Хадис

Кутуб ситтә, № 2529

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
352. Қырағат
Нөмірі
№ 2529 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
2529
Кутуб ситтә, № 2529 · тараудағы реті: 3

وَعَنِ ابْنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مُغَفَّلٍ قَالَ: «سَمِعَنِي أَبِي وَأَنَا أقْرأُ بِسْمِ اللَّهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ. فَقَالَ لِي أي بُنَيَّ مُحْدَثٌ: إِيَّاكَ وَالْحَدَثَ، قَالَ: وَلَمْ أَرَ أَحَدًا مِنْ أَصْحَابِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ أبْغَضَ إِلَيْهِ الْحَدَثُ مِنْهُ. قَالَ: وَقَدْ صَلَّيْتُ مَعَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ وَمَعَ أَبِي بَكْرٍ وَمَعَ عُمَرَ وَمَعَ عُثْمَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ فَلَمْ أَسْمَعْ أَحَدًا مِنْهُمْ يَقُولُهَا. فَلَا تَقُلْهَا؛ إِذَا أَنْتَ صَلَّيْتَ فَقُلْ: الْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ، وَهَذَا لَفْظُهُ وَالنَّسَائِيُّ. «الْحَدَثُ» الْأمْرُ الْحَادِثُ الَّذِي لَمْ تَأْتِ بِهِ سُنَّةٌ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Муғаффалдың ұлы былай дейді: «Намазда ﴿بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ﴾ “Рахман аса Рақымды Алланың атымен” деп оқығанымды естіген әкем: “Балам, бұл – бидғат. Бидғаттан сақ бол! Алла елшісінің (с.а.с.) өзім кездестірген сахабалары бидғаттан асқан жеккөрінішті нәрсе көрмейтін. Мен Алла елшісінің (с.а.с.), Әбу Бәкірдің, Омардың және Османның (р.а.) артында намаз оқыдым. Ешқайсысынан мұны естіген жоқпын. Сен де оны оқыма. Намазға тұрғанда ﴿ٱلْحَمْدُ لِلَّهِ رَبِّ ٱلْعَٰلَمِينَ﴾ ‘Бар мадақ пен шүкіршілік әлемдердің Раббысы Аллаға арналады’ деп баста”, – деді».1

Түсіндірме

1. Намазды бастағанда «Фатихадан» бұрын «бисмиллә» айту жөніндегі риуаяттар әртүрлі. Кейбірінде оқылғаны, кейбірінде оқылмағаны айтылады. Екі жақтың риуаяттары тең түсетіндей болғандықтан, бірқатар ғалым оларды «мұдтариб» (бірін-бірі баса алмайтын, өзара қайшы нұсқалар) деп бағалаған. Бұл пікірталасты мұнда егжей-тегжейлі баяндауды мақсат етпейміз. Ибн Аббастың №2527 хадисіндей риуаяттар Пайғамбардың (с.а.с.) «бисмилләні» оқығанын қуаттайды, кейінгі екі риуаят оны терістейді. Бұл жөніндегі риуаяттар мұнда келтірілгендермен шектелмейді. Алла елшісі (с.а.с.) мен аталған сахабалардың «бисмилләні» дауыстап оқымауы оны іштен оқуына қайшы келмейді.

Көптеген ислам ғалымы бұл жөнінде мынадай пайым айтқан: «Алла елшісі (с.а.с.) және оның амалын қайталаған сахабалар қырағаты дауыстап оқылатын ақшам, құптан мен таң намазында “бисмилләні” әр жолы бірдей дауыстап оқымаған. Әр жолы оқыса, риуаяттардың арасында айырма болмас еді. Айырмашылық болғанына қарағанда, көбінде дауыстап оқымағаны анық. Бірақ дауыстап оқымаған кездерінде іштен де оқымаған деуге болмайды...»

«Бисмилләні» «Фатиханың» бірінші аяты деп білген ғалымдар бұл хадиске сүйенгенде, Алла елшісі (с.а.с.) оны әрдайым оқыған, бірақ іштен оқығандықтан жұрт естімеген деп түсіндіреді.

