وَعَنْ طَاوُسٍ قَالَ: «قَالَ مُعَاذٌ لِأَهْلِ الْيَمَنِ: ائْتُونِي بِعَرَضٍ وَثِيَابِ خَمِيصٍ أَوْ لَبِيسٍ فِي الصَّدَقَةِ مَكَانَ الشَّعِيرِ وَالذُّرَةِ أَهْوَنُ عَلَيْكُمْ وَخَيْرٌ لِأَصْحَابِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِالْمَدِينَةِ».
Тауыс былай дейді: «Мұғаз (р.а.) Йемен халқына: “Зекетке арпа мен жүгерінің орнына киім-кешек әкеліңдер. Бұл өздеріңе жеңіл әрі Алла елшісінің (с.а.с.) Мәдинадағы сахабаларына пайдалырақ”, – деді»1.
Түсіндірме
Риуаятта Мұғаз (р.а.) Йемен жұртына арпа мен жүгерінің орнына мата мен киім ұсынған. Бұл жердегі «арз» алтын-күмістен өзге мүлік дегенді білдіреді. Хадистегі خَمِيصٌ сөзін түсіндірмешілер тығыз тоқылған, жібек немесе қара жолағы бар мата атауы деп ұққан. Кейбір нұсқада خَمِيسٌ деп келеді, яғни ұзындығы бес шынтақ мата. Бұдан кейінгі «немесе киім» деген сөз матаның жеке аталғанын көрсетеді. «Мәдинадағы сахабаларға пайдалырақ» деген тіркес жиналған зекетті басқа жерге жеткізуге болатынына дәлел етілген. Кей ғалымдар мұны Мұғаздың жеке ижтиһады деп, зекетті жиналған жерінде таратуды жөн көрген. Автор Мұғаздың үкім ажыратудағы білігін осы пікірталаста ескереді.
- 1Бұхари, «Зекет», 33. Бұхари бұл риуаятты тарау тақырыбында сәнәдсіз келтіреді.