وَعَنْ أَبِي أُمَامَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «بَيْنَا رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي الْمَسْجِدِ، وَنَحْنُ مَعَهُ، إِذْ جَاءَ رَجُلٌ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنِّي أَصَبْتُ حَدًّا فَأَقِمْهُ عَلَيَّ. فَسَكَتَ عَنْهُ، ثُمَّ أَعَادَ فَسَكَتَ، وَأُقِيمَتِ الصَّلَاةُ. فَلَمَّا انْصَرَفَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ تَبِعَهُ الرَّجُلُ، وَاتَّبَعْتُهُ أَنْظُرُ مَاذَا يَرُدُّ عَلَيْهِ، فَقَالَ لَهُ: أَرَأَيْتَ حِينَ خَرَجْتَ مِنْ بَيْتِكَ، أَلَيْسَ قَدْ تَوَضَّأْتَ فَأَحْسَنْتَ الْوُضُوءَ؟ قَالَ: بَلَى يَا رَسُولَ اللَّهِ. قَالَ: ثُمَّ شَهِدْتَ الصَّلَاةَ مَعَنَا؟ قَالَ: نَعَمْ يَا رَسُولَ اللَّهِ. قَالَ: فَإِنَّ اللَّهَ تَعَالَى قَدْ غَفَرَ لَكَ حَدَّكَ، أَوْ قَالَ: ذَنْبَكَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.
Әбу Умама (р.а.) былай дейді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге мешітте едік. Бір кісі келіп: “Уа, Алланың елшісі, хадд жазасына тартылатын күнә істедім, жазамды беріңіз”, – деді. Алла елшісі үндемеді. Кісі сөзін қайталады. Алла елшісі тағы үндемеді. Намаз басталды. Алла елшісі (с.а.с.) намаздан шыққан соң, әлгі кісі соңынан ерді. Не жауап беретінін білгім келіп, мен де ілестім. Алла елшісі оған: “Үйден шыққанда, дәретіңді дұрыстап алдың ба?” – деді. Ол: “Иә, уа, Алланың елшісі”, – деді. “Содан кейін бізбен бірге намаз оқыдың ба?” – деп сұрады. Кісі: “Иә, уа, Алланың елшісі”, – деді. Сонда ол: “Алла тағала хаддыңды кешірді”, – деді немесе “күнәңді кешірді” деген еді»1.
Түсіндірме
Бұл хадиске қатысты ғалымдар «Басшы шариғатта белгіленген хадд жазасын кешіре ала ма?» деген мәселені талқылаған. Бұхари мағыналас риуаятты «Кісі хадд жазасына себеп болатын іс істегенін мойындап, оның түрін айтпаса, имам оны жасырын қалдыра ала ма?» деген тарауға енгізген. Риуаят Бұхари мен Мүслим жинақтарында жеткенімен, Әбу Бәкір әл-Бәрзәнжи оның сахихтығына күмән келтірген. Мағыналас риуаяттар болғандықтан, ғалымдар хадистің мағынасын анықтауға ден қойған. Негізгі қағида бойынша, хадд жазасын талап ететін іс дәлелденсе, жаза қолданылады. Осы хадиске ғалымдар бірнеше түсіндірме берген.
• Кісі хадд жазасын талап етпейтін күнә жасап, оны өз ұғымында ауырлатып, хадд жазасы қолданылатын іс деп ойлаған болуы мүмкін.
• Бұхари қойған тарау атауынан шығатын тұжырым бойынша, кісі істегенін мойындап, оның түрін айтпаса және тәубе етсе, имамның хадд жазасын қолдануы уәжіп болмайды.
• Хаттаби: «Алла елшісі (с.а.с.) ол кісінің кешірілгенін уахи арқылы білген болуы мүмкін. Әйтпесе, істің түрін анықтап, соған тиісті жазаны қолданар еді», – дейді.
Хаттаби тағы былай дейді: «Бұл хадис хадд жазасын талап ететін істі қазбаламай, мүмкіндігінше оны ашпай қою керегін аңғартады. Риуаяттағы кісі қандай іс істегенін нақты айтқан жоқ. Бәлкім, кіші күнә істеп, оны хадд жазасы белгіленген ауыр күнә деп ойлаған болар. Алла елшісі (с.а.с.) оны қазбаламаған. Өйткені күмәнді істе хадд жазасы қолданылмайды. Оның мән-жайын сұрамауы аятта тыйым салынған тіміскілеуден сақтану, күнәні жария етпеуді жөн көру және әлгі кісінің жаза сұрауынан өкініп, тәубеге келгенін аңғару себептерінен болуы мүмкін».
Осы хадиске сүйенген ғалымдар хадд жазасын талап ететін істі мойындаған кісіге, жаза қолданылмауы үшін, мойындаған сөзінен қайтуға тұспалдап не ашық ишара етуді мұстахаб санаған.
Нәуәуи мен бірқатар ғалым риуаяттағы кісінің ісін кіші күнәға жатқызған. Бұған намаздың әлгі күнәға кәффарат болғанын дәлел етеді. Көпшілік ұстанған қағида бойынша, намаз кіші күнәларға кәффарат. Кейде намаздың арқасында үлкен күнә да кешірілуі мүмкін. Мысалы, бір кісі көптеген кіші күнәсінің кешірілуіне жетерлік нәпіл амал атқарса, кіші күнәлары болмаса немесе аз болса, бірақ бір үлкен күнәсі болса, сол көп нәпіл амалы үлкен күнәсінің де кешірілуіне себеп болуы мүмкін. Өйткені Алла ізгі іс істегеннің амалын зая етпейді.
• Риуаяттың бір нұсқасында Алла елшісіне (с.а.с.) келген кісі: «Уа, Алланың елшісі, зина істедім, хадд жазасын қолданыңыз», – деген. Кісінің ашық мойындауына қарамастан, Алла елшісінің (с.а.с.) жаза қолданбағанына сүйенген кей ғалым оның шариғат бойынша зина саналмайтын істі зина деп ойлаған болуы мүмкін деген.
• Кей ғалым осы хадистен «Кісі тәубе етіп келіп, күнәсін мойындаса, оған хадд жазасы қолданылмайды» деген үкім шығарған. Сонымен бірге рауилердің бірі «хадд жазасына тартылатын іс істедім» деген сөзді «зина істедім» деп түсініп, солай жеткізуі де мүмкін. Ғалымдардың көбі осы тұста Бұхариде келген нұсқаны негізге алады.
• Бұл үкім риуаятта айтылған кісіге ғана қатысты болуы да мүмкін. Алла елшісі (с.а.с.) оның күнәсін Алла намазының арқасында кешіргенін хабарлады. Мұны тек уахи арқылы білуге болады. Алла елшісінен (с.а.с.) кейін уахи тоқтағандықтан, мұндай үкімге негіз болған хабар да тоқтады. Кей ғалымдар Әбу Умама хадисінің сыртқы мағынасынан үш тұжырым шығарған:
1. Кісі мойындаған сөзінен қайтпай, істің түрі анықталғанда, хадд жазасы қолданылады.
2. Бұл үкім оқиғада айтылған кісіге ғана қатысты.
3. Тәубе арқылы хадд жазасы түседі.
Осы үш тұжырымды келтірген ғалым үшіншісін ең негізді деп санаған.
- 1Мүслим, «Тәубе», 45 (2765). Әбу Дәуіт, «Худуд», 9 (4381). Мағыналас Әнәс риуаяты төменде № 2321-де берілген.