Ханафилер осы пікірді ұстанған. Ахмад ибн Ханбал, Сәури мен Исхақ ибн Раһуәйһ секілді алғашқы буынның өзге де ірі ғалымдары осылай үкім берген. Олардың пікірінше, «бисмиллә» әр рәкатта «Фатихадан» бұрын айтылады.

Шәфиғи мәзһабында «бисмиллә» «Фатиханың» бірінші аяты саналады. Сондықтан «Фатиха» іштен оқылатын жерде іштен, дауыстап оқылатын жерде дауыстап айтылады. Шәфиғидан жеткен бір риуаятта «бисмиллә» әр сүренің алғашқы аяты делінсе, басқа риуаятта «Фатиханың» ғана алғашқы аяты делінген.

Имам Мәликтің пікірінше, парыз намазда «бисмиллә» айтылмайды, нәпіл намазда кісі қаласа айтады, қаламаса айтпайды. Табари де осындай үкім берген.

Хазимидің де пікірі назар аударарлық. Оның айтуынша, «бисмиллә» дауыстап оқылады деген хадистер сахих болғанның өзінде, үкімі жойылған (мәнсұх). Ол Сағид ибн Жубәйрдің мына мурсәл риуаятына сүйенеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Меккеде “бисмилләні” дауыстап оқитын. Мұсәйләматур-Рахман деп аталатын пұтқа табынатын меккеліктер: “Мұхаммед Ямаманың тәңіріне табынып жүр”, – деді. Содан кейін Алла елшісі (с.а.с.) “бисмилләні” іштен оқи бастады. Өмірінің соңына дейін оны дауыстап оқымады». Бұл хадис мурсәл болғандықтан, оған сүйенбегендерге Хазими былай жауап берген: «Риуаят әділетті халифалардың амалымен қуатталған. Алла елшісінің (с.а.с.) соңғы ұстанымын бәрінен жақсы білген – солар».

2. Кейбір ғалым «бисмилләні» Құранның жеке аяты деп санамай, «Нәмл» сүресіндегі бір аяттың бөлігі деп қабылдаған. Осы пікірдегі Тахауи: «Ол Құранның аяты болса, Алла елшісі (с.а.с.) оны намазда “Фатихамен” бірге дауыстап оқыр еді», – деген. Оның айтуынша, «бисмиллә» «Нәмл» сүресінде ғана аяттың бір бөлігі және оны сол жерде оқу – уәжіп. Басқа сүрелердің басына жазылуы олардың бір аяты екенін білдірмейді. Алғаш уахи түскенде, Жәбірейіл Алла елшісіне (с.а.с.): «Оқы!» – деп бұйырады. Ол: «Оқи алмаймын», – деп жауап береді. Осы сөздер үш рет қайталанған соң, алғашқы уахи ﴿ٱقْرَأْ بِٱسْمِ رَبِّكَ ٱلَّذِى خَلَقَ﴾ «Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» деп басталған. Мұнда «бисмиллә» жоқ. Егер қазір осы сүренің басында жазылып тұрған «бисмиллә» уахи болса, Алла елшісіне (с.а.с.) әуелі сол түсер еді. Тахауидің пайымы бойынша, бұл – «бисмилләнің» осы жерде уахи етілмегенінің дәлелі. Әузағи, Ибн әл-Мүбәрак, Дәуіт әз-Заһири мен Ахмад ибн Ханбал да осыған жақын пікір білдірген.

Намазда іс жүзінде қалай оқу керектігі ғылымхал кітаптарында былай көрсетілген:

• Парыз және нәпіл намаздардың алғашқы рәкатында «Фатихадан» бұрын «Әғузу» мен «бисмиллә» айту – сүннет.

• Кейінгі рәкаттарда «Фатихадан» бұрын «бисмиллә» айту да – сүннет.

• «Фатихадан» кейін оқылатын сүрелердің басында «бисмиллә» айтылмайды. Имам Мұхаммедтің пікірінше, іштен оқылатын намазда қосымша сүренің басында да «бисмиллә» айтылады.

  1. 1Тирмизи, Салат: 180, (244); Нәсәи, Ифтитах: 22, (2, 135).