «намаз» сөзі қолданылған. Ғалымдар мұнда қырағат меңзелгенін айтады. Хадистің жалғасы осыны қуаттайды. Қырағат намаздың негізгі бөліктерінің бірі болғандықтан, ол «салат» деп аталған. «Исра» сүресінің 110-аятында да осы қолданыс кездеседі: ﴿وَلَا تَجْهَرْ بِصَلَاتِكَ وَلَا تُخَافِتْ بِهَا وَٱبْتَغِ بَيْنَ ذَٰلِكَ سَبِيلًا﴾ «Әрі намаз оқығаныңда дауысыңды қатты шығарма, әрі тым бәсеңдетіп те жіберме, екеуінің ортасындағы жолды ұстан».