وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ صَوَّرَ صُورَةً عَذَّبَهُ اللَّهُ بِهَا يَوْمَ الْقِيَامَةِ حَتَّى يَنْفُخَ فِيهَا الرُّوحَ وَمَا هُوَ بِنَافِخٍ».
Ибн Аббас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізген: «Кім бейне жасаса, Алла оны Қиямет күні сол бейнеге жан үрлегенше азаптайды. Алайда ол бейнеге жан үрлей алмайды»1.
Түсіндірме
Хадистің сөзі бейне жасауға қатысты жалпы айтылған. Ибн Аббас және басқа ғалымдар оны жан иесінің бейнесіне қатысты деп түсіндіріп, жансыз нәрселерді бейнелеуге рұқсат берген. Бейнеге жан үрлеу адамның қолынан келмейтіндіктен, сөздің сыртқы мағынасы азаптың аяқталмайтынын аңғартады. Құранда осыған ұқсас тіркес бар. إِنَّ الَّذِينَ كَذَّبُوا بِآيَاتِنَا وَاسْتَكْبَرُوا عَنْهَا لَا تُفَتَّحُ لَهُمْ أَبْوَابُ السَّمَاءِ وَلَا يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ حَتَّىٰ يَلِجَ الْجَمَلُ فِي سَمِّ الْخِيَّاطِ «Аяттарымызды өтірікке шығарып, оларды мойындаудан тәкаппарланғандарға көк қақпалары ашылмайды. Олар түйе иненің көзінен өткенше жәннатқа кірмейді»2. Әһлі сүннет ұстанымы бойынша күнәһар мұсылман тозақта мәңгі қалмайды. Ғалымдардың бір бөлігі мұндағы азапты ұзаққа созылатын жаза деп түсінген. Басқалары адамның бейнеге жан үрлеуі мүмкін еместігін ескеріп, мұндағы мәңгілік азапты кәпірлерге қатысты, ал сөздің осылай берілуін өзгелерді күнәдан тыю үшін айтылған қатаң ескерту деп түсіндіреді.
Нәуәуидің айтуынша, Ибн Аббас жеткізген риуаяттар жан иесінің бейнесін жасауға тыйым салынғанын көрсетеді. Ағаш пен тау сияқты жансыз нәрселерді бейнелеуге және осы кәсіптен табыс табуға рұқсат етіледі. Мужаһид жеміс ағашын бейнелеуді мәкрүһ санаған. Өзге ғалымдар ағаштың кез келген түрін бейнелеуге болады деген. Мужаһид мына қудси хадиске сүйенген. وَمَنْ أَظْلَمُ مِمَّنْ ذَهَبَ يَخْلُقُ خَلْقًا كَخَلْقِي. «Менің жаратқаныма ұқсатып бірдеңе жаратпақ болғаннан асқан залым бар ма?» Ал ғалымдардың көпшілігі وَيُقَالُ لَهُمْ أَحْيُوا مَا خَلَقْتُمْ. «Оларға “Жасағандарыңды тірілтіңдер” делінеді» деген хадисті дәлел еткен.