عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «الْإِيمَانُ بِضْعٌ وَسَبْعُونَ – وَفِي رِوَايَةٍ: بِضْعٌ وَسِتُّونَ – شُعْبَةً، وَالْحَيَاءُ شُعْبَةٌ مِنَ الْإِيمَانِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ. زَادَ فِي رِوَايَةٍ: «فَأَفْضَلُهَا قَوْلُ: لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ، وَأَدْنَاهَا إِمَاطَةُ الْأَذَى عَنِ الطَّرِيقِ».
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Иман жетпістен астам тармақтан тұрады. Ұят – иманның бір тармағы», – деген.1 Бір риуаятта «алпыстан астам» деп айтылған. Тағы бір риуаятта: «Олардың ең абзалы – “Лә иләһә иллаллаһ” деу, ең төменгісі – жолдағы зиянды нәрсені алып тастау», – деген сөз қосылған.
Түсіндірме
1. Бұл хадис бірнеше жолмен жеткен. Оны Бұхари мен Мүслимнің екеуі де риуаят еткен. Ислам ғұламалары бұл хадисті кеңінен талдап, онда аталған иман тармақтарын Құран мен хадиске сүйеніп, жеке-жеке анықтауға тырысқан. Имам Бәйһақи осы хадистің негізінде көлемді «Шуғабул-иман» еңбегін жазған. Ол кітабын иман тармақтарына сай бөлімдерге бөліп, әр бөлімге тиісті риуаяттарды жинаған. Ибн Хиббан «Уасфул-иман уә шуғабуһу», Әбу Абдуллаһ Хусайн әл-Халими «Фәуаидул-минһаж», шейх Абдулжәлил «Шуғабул-иман», Исхақ ибн әл-Қуртуби «Китабун-нәсайих» атты еңбектер жазған.
Айни иманның тармақтарын айқындауда бұл еңбектердің ешқайсысын жеткілікті деп таппағанын айтады.
2. Әуелі риуаяттардағы сан айырмасына тоқталайық. Бұхари келтірген нұсқада иманның алпыстан астам тармағы бар делінсе, өзге нұсқаларда жетпістен астам, ал кейбірінде алпыс төрт, отыз үш, үш жүз тоғыз немесе үш жүз он бес деп көрсетілген.
3. Кей риуаятта «тармақ» сөзі қолданылса, енді бірінде мағыналас «қасиет», «бап», «шариғат» (жол), «сәһм» (үлес) сөздері келеді. Мәселен:
«Иманның ең жоғары қасиеті – “Лә иләһә иллаллаһ” (Алладан басқа тәңір жоқ) деу».
«Иман жетпістен астам баптан тұрады».
«Ислам отыз үш шариғаттан тұрады. Кім олардың бірін Алла үшін орындаса, жаннатқа кіреді».
«Аса құдіретті әрі ұлық Рахманның алдында бір тақта бар. Онда үш жүз он тоғыз шариғат жазылған. Алла тағала: “Құлдарымның ішінен Маған серік қоспай, осылардың бірін орындаған адамды міндетті түрде жаннатқа кіргіземін”, – дейді».
«Ислам сексен үлестен тұрады. Намаз – бір үлес, зекет – бір үлес, Рамазан оразасы – бір үлес, қажылық – бір үлес… Бірде-бір үлесі жоқ адам зиянға ұшырайды».
4. Хадисте «астам» деп аударылған арабша сөз – «бидғ» (بِضْعٌ). Оның қандай санды білдіретіні жөнінде түрлі пікір бар. Бірі үш пен онның арасын десе, өзгелері үш пен тоғыздың, екі мен онның, он екі мен жиырманың, үш пен жетінің немесе бес пен жетінің арасын білдіреді дейді. Ахмад ибн Ханбал оны «жеті» деп түсіндірген.
Айни ең дұрыс пікір бойынша «бидғ» сөзінің бір мен он арасындағы санды білдіретінін ескертеді.
