Хадис

Кутуб ситтә, № 2322

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
343. Намаздың артықшылығы
Нөмірі
№ 2322 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
2322
Кутуб ситтә, № 2322 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ عَاصِمِ بْنِ سُفْيَانَ الثَّقَفِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّهُمْ غَزَوْا غَزَاةَ السَّلَاسِلِ فَفَاتَهُمُ الْغَزْوُ فَرَابَطُوا، ثُمَّ رَجَعُوا إِلَى مُعَاوِيَةَ، وَعِنْدَهُ أَبُو أَيُّوبَ وَعُقْبَةُ بْنُ عَامِرٍ. فَقَالَ عَاصِمٌ: يَا أَبَا أَيُّوبَ، فَاتَنَا الْغَزْوُ الْعَامَ، وَقَدْ أُخْبِرْنَا أَنَّهُ مَنْ صَلَّى فِي الْمَسَاجِدِ الْأَرْبَعَةِ غُفِرَ لَهُ ذَنْبُهُ. فَقَالَ: يَا ابْنَ أَخِي، أَدُلُّكَ عَلَى أَيْسَرَ مِنْ ذَلِكَ؟ إِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: مَنْ تَوَضَّأَ كَمَا أُمِرَ، وَصَلَّى كَمَا أُمِرَ، غُفِرَ لَهُ مَا قَدَّمَ مِنْ عَمَلٍ. أَكَذَلِكَ يَا عُقْبَةُ؟ قَالَ: نَعَمْ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Асым ибн Суфиян әс-Сақафидің (р.а.) айтуынша, олар Сәләсил жорығына шығып, шайқасқа үлгермеген соң, шекарада күзетте қалады. Кейін әзірет Мұғауияға қайтып келеді. Оның жанында Әбу Әйюб пен Уқба ибн Амир бар еді. Асым: «Уа, Әбу Әйюб, биыл шайқасқа үлгермедік. “Кім төрт мешітте намаз оқыса, күнәсі кешіріледі” деген хабар естідік», – дейді. Әбу Әйюб: «Бауырымның баласы, бұдан оңайын айтайын ба? Алла елшісінің (с.а.с.): “Кім бұйырылғандай дәрет алып, бұйырылғандай намаз оқыса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі”, – дегенін естідім. Уа, Уқба, солай еді ғой?» – дейді. Уқба: «Иә», – деп жауап береді1.

Түсіндірме

1. Хадисте дәретті толық алып, намазды тиісінше өтеу жорыққа қатыса алмаған кісінің рухани шығынының орнын толтыруға себеп болуы мүмкін екені айтылады. Асым не себепті Сәләсил жорығына үлгермегенін нақтыламайды. Ол орнын толтырар амал іздеп, төрт мешітте намаз оқу туралы кеңес естиді. Соған көңілі орнықпай, әзірет Мұғауияның жанындағы Әбу Әйюб әл-Ансариге жүгінеді. Әбу Әйюб дәретті толық алып, намазды тиісінше өтеу бұрынғы күнәларға кәффарат болатыны жайлы сүйінші хабарды жеткізеді. Оны Солтүстік Африка жорықтарына қатысқан Уқба ибн Амир (р.а.) да растайды.

2. Бұл риуаят сахабалардың Алла жолындағы күреске және күнәларын кешіртетін амалдарды іздеуге қаншалықты құлшынғанын көрсетеді.

3. Хадистегі «фарабату» сөзін «шекарада күзетте қалды» деп аудардық. Түбірлес «рибат» сөзі бірнеше мағынада қолданылады. «Рабт» түбірі «байлау» дегенді білдіреді. «Рибат» байлау құралын, Алла жолына байланған атты немесе Алла жолында тұрақтайтын әскери бекет, зікірхана секілді орынды да білдіреді. Алғашқы дәуірлерде шекара бойына салынған шағын бекіністер де «рибат» аталған. Оларда мешіт, кітапхана, монша, ат байлайтын орын, сарбаздар жататын жай болған. Сарбаздар жорықтан тыс уақытын зікір мен ілімге арнаған. Осылайша бұл сөз діни істер мен жауынгерлік міндетті де қамтиды. «Рибат» дүние мен ақыретке қатысты міндетті бір істе тоғыстырған мекеме де болған. Сопылық қолданыста тәккені де осылай атаған.

Сөздің мағына аясының кеңеюіне Құран кәрім де ықпал еткен: «Уа, иман келтіргендер! Алла жолында ауыртпалықтарға сабырлылық танытыңдар! Жаумен бетпе-бет келгенде барынша табандылық танытыңдар, табанды болуда олардан асып түсіңдер. Аллаға құлшылық етуге һәм Оның жолында күресуге келгенде, әрдайым сақадай сай болып дайын тұрыңдар, әрі бір-біріңе сүйеу болыңдар. Аллаға қарсы келуден сақтанып, әрдайым тақуалық шеңберінде өмір сүріңдер. Міне, осылайша азаптан құтылып, мақсат-мұраттарыңа жетесіңдер»2. Кей ғалым аяттағы «уә рабиту» сөзін «шекарада күзетіңдер» деп түсіндіреді. Алла елшісі (с.а.с.) кей хадистерінде «рибат» сөзін құлшылықтағы ыждағаттылық мағынасында қолданған. Әбу Һурайраның жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Алла күнәларды өшіріп, дәрежелерді көтеретін амалдарды айтайын ба? Олар – қиындыққа қарамастан дәретті толық алу, мешіттерге жиі бару және бір намаздан кейін келесі намазды күту. Міне, рибат деген осы. Міне, рибат деген осы».3 Ғалымдар осы хадиске сүйеніп, «рибат» мешітте отырып немесе келесі намазды ойдан шығармай, оның уақытын күтуді де білдіреді дейді.

Осы түсіндірмеге сүйенсек, Әбу Әйюб әл-Ансари (р.а.) «рибат» сөзін осы мағынада түсінген. Жорыққа қатыса алмаған Асым ибн Суфиянға дәретті толық алып, намазды тиісінше өтеу де рибатқа, яғни Алла жолындағы күреске жататынын айтқан.

Кей ғалым аяттағы әмірді «нәпсі мен тәнді құлшылыққа байлау» деп түсіндіреді. Оны «шекарада дұшпанға қарсы күзетке тұрып, шабуылына тойтарыс беру» деп ұққандар да сөздің түпкі мағынасынан алшақтамайды. Жағдайға қарай бұл амалдардың бірі екіншісінен абзал болуы мүмкін. Синди: «Бұл амалдар шайтанның адамға азғыру салатын жолын бөгейді, нәпсіні құмарлықтан тыяды. Нәпсі мен шайтанға қарсы күрес – ең үлкен жиһад. Өйткені кісі сол күресте өзінің ең үлкен дұшпаны – нәпсісін жеңеді. Алла елшісі (с.а.с.) осы күрестің маңызын аңғарту үшін “рибат” сөзін қолданып, оны үш рет айтқан», – дейді.

  1. 1Нәсәи, «Таһарат», 108 (144, 1/90–91).
  2. 2«Әли Имран» сүресі, 200-аят.
  3. 3Мүслим, «Таһарат», 41 (251).