وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: أَنَّهُ سَأَلَهُ رَجُلٌ عَنِ الْعَصِيرِ، فَقَالَ: «اشْرَبْهُ مَا كَانَ طَرِيًّا». قَالَ: «إِنِّي أَطْبُخُهُ، وَفِي نَفْسِي مِنْهُ شَيْءٌ». فَقَالَ: «أَكُنْتَ شَارِبَهُ قَبْلَ أَنْ تَطْبُخَهُ؟» قَالَ: «لَا». قَالَ: «فَإِنَّ النَّارَ لَا تُحِلُّ شَيْئًا قَدْ حُرِّمَ». أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.
Бір кісі Ибн Аббастан (р.а.) жүзім шырыны жайында сұрады. Ибн Аббас: «Жаңа сығылған күйінде іш», – деді. Кісі: «Мен оны қайнатамын, сонда да күмәнім бар», – деді. Ибн Аббас: «Оны қайнатпай тұрып ішер ме едің?» – деп сұрады. Әлгі кісі: «Жоқ», – деді. Сонда Ибн Аббас: «От харам етілгенді адал қылмайды», – деді1.
Түсіндірме
Атадан жеткен риуаят бойынша, Ибн Аббас (р.а.) «От харам етілгенді адал қылмайды» дегенде, №2290 хадистегі шыраның үштен екісін қайнатып буландырса, қалғанын ішуге болады деген пәтуаға қарсы пікір білдірген.
Ибн Хажар былай дейді: «Бұл риуаят бұрынғы хабарларда жалпылай айтылған үкімнің шартын көрсетеді. Ол хабарларда әлі мас қылатын күйге жетпеген жаңа шыраны қайнату сөз болған. Ибн Аббастың пікірінше, шыра ашып, шарапқа айналып, мас қылатын қасиетке ие болса, қайнатумен адал болмайды, өйткені қайнату оны тазартпайды.
Кей ғалымдар шарап сірке суына айналса, адал болады деген. Көпшілік ғалымдар бұл пікірді құптамайды. Олар Мүслимде және басқа дереккөздерде Әнәс пен Әбу Талхадан жеткен “Шыраны қайнап көтерілмей тұрып іш” деген риуаятқа сүйенеді. Кей нұсқада “Өзгермей тұрып” делінген. Ертедегі көп ғалымның, соның ішінде Әбу Юсуфтың пікірінше, шыраның күйі өзгере бастаса, оны ішуге болмайды. Оның бір белгісі – өздігінен қайнай бастауы. Әбу Ханифаның пікірінше, шикі жүзім шырыны өздігінен қайнап, көбік тастамайынша харам болмайды. Ал қайнап, көбік тастаса, харам болады. Үштен екісі буланып, үштен бірі қалғанша пісірілген шыраға бірден тыйым салынбайды, тіпті пісірілгеннен кейін қайнап, көбік тастаса да солай. Имам Мәлик, Шәфиғи және көпшілік ғалымдар: “Сусын мас қылатын болса, оның азы да, көбі де ішілмейді. Көтерілген-көтерілмегені маңызды емес. Сусын көтеріліп, қайта басылғанда да мас қылатын күйге жетуі мүмкін”, – деген».
- 1Нәсәи, «Әшриба», 54 (8/331, 5729).