5. Риуаяттардағы алпыс пен жетпіс сандары әртүрлі түсіндірілген. Ғалымдардың көбі бұл сандарды көптіктің ишарасы деп түсіндірген. «Астам» сөзінің қосылуын да иман тармақтарының белгілі бір санмен шектелмейтінінің белгісі деп түсіндіреді. Нақты сан көзделсе, ол белгісіз қалдырылмас еді. Арабтардың жетпіс санын көптікті әсірелеп көрсету үшін қолданатыны да айтылады.
Кей ғалымдар «Бұл сан иман тармақтарының санын көрсетеді. Мұндағы мақсат – сол тармақтарды санап шығу» деген пікір айтқан.
6. Ибн Хиббан иман тармақтарын санау жайында «Уасфул-иман уә шуғабуһу» еңбегінде былай жазады: «Бұл хадистің мағынасын біраз уақыт зерттедім. Әуелі ғибадаттарды санап шықтым. Олардың саны хадисте айтылған мөлшерден әлдеқайда асып кетті. Одан кейін “Сунән” жинақтарына жүгініп, Алла елшісі (с.а.с.) иманға жатқызған ғибадаттарды санадым. Олардың саны хадистегі жетпістен астам мөлшерге жетпеді. Содан соң Құранға жүгініп, Алла тағала иманға жатқызған әр ғибадатты санадым. Олардың саны да жетпістен асты. Құран мен сүннетте аталғандарды біріктіріп, қайталанғандарын есептен шығарып санадым. Алла мен Оның елшісі (с.а.с.) иманға жатқызған амалдар хадисте айтылған жетпістен астам мөлшерге дәл келді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) Құран мен сүннетте аталған амалдардың санын меңзегенін түсіндім».
Көптеген ғалым бұл санды ижтиһад арқылы анықтауға тырысқанымен, көңіл толарлық нәтижеге жете алмаған.
Қади Ияз былай дейді: «Бұл мәселенің егжей-тегжейін білмеу иманға нұқсан келтірмейді. Өйткені иманның негіздері мен тармақтарының бар екені мәлім. Иманның осынша тармағы бар екеніне жалпы түрде сену – уәжіп. Ал иман негіздері мен аталған тармақтарды дәл айқындау осы мәселе жайында нақты деректің болуына байланысты».
Қади Ияз сөзін былай жалғайды: «Мұны Алла біледі және Пайғамбарға білдірген. Басқа ешкім біле алмайды. Шариғат олардың бәрін қамтығанымен, егжей-тегжейін бізге білдірмеген. Оны білмеуден бізге зиян келмейді. Өйткені өзімізге жүктелген міндеттерді анық білеміз. Білу бұйырылғанды білеміз, тыйым салынғаннан тыйыламыз».
Осы пікірлерді келтіргеннен кейін Айни Алла елшісі (с.а.с.) иманның ең жоғары және ең төменгі тармақтарын мына хадисте атағанын айтады: «Иманның ең жоғары тармағы – “Лә иләһә иллаллаһ” (Алладан басқа тәңір жоқ) деу. Ең төменгісі – жолдағы зиян келтіретін нәрсені алып тастау». Қалған тармақтар осы екеуінің арасында. Оларды жеке-жеке білмесек те, бәріне тұтастай сенеміз. Періштелердің көбінің есімін білмей-ақ, бәріне иман келтіреміз әрі бұл сенімімізге нұқсан келтірмейді. Иман тармақтарына тұтастай сену де солай.
Хадистен шығатын түйін
- Хадис иманның бірнеше дәрежесі барын көрсетеді. Ұят – иманның бір тармағы. Өйткені ол адамды көркем мінезге жетелейді.
7. Иманның тармақтары
Айни осы түсіндірмелерден кейін иман тармақтарын бір-бірлеп санап көрсетеді. Тақырыпқа қатысты болғандықтан, оны осында келтіреміз. Ол былай дейді: «Алланың жәрдеміне сүйеніп айтарымыз, иманның негізі – жүрекпен растау және тілмен мойындау. Кәміл иман осы екеуін және соған сай амал етуді қамтиды. Демек, ол үш бөлімнен тұрады».
