Хадис

Кутуб ситтә, № 2315

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
342. № 2303–2317 хадистер
Нөмірі
№ 2315 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 13
2315
Кутуб ситтә, № 2315 · тараудағы реті: 13Риуаят етуші: Әбу Һурайра

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَصْدَقُ كَلِمَةٍ قَالَهَا شَاعِرٌ كَلِمَةُ لَبِيدٍ: أَلَا كُلُّ شَيْءٍ مَا خَلَا اللَّهَ بَاطِلٌ، وَكَادَ أُمَيَّةُ بْنُ أَبِي الصَّلْتِ أَنْ يُسْلِمَ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Шайыр айтқан ең шын сөз – Ләбидтің ‘Біліп қой, Алладан өзгенің бәрі баянсыз’ деген сөзі. Умәйя ибн Әбу Салт мұсылман болуға шақ қалды”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Хадисте аталған Ләбид – арабтың ең көрнекті шайырларының бірі. Толық аты – Ләбид ибн Рабиға ибн Амир ибн Мәлик, Әмир әл-Жағфар әулетінен. Өз қауымынан Жағфар әулетімен бірге Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, Исламды қабылдаған. Жаһилият дәуірінде де, Исламды қабылдағаннан кейін де қауымы арасында беделді болған.

Тарихшылардың көбі Ләбид Исламды қабылдаған соң өлең айтпаған дейді. Бұған қатысты мынадай риуаят бар. Ләбид таңғы жел ескен сайын мал сойып, етін елге таратамын деп серт берген. Кейін Куфаға көшеді. Бір күні таңғы жел ескенін байқаған Муғира ибн Шуғба: «Әбу Ақилға айтыңдар, сертін орындасын», – дейді. Алайда Ләбидтің мал союға шамасы жетпейді. Мұны естіген Уәлид ибн Уқба ибн Әбу Муайт мінберге шығып: «Әбу Ақил серт бергенін білесіңдер. Оны орындауға шамасы жетпей тұр. Бауырларыңа көмектесіңдер», – дейді. Жұрт оған жүз түйе жібереді. Ләбид сертін орындайды.

Әзірет Омар (р.а.) бір күні одан: «Бізге өлеңдеріңнен оқып берсеңші», – деп өтінеді. Ләбид: «Алла маған “Бақара” мен “Әли Имранды” үйреткелі өлең оқымаймын», – дейді. Осы жауабы үшін әзірет Омар оның екі мың дирхам жәрдемақысына бес жүз дирхам қосады. Кейін әзірет Мұғауия (р.а.) билікке келгенде: «Екі мыңның жөні белгілі. Қалғанын не үшін алып жүрсің?» – деп, үстемені қысқартқысы келеді. Ләбид: «Мен көп ұзамай өлемін. Жәрдемақы да, басқасы да өзіңе қалсын», – дейді. Мұғауия жәрдемақыны бұрынғы мөлшерінде қалдырады. Ләбид көп ұзамай дүние салады. Тарихшылардың кейбірі Ләбид Мұғауия заманына жетпей, әзірет Османның тұсында, Уәлид ибн Уқба Куфаға уәли болып тұрған кезде қайтыс болған дейді. Имам Мәлик Ләбидтің жүз қырық жас жасағанын естігенін айтады. Бір риуаятта оның һижраның 41-жылы дүние салғаны айтылады.

2. Умәйя ибн Әбу Салт туралы № 2307 хадистің түсіндірмесінде айтылды.

  1. 1Бұхари, «Әдеп», 90, «Мәнәқибул-ансар», 20, «Риқақ», 29. Мүслим, «Өлең-жыр», 3 (2256). Тирмизи, «Әдеп», 70 (2849, Ләбидтің сөзі келтірілген нұсқа).