Хадис

Кутуб ситтә, № 2307

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
342. № 2303–2317 хадистер
Нөмірі
№ 2307 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
2307
Кутуб ситтә, № 2307 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ عَمْرِو بْنِ الشَّرِيدِ، عَنْ أَبِيهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «رَدِفْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَوْمًا، فَقَالَ: هَلْ مَعَكَ مِنْ شِعْرِ أُمَيَّةَ بْنِ أَبِي الصَّلْتِ شَيْئًا؟ قُلْتُ: نَعَمْ. قَالَ: هِيهِ. فَأَنْشَدْتُهُ بَيْتًا فَقَالَ: هِيهِ. ثُمَّ أَنْشَدْتُهُ بَيْتًا فَقَالَ: هِيهِ. حَتَّى أَنْشَدْتُهُ مِائَةَ بَيْتٍ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шәрид әкесінен (р.а.) былай жеткізеді: «Бір күні Алла елшісінің (с.а.с.) көлігіне мінгестім. Ол менен: “Умәйя ибн Әбу Салттың өлеңдерінен жатқа білетінің бар ма?” – деп сұрады. “Иә”, – дедім. “Айт”, – деді. Бір бәйіт оқыдым. “Жалғастыр”, – деді. Тағы бір бәйіт оқыдым. Ол тағы да жалғастыруымды сұрады. Осылайша оған жүз бәйіт оқып бердім»1.

Түсіндірме

1. Хадистегі «айт» деп аударылған сөздің түпнұсқасы – «һиһ». Ол етістіктен жасалмаған. Қазақша «м-м» дегендей дыбыстауға болады. Бұл жерде «қане», «айт», «жалғастыр» деген ишараны білдіреді.

2. Умәйя ибн Әбу Салт – жаһилият дәуірінің сауатты шайырларының бірі. Ол көне діни кітаптарды оқып, Ибраһим мен Исмайылдың (а.с.) дінін ұстанған, ішімдік пен зинаны харам санап, пұттарға табынбай, жалғыз Аллаға құлшылық еткен. Жаһилияттағы «бисмикаллаһумма» деген сөзді алғаш осы кісі қолданып, кейін меккеліктер арасына жайылғаны айтылады. Ол діни кітаптардан Хижазда пайғамбар шығатынын оқып, оның Құрайыштан болатынын әрі қырық жасында пайғамбарлық алатынын білгенге дейін, сол пайғамбар өзі болар деп үміттенеді. Мұхаммедке (с.а.с.) пайғамбарлық берілгенде, іші қызғанышқа толып, Исламды қабылдамайды. Оның Бәдірде қаза тапқан құрайыштықтарға шығарған жоқтау жыры мәлім. Әбу Убайда оны Сақиф тайпасының ең мықты шайыры санағанын айтады. Ибн Хажардың «Сахиб әл-миръаттан» жеткізуінше, Умәйя бір кездері Алла елшісінің (с.а.с.) пайғамбарлығына сеніп, Мәдинаға һижрет етпес бұрын мал-мүлкін алу үшін Тайыфтан Хижазға келген. Бәдірге түскенде одан: «Уа, Әбу Осман, қайда барасың?» – деп сұрайды. Ол: «Мұхаммедке ергім келеді», – дейді. «Мына құдықта кімдер жатқанын білесің бе?» – дегенде, білмейтінін айтады. Сонда олар: «Нағашыңның екі ұлы Утба мен Шәйба және тағы басқа адамдар осы құдықта», – дейді. Бұған күйінген Умәйя түйесінің мұрнын кесіп, киімін жыртып, жылайды да, Тайыфқа қайтады. Сол жерде дүние салады. Оның қайтыс болған жылы туралы пікірлер һижраның екінші және тоғызыншы жылдарының аралығын қамтиды. Жинақта тарихшылар оның мұсылман болмай дүние салғанына келіскені айтылады. Кейбір ғалым «Ағраф» сүресінің 175-аяты оған қатысты түскен деп жорамалдайды. Умәйя жырларында таухид, өлім, ақырет және Аллаға иман тақырыптары қозғалады. Бір қасидасы «Қиямет күні Алланың алдында ханиф дінінен өзге дін жарамсыз» деп басталса, тағы бірі «Раббым! Мені мәңгі кәпір қылма, жүрегімнің сырын үнемі иман ет» деп басталады. Осындай ойлар үшін Алла елшісі (с.а.с.) оның өлеңін анда-санда тыңдағысы келіп, тыңдаған соң бағасын берген. «Өлеңі иман келтірді, жүрегі күпірде қалды», тағы бірде «Умәйя ибн Әбу Салт иман келтіруге шақ қалды» дегені жеткізілген. Оның қасидаларында серік алмаған, құлдарын өлшеммен жаратқан Аллаға мадақ айтылып, шайырдың шүкір ету үшін жүзі мен бүкіл денесі сәждеге баратыны жырланады. Бір өлеңінде ол түн мен күндіздің мерзімі бөлек белгіленгенін, Алла күндізді жарығы тарап тұрған күнмен нұрландыратынын айтады. Тағы бірінде өлімнен кейінгі өмірдің хабарын жеткізер пайғамбар келсе деп тілейді. Ата-анамыз бізді өсіріп жүргенде өлді, біз де балаларымызды өсіріп жүріп өлеміз, кейінгілер де сол жолмен кететінін білгеніміздің өзі бізге пайда бермейді дейді. Өз жүрегіне қайырылған бір жырында өткеннен ғибрат алуға, жамандықты тастауға, тура жолдан таймауға, өлім мен қайта тірілуді ұмытпауға үндейді. Дүние адамды алдайтынын, онда іші кекке толы дұшпан барын ескертеді.