Бірінші бөлім. Сенімге қатысты тармақтар
Иманның жүрекпен растауға, яғни тасдиққа қатысты отыз тармағы бар.
1. Аллаға иман келтіру. Бұған Алланың затына, сипаттарына, бір екеніне және Оған еш нәрсе ұқсамайтынына сену кіреді.
2. Алладан өзге барлық нәрсенің кейін жаратылғанына сену.
3. Періштелерге иман келтіру.
4. Кітаптарға иман келтіру.
5. Пайғамбарларға иман келтіру.
6. Тағдырға, яғни жақсылық пен жамандықтың Алладан екеніне иман келтіру.
7. Ақыретке иман келтіру. Бұған қабірде сұрақ қойылатынына, қабір азабына, қайта тірілуге, махшарда жиналуға, есеп беруге, мизанға (амалдар таразысына) және сырат көпіріне сену кіреді.
8. Жаннатқа және ондағы мәңгілік өмірге иман келтіру.
9. Жаһаннамға, оның азабына және кәпірлердің онда мәңгі қалатынына иман келтіру.
10. Алланы сүю.
11. Алла үшін жақсы көру және Алла үшін жек көру. Мұһажир және ансар сахабаларды, сондай-ақ Алла елшісінің (с.а.с.) әулетін сүю де осыған кіреді.
12. Алла елшісін (с.а.с.) сүю. Оған салауат пен сәлем жолдау, сүннетін ұстану да осыған кіреді.
13. Ықыласты болу. Рия мен екіжүзділіктен арылу да осыған кіреді.
14. Тәубе ету және күнәсіне өкіну.
15. Алладан қорқу.
16. Алланың рақымынан үміт ету.
17. Үмітсіздік пен торығуға берілмеу.
18. Шүкіршілік ету.
19. Уәдеге берік болу.
20. Сабырлы болу.
21. Кішіпейіл болу. Үлкенді құрметтеу де осыған кіреді.
22. Мейірім мен жанашырлық таныту. Кішіге қамқор болу да осыған кіреді.
23. Алланың маңдайға жазғанына разы болу.
24. Аллаға тәуекел ету.
25. Өз амалына арқа сүйемеу. Бұған өзін мақтаудан, өзін мінсіз санаудан тыйылу да кіреді.
26. Қызғаныш пен көреалмаушылықтан арылу.
27. Кек сақтамау, өш алуға ұмтылмау.
28. Ашу-ызаға берілмеу.
29. Өзгені алдамау, біреу туралы жаман ойламау, қулыққа бармау.
30. Дүниеқұмарлықтан арылу. Байлық пен мансапқа құнықпау да осыған жатады.
Жүрекке қатысты осы тізімде аталмаған бір жақсы не жаман амал ойыңызға келсе, аздап ой жүгіртіп көріңіз. Оның аталған тармақтардың біріне кіретінін аңғарасыз.
Екінші бөлім
Тілге қатысты амалдар жеті тармаққа бөлінеді.
1. Таухид сөзін айту.
2. Құран оқу.
3. Білім алу.
4. Білім үйрету.
5. Аллаға дұға ету.
6. Алланы зікір ету. Кешірім тілеу де осыған жатады.
7. Бос сөзден аулақ болу.
Үшінші бөлім
Тәнмен жасалатын амалдар қырық тармақтан тұрады. Олар үш топқа бөлінеді.
Бірінші топқа жеке адамның өзіне қатысты он алты амал жатады.
1. Тазалық. Бұған денені, киімді және тұратын жерді таза ұстау кіреді. Дәретсіздіктен арылу үшін дәрет алу, жүніптіктен, етеккірден және нифастан тазару үшін ғұсыл құйыну да осыған жатады.
2. Намаз оқу. Бұған парыз, нәпіл және қаза намаздары кіреді.
3. Зекет беру. Садақа мен пітір садақасын беру, жомарттық таныту, мұқтаждар мен қонақтарға ас ұсыну да осыған жатады.
