Хадис

Кутуб ситтә, № 2259

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
334. Осы тақырыпқа қатысты басқа да хадистер
Нөмірі
№ 2259 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
2259
Кутуб ситтә, № 2259 · тараудағы реті: 1

ـ1 عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «كَانَ النَّبِيُّ ﷺ يُسْتَعْذَبُ لَهُ الْمَاءُ مِنْ بُيُوتِ السُّقْيَا». قَالَ قُتَيْبَةُ: «هِيَ عَيْنٌ بَيْنَهَا وَبَيْنَ الْمَدِينَةِ يَوْمَانِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Айша (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) әс-Сұқия қонысынан тұщы су әкеліп тұратын».

Құтайба: «Әс-Сұқия – Мәдинадан екі күндік жердегі бұлақ», – дейді1.

Түсіндірме

1. Хадисте Алла елшісіне (с.а.с.) Мәдинадан екі күндік жолдағы әс-Сұқия деген жерден су жеткізілгені айтылады. Суюти әс-Сұқияны Мекке мен Мәдина арасындағы бұлақ деп сипаттайды. Мәдинаның суы көбіне тұзды болғандықтан, ол жерден тұщы әрі дәмді су алдырған.

Алла елшісі (с.а.с.) Мәдинаның ішуге жарамды құдықтарынан да су ішкен. Бұл жайында риуаят көп. Кей кітаптарда сол құдықтардың аты да берілген. Ибн Сағд «Табақатында» төрт бетке құдықтардың тізімі мен оларға қатысты риуаяттарды келтірген. Мысалы, Әбу Талха Алла жолында садақа еткен Бәйруха бағының көлеңкесі салқын, құдығының суы тұщы болғандықтан, Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған жиі барған. Бір риуаятта Мәдинадан төрт-бес шақырым жердегі Құба ауылында Ғарс құдығынан түйесін суарып, өзі де су ішкені және «Бұл – жәннат бұлақтарының бірі» дегені айтылады.

Алла елшісі (с.а.с.) тұщы су ішкен тағы бір құдық – Әбул-Хәйсам ибн Тәйиһанға тиесілі Жасим құдығы.

Солардың тағы бірі – Будаға құдығы. Сәһл ибн Сағд (р.а.): «Алла елшісіне (с.а.с.) Будаға құдығынан өз қолыммен су алып бердім», – деген. Пайғамбарымыз (с.а.с.) осы құдықтан бірнеше рет су ішіп, дәрет алған. Мәдинадағы әйгілі су көздерінің бірі – Рума құдығы. Иесі суын ақыға сататын. Алла елшісі (с.а.с.): «Кім осы құдықты иесінен сатып алып, садақа етсе, садақасы қабыл болады», – деген. Мұны естіген Осман (р.а.) иесі сұраған төрт жүз динарды төлеп, құдықты елге садақа етті. Содан былай жұрт оның суын тегін пайдаланды. Мұны естіген Алла елшісі (с.а.с.): «Уа, Раббым, Османға жәннатты нәсіп ете көр!» – деп дұға етті.

Алла елшісінің (с.а.с.) су ішкен басқа құдықтары да бар.

2. Ибн Хажар Алла елшісінің (с.а.с.) тұщы су ішкені туралы Бұхари риуаятын түсіндіре отырып, Ибн Батталдың сөзін келтіреді: «Дәмді су алдырып ішу зуһдқа, яғни дүние қызығына берілмей өмір сүруге қайшы келмейді. Бұл дүние қызығына алдануға жатпайды. Ал суға жұпар не өзге хош иісті зат қосу зуһд шеңберінен шығады. Имам Мәлик мұны ысырап деп, мәкрүһ санаған. Тұщы әрі дәмді су ішу және сондай суды іздеу – мүбаһ. Ізгі кісілер де солай істеген. Ащы, дәмсіз су ішудің артықшылығы да, пайдасы да, жөні де жоқ». Ибн Баттал сөзін былай жалғастырады: «Бұл хадис астың дәмдісін таңдап жеуге болатынын аңғартады. Ізгі кісілер де солай істеген. Құранда: “Уа, иман келтіргендер! Алланың сендер үшін адал еткен нығметтерін өздеріңе харам қылмаңдар...”2 – делінген. Бұл аят дәмді астан бас тартқысы келген қауымға қатысты түскен. Алла құлдарының ондай асты жеуін қаламаса, оны бермес еді. Алла оларға сол нығметтерді өздеріне харам қылуға тыйым салып, берген нығметіне шүкір етуді талап етеді. Адамдар шүкірімен де, құлшылығымен де сол нығметтердің өтеуін қайтара алмаса да, Раббымыз ризығын тоқтатпайды». Ибн әл-Мунайир бұған: «Тұщы су ішу зуһд пен тақуалыққа қайшы келмейтіні анық. Ал осы хадистің өзінен дәмді ас жеу мүбаһ деген үкім шығару қиын», – деген уәж айтады.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әшриба», 22 (3735).
  2. 2«Мәида» сүресі, 87-аят.