وَفِي أُخْرَى لِلنَّسَائِيِّ: «نَهَى عَنِ الْمُزَابَنَةِ وَالْمُخَاضَرَةِ وَالْمُخَابَرَةِ». قَالَ: «وَالْمُخَاضَرَةُ بَيْعُ الثَّمَرِ قَبْلَ أَنْ يَزْهُوَ، وَالْمُخَابَرَةُ بَيْعُ الْكُدْسِ بِكَذَا وَكَذَا صَاعًا». زَادَ الْبُخَارِيُّ عَنْ أَنَسٍ: «وَالْمُلَامَسَةِ وَالْمُنَابَذَةِ».
Нәсәидің тағы бір риуаятында: «Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мүзәбәнәға, мұхадараға және мұхабараға тыйым салды», – делінген. Рауидің түсіндіруінше, мұхадара – жемісті түсі өзгеріп, пісуге бет алмай тұрып сату. Мұхабара – үйілген өнімді шамалап, пәлен сағқа сату.
Бұхари Әнәстан жеткен риуаятта «мұламаса мен мұнабазаға да тыйым салды» деген сөзді келтіреді.1
Түсіндірме
«الْكُدْسُ»: الطَّعَامُ الْمُجْتَمَعُ كَالصُّبْرَةِ.
Үйілген өнімді арабша «кудс» деп атайды.
Мұламаса – сауда кезінде екі жақтың бірінің: «Мен сенің киіміңе қол тигізсем немесе сен менің киіміме қол тигізсең, сауда бекіді», – деуі.
Мұнабаза да осыған ұқсайды. Саудаласушылар бір-бірінің киімін көріп тексерместен, оны бір-біріне лақтырған сәтте сауда бекіді деп келіседі.
Мұламаса мен мұнабазаның қалай жасалатыны жайында ғұламалар түрлі пікір айтқан. Көпшілігі бүктеулі күйінде немесе қараңғыда әкелінген матаны ашып көрместен, оған қол тигізумен бекитін сауданы мұламаса деп атаған. Мұндайда мата иесі: «Мына матаны саған осынша бағаға саттым. Қол тигізгенің көргеніңмен бірдей. Матаны ашып көрген соң оны қайтаруға құқығың болмайды», – дейді. Сатып алушы осы шартқа келісіп, матаға қол тигізгенде, сауда бекіген саналады. Мұнабазада лақтырылатын заттың тас па, мата ма екені жайында да түрлі пікір бар. Егер тас лақтырылса, сатушы: «Мына тас матаға тисе, мата сатылды деп есептейміз» немесе «Тасым жеткен жерге дейінгі телімді саған сатамын», – дейді.
Мұндай саудада алдану мен алдауға оңай жол ашылады. Сондықтан Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған тыйым салған.
- 1Нәсәи, «Музараға» (3883, «Дар ат-Тасил» басылымында 3917). «Кудс» (үйілген өнім) сөзі мен сауда түрлерінің тізімі қолжазба нұсқаларында әртүрлі берілген. Бұхари, «Буюғ», 93 (2207). Ибраһим Жанан, «Кутуб-и ситте аудармасы мен түсіндірмесі», 3-т., 42-б.