وَعَنْ أَبِي أُمَامَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «لَا تَبِيعُوا الْقَيْنَاتِ الْمُغَنِّيَاتِ، وَلَا تَشْتَرُوهُنَّ، وَلَا تُعَلِّمُوهُنَّ، وَلَا خَيْرَ فِي تِجَارَةٍ فِيهِنَّ، وَثَمَنُهُنَّ حَرَامٌ». قَالَ: «وَفِي مِثْلِ هَذَا أُنْزِلَتْ ﴿وَمِنَ النَّاسِ مَنْ يَشْتَرِي لَهْوَ الْحَدِيثِ﴾».
Әбу Умамадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Әнші күңдерді сатпаңдар, сатып та алмаңдар. Оларға ән-күй үйретпеңдер. Оларды саудалауда қайыр жоқ. Олар үшін төленетін ақша – харам», – деген. Содан кейін «Осы аят осындай істерге қатысты түскен» деп, ﴿وَمِنَ ٱلنَّاسِ مَن يَشْتَرِي لَهْوَ ٱلْحَدِيثِ لِيُضِلَّ عَن سَبِيلِ ٱللَّهِ بِغَيْرِ عِلْمٍۢ وَيَتَّخِذَهَا هُزُوًا ۚ أُو۟لَـٰٓئِكَ لَهُمْ عَذَابٌۭ مُّهِينٌۭ﴾ «Адамдар арасында ешқандай ілімге сүйенбестен, ел-жұртты Алланың жолынан адастыру әрі аяттарын мазаққа айналдыру үшін алдандыратын арзан сөздерді сатып алатындар бар. Міне, соларға қор қылатын ауыр азап бар»1 деген аятты оқыған.2
Түсіндірме
Мұнда күңді ән-күй өнері үшін сатып алуға тыйым салынған. Кей ғалымдар мұндай мәмілені жарамсыз деп есептеген. Көпшілік ғалым мәмілені жарамды санаса да, одан түскен ақшаны харам деген. Олар мұны шарап жасайтын адамға жүзім сатып, ақы алуға ұқсатқан. Өйткені мұндай сауда харам іске жәрдемдесуге жатады.
Ғалымдар аяттағы сөзді Алланы еске алудан тосатын, тыйым салынған әнді сатып алу деп түсіндірген. Олар «ләһу әл-хадис», яғни «бос сөз» ұғымына зиянды, пайдасыз әрі ақиқаттан жұрдай нәрсенің бәрін жатқызған. Әншілікті харам санаған ғалымдар да осы хадис пен аятқа сүйенген.