4. Парыз және нәпіл ораза ұстау.
5. Қажылыққа бару. Ұмраға бару да осыған жатады.
6. Иғтикафқа кіру. Қадір түнін іздеу де осыған жатады.
7. Дінін еркін ұстана алатын жерге қоныс аудару. Ширк жайлаған елден һижрет ету де осыған жатады.
8. Нәзірін өтеу.
9. Антын орындау.
10. Кәффаратын өтеу.
11. Намаз үстінде де, өзге уақытта да әурет жерлерді жабу, шариғатқа сай киіну.
12. Құрбан шалу. Нәзір еткен құрбаны болса, оны да шалу.
13. Жаназа істерін атқару.
14. Қарызды өтеу.
15. Алыс-берісте адал болу, рибадан аулақ жүру.
16. Шын куәлік ету, ақиқатты жасырмау.
Екінші топқа өзінің қарамағындағы адамдарға қатысты алты амал жатады.
1. Заңды некеге тұрып, ар-ұятын сақтау.
2. Отбасы алдындағы міндеттерін орындау. Қызметшілерге жақсы қарау да осыған жатады.
3. Ата-анаға ізет көрсету. Оларға қарсы келуден және қиянат жасаудан тыйылу.
4. Бала тәрбиелеу.
5. Туыстық байланысты сақтау.
6. Үлкендердің тілін алу.
Үшінші топқа көпшілікке қатысты он сегіз амал жатады.
1. Елді әділ басқару.
2. Жамағатқа ұю.
3. Басшыға бағыну.
4. Адамдарды татуластыру. Харижилермен және бүлікшілермен күресу де осыған жатады.
5. Жақсылық жасауға бір-біріне жәрдемдесу.
6. Әмір бил-мағруф пен нәһи анил-мүнкәр, яғни жақсылыққа шақыру және жамандықтан тыю.
7. Шариғатта белгіленген ауыр жазаларды қолдану.
8. Жиһад жасау. Әскерді казармада ұстау да осыған жатады.
9. Аманатты иесіне қайтару. Олжаның бестен бірін беру де осыған жатады.
10. Қайтару шартымен қарыз беру.
11. Көршіге жақсылық жасау.
12. Адамдармен тіл табыса білу. Мал-мүлікті адал жолмен табу да осыған жатады.
13. Мал-мүлікті орнымен жұмсау. Ысыраптан сақтану да осыған жатады.
14. Сәлемге жауап беру.
15. Түшкірген адамға «Ярхамукаллаһ» деу.
16. Адамдарға зиян келтіруден сақтану.
17. Сауық-сайраннан аулақ болу.
18. Жолдағы кедергіні алып тастау. Осылайша, иман тармақтарының жалпы саны жетпіс жетіге жетеді.
Хадис жолдағы кедергіні алып тастауды иманның бір тармағына жатқызады. Осы арқылы ел игілігіне жарайтын құрылыстың мәнін аңғартып, қайырымды жандарды жол қамын жасауға ынталандырған. Жұрт жүретін жерден бұтақ, тікен, тас пен қоқысты алып тастау иманның бір тармағы болса, жол салу мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолаушыларға аялдайтын орын мен көпір тұрғызу қаншалықты маңызды десеңізші! Мұның бәрі – Алла құзырында қабыл болар игі амал. Сондықтан Ислам әлемінде алғашқы ғасырлардан-ақ жол қатынасы мен пошта қызметі дамыған. Әмәуилер дәуірінде күре жолдарға бүгінгідей межетас қойылып, орталыққа дейінгі қашықтық мильмен көрсетілген.
- 1Бұхари, «Иман», 3 (№ 9). Мүслим, «Иман», 57–58 (№ 35–36). Әбу Дәуіт, «Сүннет», 15 (№ 4676). Тирмизи, «Иман», 6 (№ 2614, Ибраһим Жанан басылымында № 2617). Нәсәи, «Иман», 16 (8/110). Ибн Мәжа, «Мұқаддима», 9 (№ 57).