Алла елшісі (с.а.с.) жаһилият дәуірінде тыңдаған сөз шеберлерінің бірі – Қус ибн Сағида. Оны пайғамбарлық келмей тұрып, Уқаз жәрмеңкесінде тыңдаған. Кейін осы хикметті құтба есіне түсіп, оны жатқа білетін кісі бар-жоғын сұрайды. Әбу Бәкір (р.а.) жаттағанын айтып, басынан аяғына дейін оқып береді. Бізге жеткен құтбаның қысқаша мазмұны мынадай: «Уа, халайық! Келіңдер, тыңдаңдар, көңілге түйіңдер, ғибрат алыңдар. Тірі жан өледі, өлген жан пәни дүниеден кетеді. Болар іс болады. Жаңбыр жауады, шөп өседі. Бала туып, ата-анасының орнын басады да, ақыры өзі де дүниеден өтеді. Бір оқиғаның ізін бір оқиға басады. Құлақ салыңдар: көкте хабар, жерде ғибрат бар. Жер – бір қарыс құбылған төсеніш, көк – биік күмбез. Жұлдыздар көшеді, теңіздер тынады. Келген қалмайды, кеткен қайтпайды. Барған жеріне разы болып қалды ма, әлде сонда қалып, ұйқыға кетті ме? Ант етемін, Алланың алдында біз ұстанғаннан қайырлы дін бар. Алланың бір елшісі бар, келер шағы таяу, көлеңкесі бастарыңа түсті. Оған еріп, тура жол тапқан адам қандай бақытты! Оған қарсы келген адам қандай сорлы! Өмірін ғапылдықта өткізген қауымға өкініш болсын! Уа, жамағат! Әкелерің мен аталарың қайда? Зәулім сарайлар мен тастан салған үйлер, Ад пен Сәмуд қауымы қайда? Дүниенің байлығына мастанып, “Мен сендердің ең ұлы Раббыларыңмын” деген Перғауын мен Нәмруд қайда? Олар сендерден бай, сендерден қуатты емес пе еді? Дүние оларды диірменіне салып үгітіп, тозаң қылды. Сүйектері шіріп, үйлері қаңырап қалды. Қазір сол жұртта иттер жүр. Олардай ғапыл болып, олардың жолына түспеңдер. Бәрі жоғалады, жалғыз Ұлы Алла қалады. Оның теңі де, серігі де жоқ. Құлшылық етуге лайық жалғыз – Алла. Ол тумаған да, туылмаған. Бұрынғылардың өмірінен алар ғибратымыз көп. Өлім өзенінің кірер жері бар да, шығар жері жоқ. Үлкен-кіші түгел көшіп барады, кеткен қайтып келмейді. Жұрттың басына түскеннің мені де айналып өтпейтінін ұқтым».

Өзге өлеңдері мен хикметті сөздері бар Қус ибн Сағида жайында Алла елшісі (с.а.с.): «Алла Қусты кешіріміне бөлесін. Ол жалғыз өзі бір үмбет болып тіріледі», – деген. Қустың қайта тірілу мен ақырет туралы бір өлеңінің мағынасы мынадай: «Уа, марқұмды жоқтаған жан! Өлілер қабірде жатыр. Бар дүниесінен үстінде бір жапырақ кебін ғана қалды. Оларды өз жайына қой, ұйықтасын. Бір күні олар шақырылады. Сонда ұйқыдан тұрғандай оянып, алғаш жаратылған қалпында шақырылған жаққа барады. Бірі жалаңаш, бірі киімді келеді. Киімділердің бірінде жаңа, бірінде ескі киім болады».

  1. 1Мүслим, «Өлең-жыр», 1 (2255а).