وَعَنْ زَيْدِ بْنِ أَرْقَمَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ لَمْ يَأْخُذْ مِنْ شَارِبِهِ فَلَيْسَ مِنَّا».
Зәйд ибн Әрқам (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) «Мұртын қысқартпаған кісі бізден емес» дегенін жеткізеді1.
Түсіндірме
1. Алдыңғы риуаятта мұртты қысқартып, сақалды өсіру айтылды. Бұл жолы мұрт күтіміне немқұрайды қараған адамға қатаң ескерту жасалады.
2. Ғалымдар мұрттың қаншалық қысқартылатыны жөнінде әртүрлі пікір айтқан. Алғашқы буын ғалымдарының көбі أَحْفُوا وَانْهَكُوا деген сөздерге сүйеніп, мұртты түбінен алуды жөн көрген. Куфа ғалымдары Әбу Ханифа, Зуфар, Әбу Юсуф пен Мұхаммед те шаш пен мұртты жай қысқартудан гөрі түбінен алғанды абзал санаған.
Бір топ ғалым мұртты түбінен қыруды құптамаған. Олардың қатарында мұрт қырған кісіге ескерту жасауды жөн көрген Имам Мәлик те бар. Ибн әл-Қасымның жеткізуінше, Мәлик «Мұртты қыру – мүсләнің бір түрі» деген. Мүслә деп мүрдені қорлап, дене мүшелерін зақымдауды айтады. Имам Мәлик осы теңеумен мұртты түбінен қыруды сүннетке қайшы санағанын білдірген. «Муаттада» мұртты еріннің жиегі көрінетіндей қысқарту айтылады. Кейбір мәликилер Шәфиғидің бұл мәселеде Әбу Ханифамен пікірлес болғанын жеткізген. Тахауидің айтуынша, Шәфиғидің шәкірттері әл-Музәни мен әр-Рабиғ мұрттарын түбінен алатын. Тахауи олардың осы амалды ұстазынан үйренгенін аңғартады.
Әл-Әсрамның жеткізуінше, Имам Ахмад мұртын өте қысқа алатын әрі сұрағандарға да солай істеуді айтатын. Нәуәуи Мүслімге жазған түсіндірмесінде мұртты түбінен алу немесе қысқарту адамның өз таңдауында деген ғалымдарды атаған. Тахауи Әбу Сағид, Әбу Усәйд, Рафиғ ибн Хадиж, Сәһл Ибн Сағд, Абдулла Ибн Омар, Жәбир және Әбу Һурайра сынды сахабалардың мұрттарын түбінен алғанын жеткізеді.
Мұртты түбінен қыру жөніндегі хабарлар Айша мен Әбу Һурайрадан (р.а.) да жеткен. Мұртты түбінен алуды жөн көрген ғалымдар оны барынша қысқартуды бұйырған сахих хадистерге сүйенеді. Ибн Аббас жеткізген нұсқада Алла Елшісінің (с.а.с.) мұртын қысқартқаны айтылған.
Табаридің пайымдауынша, сүннетте мұртты екі тәсілмен алуға да негіз бар. «Қасс» кесуді білдірсе, «ихфа» түбінен алуды білдіреді. Екеуіне де дәлел болғандықтан, таңдау адамның еркінде. Ибн Хажар екі амалдың да Пайғамбарға (с.а.с.) телінетін риуаяттарда келуі Табаридің пікірін қуаттайтынын айтқан.
3. Түсіндірмешілер «Бізден емес» деген сөзді «Біздің сүннетімізге сай амал еткендердің қатарынан емес» деп ұққан. Осы амалды тәрк ету адамның діннен шыққанын білдірмейді.
- 1Тирмизи, «Әдеп», № 2761. Нәсәи, «Зинат», № 5047, сондай-ақ «Таһарат», 13 (1/15).