ـ12 وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أُهْدِيَتْ لِلنَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بَغْلَةٌ فَرَكِبَهَا. فَقُلْتُ لَهُ: لَوْ حَمَلْنَا الْحُمُرَ عَلَى الْخَيْلِ فَكَانَتْ لَنَا مِثْلَ هَذِهِ؟ فَقَالَ: إِنَّمَا يَفْعَلُ ذَلِكَ الَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ».
Әли (р.а.) былай дейді: «Алла елшісіне (с.а.с.) бір қашыр сыйға берілді. Ол қашырға мінді. Мен: “Есек пен жылқыны будандастырып, осындай қашыр алсақ ше?” – дедім. Ол: “Мұны білмейтіндер жасайды”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Риуаятта Алла Елшісінің (с.а.с.) қашырға мінгені және қашыр алу үшін есек пен жылқыны будандастыруды құптамағаны айтылады. Хаттаби мұны жылқы санының азаю қаупімен түсіндіреді. Сол дәуірде жылқы мініске, ұзақ жолға, әскер қажетіне пайдаланылған және еті желінген. Қашыр жылқының барлық қызметін атқара алмайтындықтан, Хаттаби жылқының тұқымын көбейтуге басымдық берілген деп есептеген.
Тиби жылқы мен есекті будандастырудың үкімі мен дайын қашырды мініске пайдаланудың үкімін ажыратқан. Ол мұны сурет салу және сурет түскен кілем не жастықты қолдану жөніндегі бөлек үкімдерге ұқсатқан.
2. «Мұны білмейтіндер жасайды» деген сөзді ғалымдар істің үкімін, оның салдарын және жылқының қадірін білмеуге қатысты түсіндірген.
3. Хадис қашырды асырап, мініске пайдалануға болатынын көрсетеді. Алла Елшісінің (с.а.с.) өзі қашырға мінген. Құранда да وَالْخَيْلَ وَالْبِغَالَ وَالْحَمِيرَ لِتَرْكَبُوهَا وَزِينَةً «Сендер мінсін әрі сәндеріңді келтірсін деп жылқыны, қашырды және есекті жаратты» делінген2.
Сауал бөлімі
Сауал қою әдебі – мұсылман үшін маңызды тақырыптың бірі. Дегенмен «Күтүб-ситте» авторларының ешқайсысы оған жеке бөлім арнамаған. Бізге мәлім хадис жинақтарында да «Сауал кітабы» немесе «Сауал бөлімі» деген атау кездеспейді. Бұл тақырыпқа жеке бөлім арнау – «Тәйсирдің», дәлірегі, оның негізі болған «Жамиғул-усулдың» құрылымдық ерекшелігі.
Хадис жинақтарында сауал қою әдебі көбіне әдепке арналған тараудың бір бабында, кейде риуаяттың негізгі тақырыбына сәйкес бөлімде қарастырылады. Кітабымыздың әр тұсында сауалға қатысты риуаяттар келтіріліп, оларға түсініктеме берілді. Мұнда сауал қою әдебіне қатысты хадистерді топтап ұсынамыз. Бұрын сөз болған тұстарға қысқаша тоқталамыз.