وَعَنْ خَالِدٍ بْنِ مَعْدَانَ يَرْفَعُهُ قَالَ: «قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ اللَّهَ رَفِيقٌ يُحِبُّ الرِّفْقَ وَيَرْضَى بِهِ وَيُعِينُ عَلَيْهِ مَا لَا يُعِينُ عَلَى الْعُنْفِ، فَإِذَا رَكِبْتُمْ هَذِهِ الدَّوَابَّ الْعُجْمَ فَأَنْزِلُوهَا مَنَازِلَهَا. فَإِنْ كَانَتِ الْأَرْضُ جَدْبَةً فَانْجُوا عَلَيْهَا بِنِقْيَهَا، وَعَلَيْكُمْ بِسَيْرِ اللَّيْلِ، فَإِنَّ الْأَرْضَ تُطْوَى بِاللَّيْلِ مَا لَا تُطْوَى بِالنَّهَارِ، وَإِيَّاكُمْ وَالتَّعْرِيسَ عَلَى الطَّرِيقِ فَإِنَّهَا طَرِيقُ الدَّوَابِّ وَمَأْوَى الْحَيَّاتِ».
Халид ибн Мағдан Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Алла жұмсақтық иесі. Ол жұмсақтықты сүйеді, оған разы болады. Қатаңдық танытқанға берілмейтін жәрдемді жұмсақ мәміле жасағанға береді. Мына тілсіз жануарларды мінсеңдер, оларды тиісті аялдамаларында тынықтырыңдар. Жер қуаң болса, жануарлардың қоңы таймай тұрғанда өтіп кетіңдер. Түнде жол жүруге тырысыңдар. Түнде жол күндізгіден тезірек қысқарғандай болады. Жол үстінде аялдамаңдар. Ол – жануарлардың жүретін жолы, жыландардың панасы»1.
Түсіндірме
1. «Рифқ» сөзі жұмсақтық пен биязылықты білдіреді. «Рафиқ» осы сипаттың иесі деген мағынада айтылған. Түсіндірмеде Алланың адамға жердегі жануар мен өсімдікті пайдалануға мүмкіндік беруі мейірімнің көрінісі деп қарастырылады. Кей ғалымдар «Рафиқ» мутауатир хабармен бекітілмегендіктен, оны Алланың есімі ретінде атамаған, хадистегі сипат мағынасында ғана қолданған. Нәуәуи «Рафиқ» сияқты есімдер ахад хабармен, яғни мутауатир дәрежесіне жетпеген риуаятпен бекісе де, олармен Алланы атауға болады деген.
2. Алланың жұмсақтықты сүйетіні – өзгеге жұмсақ мәміле жасаған пендеден разы болып, оның ісін жеңілдететіні. Мүслім жеткізген риуаятта жұмсақтыққа берілген игілік қаталдыққа да, басқа амалға да берілмейтіні айтылады.
«Ғунф» – қаталдық, күш көрсету, дөрекілік. «Рифқ» туралы өзге хадистерде де адамға ғана емес, барша жан иесіне жұмсақ мәміле жасау керегі айтылады.
3. Хадис мініс малына тынығуға мүмкіндік беруді бұйырады. Оны жөнсіз қамшылап, тынықтырмай жүру жануарға ауыр тиеді, жолаушының өзіне де тиімсіз. Дарақутни келтірген нұсқада мініс малын тынықтыру және шайтанның кейпіне түспеу айтылады. Түсіндірме мұны Алла жаратқан жан иесіне аяушылық танытып, берілген әмірге қарсы келмеу деп ұғындырады.
4. Хадис сол дәуірдегі жолаушыға түнде жүруді де ұсынған. Табаридің нұсқасында Алла түнде жолды бүктеп, жүрісті жеңілдететіні айтылады.
5. Түнгі сапарда тынығуға аялдаған кісі жолдан шеткері қонады. Бұл жолаушының қауіпсіздігіне де, жер бауырлап жүретін жәндікке де қолайлы. Түсіндірмелерде жәндік түнде жолға шығып, жолаушылар түсіріп кеткен азық қалдығымен қоректенетіні айтылады. Жолдың үстіне қонған кісі жәндікті мазалап, өзі де зиян шегуі мүмкін. Сонымен бірге өтіп бара жатқан жолаушыларға бөгет жасайды.
Ибн Мәжа жеткізген бір риуаятта түнде жолдың үстіне қонуға және сол жерде дәрет сындыруға тыйым салынған.
- 1Мәлик, «Муатта», «Рұқсат сұрау», 38 (2/979), Халид ибн Мағданның мүрсәл риуаяты.