Хадис

Кутуб ситтә, № 2271

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
336. Ішімдікке тыйым және ішімдік ішкендерге ескерту
Нөмірі
№ 2271 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
2271
Кутуб ситтә, № 2271 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әнәс

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «لَعَنَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي الْخَمْرِ عَشَرَةً: عَاصِرَهَا، وَمُعْتَصِرَهَا، وَشَارِبَهَا، وَحَامِلَهَا، وَالْمَحْمُولَةَ إِلَيْهِ، وَسَاقِيَهَا، وَبَائِعَهَا، وَآكِلَ ثَمَنِهَا، وَالْمُشْتَرِيَ لَهَا، وَالْمُشْتَرَاةَ لَهُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) хамрға қатысы бар он кісіге лағынет айтты: оны жасау үшін шикізатты сыққанға және сықтырғанға, ішкенге, тасығанға және кімге тасылса, соған, құйып бергенге, сатқанға, ақшасын жегенге, сатып алғанға және кімге арнап сатып алынса, соған»1.

Түсіндірме

Бұл хадис шарапты жасаудан бастап, оны тұтынушының қолына жеткізгенге дейінгі әрбір іске қатысуға тыйым салады. Лағынет шарапқа жарайтын өнімді өсірушілерге өздігінен жүрмейді, өйткені өнімді өзге мақсатқа да пайдалануға болады. Мәселен, жүзім – Алла тағаланың адамға берген нығметі. Оны жаңа үзілген күйінде де, кептіріп те жейді, шырынынан сірне қайнатады, жапырағын асқа қосады. Алайда шарап өндірісін қамтамасыз ету үшін арнайы өнім өсіру және шарап жасайтынын біле тұра оны өндірушілерге сату жөнінде Әли әл-Қари «Мирқат» еңбегінде мұның да харам екенін айтқан. Ол Тибиден мына сөзді келтіреді: «Жүзімді шарап жасау үшін сығатын кісіге сатып, одан ақы алған адам да лағынетке лайық. Өйткені ол өзіне харам етілген ішімдіктің шикізатын шарап жасайтынын біле тұра сатып отыр. Мұндай адамдар “Алла яһудилерді құртсын! Өздеріне ішмай харам етілсе де, оны тасып, сатты” деп айтылған кісілерден алыс емес».

  1. 1Тирмизи, «Буюғ», 59 (1295) • Ибн Мәжа, «Әшриба», 6 (3381). «Тәйсирде» Тирмизидің «кімге арнап сатып алынса, соған» деген сөзінің орнында «сыйға бергенге» (وَوَاهِبَهَا) деп берілген.