عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «لَوْ يَعْلَمُ النَّاسُ مَا فِي النِّدَاءِ وَالصَّفِّ الْأَوَّلِ، ثُمَّ لَمْ يَجِدُوا إِلَّا أَنْ يَسْتَهِمُوا عَلَيْهِ لَاسْتَهَمُوا». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. «الِاسْتِهَامُ»: الِاقْتِرَاعُ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Жұрт азан айту мен намаздың алғашқы сабында тұруда қандай (жақсылық пен береке) барын білсе әрі оған жеребе тастаудан өзге амал таппаса, сөзсіз, жеребе тастар еді”, – деді».1
Түсіндірме
Алла елшісі (с.а.с.) осы сөзбен азан айтудың және жамағат намазының алғашқы сабына тұрудың, яғни намазға ерте келудің Алла алдындағы қадірін білдірген. Бұл амалдардың сауабын ашып атамауы олардың қадірін одан әрі арттыра түседі. Кей риуаяттардағы «жақсылық пен береке» тіркесі аудармада жақша ішінде берілді.
Хадис азан айтуға басымдық беретін әуезді әрі зор дауыс, азанды мәнерлеп оқу, намаз уақытының үкімдерін білу сияқты талаптарда үміткерлер тең түскенде, жеребе тастауды ұсынады. Бұхариде келтірілген бір оқиғада Қадисия алынған күні азаншы жараланып, азан айта алмай қалады. Сарбаздар азанды кім айтатынына таласып, істі қолбасшы Сағд ибн Әбу Уаққасқа жеткізеді. Ол мәселені жеребе тастап шешеді. Әлсіз бір риуаятта Алла елшісіне (с.а.с.) لَتَجَادَلُوا عَلَيْهِ بِالسَّيْفِ «Ол үшін қылышпен таласар едіңдер» деген сөз телінген.
- 1Бұхари, «Азан», 9, 32 (615), «Шәһадат», 30; Мүслим, «Салат», 129 (437); Тирмизи, «Салат», 166 (225); Нәсәи, «Мауақит», 22 (1/269), «Азан», 31 (2/23); Мәлик, «Муатта», «Нида», 3 (1/68), «Жамағат», 6 (1/131).