Хадис

Кутуб ситтә, № 2111

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
300. № 2111–2117 хадистер
Нөмірі
№ 2111 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
2111
Кутуб ситтә, № 2111 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Һурайра

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّ الْيَهُودَ وَالنَّصَارَى لَا يَصْبُغُونَ فَخَالِفُوهُمْ». وَلَفْظُ التِّرْمِذِيِّ: «غَيِّرُوا الشَّيْبَ، وَلَا تَشَبَّهُوا بِالْيَهُودِ».

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Яһудилер мен христиандар ағарған шаштарын боямайды. Сендер олардан өзгеше істеңдер»1. Тирмизидің нұсқасында: «Ағарған шаштарыңның түсін өзгертіңдер. Яһудилерге еліктемеңдер», – делінген.

Түсіндірме

Бұл хадис бірнеше жолмен жеткен. Ахмад ибн Ханбалдың нұсқасында Алла Елшісі (с.а.с.) сақалы ағарған ансар қарияларына кездесіп: يَا مَعْشَرَ الْأَنْصَارِ حَمِّرُوا وَصَفِّرُوا وَخَالِفُوا أَهْلَ الْكِتَابِ. «Уа, ансарлар! Шаштарыңды қызылға не сарыға бояп, Кітап иелерінен өзгеше болыңдар», – деген. Табарани жеткізген риуаятта ағарған шаштың түсін өзгерту арқылы өзге жұрттан ерекшелену айтылған. Бұл нұсқада бояудың түсі көрсетілмегендіктен, қараға бояуды да рұқсат санағандар болған. Ал Ибн Аббас пен Жәбирдің риуаяттарында қараға бояуға тыйым айтылады. Жәбирдің Мүслімдегі нұсқасында: غَيِّرُوا هَذَا بِشَيْءٍ وَاجْتَنِبُوا السَّوَادَ. «Мына ақты бір нәрсемен өзгертіңдер, қарадан сақтаныңдар», – делінген. Ибн Аббастың Әбу Дәуіттегі нұсқасы мынадай. يَكُونُ قَوْمٌ يَخْضِبُونَ فِي آخِرِ الزَّمَانِ بِالسَّوَادِ كَحَوَاصِلِ الْحَمَامِ لَا يَرِيحُونَ رَائِحَةَ الْجَنَّةِ. «Ақыр заманда шашын көгершіннің жемсауындай қараға бояйтын адамдар шығады. Олар жәннаттың иісін де сезбейді». Нәуәуи осы екі риуаятқа сүйеніп, шашты қараға бояуды тахрими мәкрүһ санаған. Табарани Әбу Дәрдадан мына сөзді жеткізген: «Кім шашын қараға бояса, Алла Қиямет күні оның жүзін қара етсін».

Халими ер адамның шашын қараға бояуын мәкрүһ санаған. Әйел күйеуі үшін бояса, оны мәкрүһке жатқызбаған.

Имам Мәлик қынамен немесе кәтәммен бояуды рұқсат санаған. Өз пікірінше, қарадан өзге түске бояу абзал. Кәтәм – шашқа қара реңк беретін өсімдік. Ғалымдар шайқасқа қатысқан адамның шашын қараға бояуын мәкрүһ санамаған. Хадистегі сөз шаш бояуға қатысты. Өйткені яһудилер киімін, қол-аяғын бояуды тастамаған. Ер адамның қол-аяғын бояуына емдік мақсатта ғана рұқсат берілген.

Сахабалардың бір бөлігі шашын бояса, өзгелері табиғи қалпында қалдырған. Пайғамбардың (с.а.с.) шашын бояғаны жөнінде де әртүрлі риуаят жеткен.

Нәуәуи «Сахих Мүслімнің» түсіндірмесінде Қади Иядтың пікірін келтіреді. Оның айтуынша, сахабалар мен табиғиндердің үлкендері шашты бояу және бояудың түрін таңдау мәселесінде әртүрлі пікір ұстанған. Бір тобы шашты табиғи қалпында қалдыруды абзал санаған. Олар Алла Елшісінің (с.а.с.) ақ шаштың түсін өзгертуге тыйым салғанын және өзінің ағарған шашын боямағанын дәлел еткен. Мұндай пікір Әли, Омар, Үбәй (р.а.) және басқа сахабалардан жеткен. Екінші тобы бояуды абзал санаған. Кейбір сахабалар, табиғиндер мен олардың ізбасарлары шаштарын бояған. Бұл пікір Мүслім және басқа хадис жинақтарындағы риуаяттарға сүйенеді.

Шаш бояуды абзал көргендердің арасында бояудың түсіне қатысты пікір әртүрлі. Көбі сары түсті құптаған. Әли, Ибн Омар мен Әбу Һурайра (р.а.) солардың қатарында. Бірі қына мен кәтәмді, бірі зағфаранды, енді бірі қара бояуды қолданған. Осман, Әлидің ұлдары Хасан мен Хусейн, Уқба ибн Амир, Ибн Сирин және Әбу Бурда қара түсті таңдағандардың қатарында аталады.

Қади Ияд осы пікірлерді келтіріп, Табаранидің түсіндірмесін баяндайды. Алла Елшісінің (с.а.с.) ақ шашты бояуды бұйырған және тыйған риуаяттарын ол сахих санайды. Бояу туралы әмір Әбу Бәкірдің әкесі Әбу Қухафа секілді шашы мен сақалы әбден ағарған кісілерге айтылған. Тыйым шашы енді ағара бастаған адамдарға қатысты.

Қади Ияд сөзін жалғап, алғашқы буын мұсылмандарының бір тобы шашын бояп, екінші тобы боямағанын олардың жағдайының әртүрлі болуымен түсіндіреді. Ғалымдар шаш бояуға қатысты әмір мен тыйымның міндет жүктемейтініне келіскен. Сондықтан екі пікірді ұстанғандар бірін-бірі айыптамаған. Әмір айтылған бір хадис тыйым айтылған екіншісінің үкімін жойды деуге негіз жоқ. Қади Ияд пен өзге ғалымдар мәселені екі жағдайға бөліп түсіндірген.

1. Бір жерде шаш бояу дәстүр болса, одан бас тартқан адам жұрт көзіне түсіп, ерекшеленеді. Ғалымдар осылай көзге түсуді мәкрүһ санаған. Шаш бояу әдетке айналмаған жерде керісінше, бояп ерекшелену мәкрүһ саналған.

2. Үкім шаштың қалай ағарғанына да байланысты. Ағарған шаш таза әрі жарасымды көрінсе, оны табиғи қалпында қалдырған абзал. Адамның келбетіне жараспай тұрса, бояған дұрыс.

Шафиғи ғалымы Нәуәуи Қади Иядтың пікірін келтіре отырып, ерлер мен әйелдердің шашын қызыл не сары түске бояуын мұстахаб, қараға бояуын харам деп көрсетеді.

  1. 1Бұхари, «Либас», 67, «Әнбия», 50. Мүслим, «Либас», 80 (№ 2103). Әбу Дәуіт, «Тәрәжжул», 18 (№ 4203). Нәсәи, «Зинәт», 14 (8/137). Тирмизи, «Либас», 20 (№ 1752).