Хадис

Кутуб ситтә, № 264

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
35. Сатып алуға және сатуға рұқсат етілмеген заттар
Нөмірі
№ 264 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 6
264
Кутуб ситтә, № 264 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «لَا يُبَاعُ فَضْلُ الْمَاءِ لِيُبَاعَ بِهِ الْكَلَأُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мына сөзін жеткізген: «Жайылымның шөбін сату үшін қажеттіліктен артылған суды сатуға болмайды».1

Түсіндірме

Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адамның өз қажетінен артылған суды ішуге немесе мал суаруға сұрағандарға бермей қоюына да, ақшаға сатуына да тыйым салған. Ал егін суаруға сұралған суды сатуға болатынына ғалымдар бірауыздан келіскен.

Хадисті түсіндірушілердің айтуынша, мұнда ыдысқа құйып алынған су туралы сөз болып тұрған жоқ. Мәселен, біреудің жайылым маңында құдығы бар делік. Төңіректе одан басқа су көзі жоқ. Жұрт сол құдықтың суын пайдалана алса, малын осы жайылымға әкеп жаяды. Құдық суы берілмесе, мал шөлдеп қалады деп, бұл жерге оны ешкім әкелмейді. Мұндай жағдайда суды ақшаға сату іс жүзінде жайылымның шөбін сатумен бірдей.

Хадистегі «кәлә» сөзі көк шөпті де, қураған шөпті де қамтиды. Малын сол маңға жаюға мәжбүр болған адам су үшін де, жайылымның шөбі үшін де ақы төлеуі мүмкін. Сонда су иесі бір қиянаттың үстіне екіншісін қосқан болады. Қиналған жұрттың мұқтаждығы пайда табудың құралына айналмауы үшін Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құдық иесіне өз қажетінен артылған суды сатуға тыйым салған. Хадисте бұл тыйымды күшейте түсу үшін суды сату қырдың шөбін сатумен теңестірілген.

Ғалымдар мұны «танзиһан мәкрүһ» пе, әлде «тахриман мәкрүһ» пе деп, әртүрлі пікір айтқан. Тахриман мәкрүһ деген пікір негіздірек саналады. Имам Нәуәуидің айтуынша, қырдағы құдықтан қажеттіліктен артылған суды тегін беру үш шарт орындалғанда уәжіп болады:

1. Мұқтаждықты өтейтін өзге су көзі болмаса;

2. Су егінге емес, мал суаруға қажет болса;

3. Сұралған су иесінің өз қажетінен артылса.

Артылған суды мұқтаждарға бермеуді үлкен күнә санаған ғалымдар да бар.

Жолаушыға су беру және малын суаруына мүмкіндік жасау уәжіп екеніне ғалымдар бірауыздан келіскен. Құдықтың маңына қоныстанғысы келгендерге су беру туралы пікірлері әртүрлі. Кейбірі ол жерге қоныстануға мәжбүрлік жоқ болғандықтан, оларға су беру уәжіп емес деген. Енді бірі су беруді уәжіп санаған. Осы екінші пікір негіздірек деп қабылданған. Олардан су үшін ақы алу мәселесінде де пікір алшақтығы бар. Ақы алуға болмайды деген пікір басым түскен.

  1. 1Мүслим, «Мусақат», 38 (1566c). Бұхари, «Шурб», 2 (2353), «Хиял», 5 және Ибн Мәжа, «Руһун», 19 (2478) жеткізген нұсқаларда суды бермей қоюға тыйым салынған.