Хадис

Кутуб ситтә, № 2053

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
288. Жеміс-жидек пен көкөністің зекеті
Нөмірі
№ 2053 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
2053
Кутуб ситтә, № 2053 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Сүлейман ибн Ясар

وَعَنْ سُلَيْمَانَ بْنِ يَسَارٍ قَالَ: «كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَبْعَثُ ابْنَ رَوَاحَةَ إِلَى خَيْبَرَ فَيَخْرُصُ بَيْنَهُ وَبَيْنَ يَهُودٍ. فَجَعَلُوا لَهُ حُلِيًّا مِنْ حُلِيِّ نِسَائِهِمْ فَقَالُوا: هَذَا لَكَ، وَخَفِّفْ عَنَّا وَتَجَاوَزْ فِي الْقَسْمِ. فَقَالَ عَبْدُ اللَّهِ: يَا مَعْشَرَ الْيَهُودِ إِنَّكُمْ لَمِنْ أَبْغَضِ خَلْقِ اللَّهِ تَعَالَى إِلَيَّ. وَمَا ذَاكَ بِحَامِلِي عَلَى أَنْ أَحِيفَ عَلَيْكُمْ. وَأَمَّا مَا عَرَضْتُمْ عَلَيَّ مِنَ الرِّشْوَةِ فَإِنَّهَا سُحْتٌ وَإِنَّا لَا نَأْكُلُهَا. فَقَالُوا: بِهَذَا قَامَتِ السَّمَاوَاتُ وَالْأَرْضُ».

Қазақша аудармасы

Сүлейман ибн Ясар былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Хайбарға Абдулла ибн Рауаханы жіберіп, мұсылмандар мен яһудилерге бөлінетін өнімді бағалататын. Хайбардың яһудилері оған әйелдерінің әшекейлерін ұсынып: “Мынаны ал да, жүгімізді жеңілдетіп, үлесті бізге тиімді бөл”, – деді. Абдулла: “Уа, яһудилер, Алланың жаратқандарының ішінде мен ең жақтырмайтындардың қатарындасыңдар. Бірақ бұл сендерге қиянат жасауыма себеп болмайды. Маған ұсынып отырған параларың – харам. Біз оны алмаймыз”, – деді.

Сонда олар: “Көк пен жерді ұстап тұрған – осындай әділдік!” – десті»1.

Түсіндірме

«الْحَيْفُ» الظُّلْمُ. وَ«الرِّشْوَةُ» الْبِرْطِيلُ. وَ«السُّحْتُ» الْحَرَامُ.

1. Мұсылмандар Хайбарды алған соң, Алла Елшісі (с.а.с.) ондағы яһудилермен жер, алтын-күміс және мүлік мұсылмандарға өтеді деген шартпен бітім жасады. Хайбарлықтар: «Жер өңдеуді біз жақсы білеміз. Жерді бізге қалдырыңыздар. Оны өңдеп, өнімін тең бөліп отырайық», – деп өтінді. Алла Елшісі (с.а.с.) олардың өтінішін қабылдады. Жеміс пісе бастағанда, өнімді шамалау үшін Хайбарға Абдулла ибн Рауаханы жіберді. Ғалымдар оның салық мөлшерін шамалағаны немесе өнімнің мұсылмандарға тиесілі үлесін белгілегені жөнінде әртүрлі пікір айтқан.

Абдулла параны қабылдамады. Бір риуаятта оның құрма өнімін қырық мың уасқ деп шамалағаны айтылады. Бір уасқ алпыс сағқа тең. Хайбарлықтар бұл мөлшерді тым көп көрді. Сонда Абдулла: «Онда өнімді өзім жинап, сендерге өзім айтқан мөлшердің жартысын берейін», – деді. Олар оның турашылдығына разы болып: «Үлесің әділ. Көк төбемізде, жер табанымызда осындай әділдіктің арқасында тұр. Айтқаныңа разымыз», – деді.

2. Көпшілік ғалым құрма, жүзім және басқа да жеміс ағашын күтіп-баптаған адамға өнімнің белгілі бір үлесін беру шартымен мүсақат келісімін жасауға болады деп санаған. Әбу Ханифа мен Зуфар мұны әлі жоқ әрі мөлшері белгісіз өнімді ақы етіп жалдауға теңеген. Мүсақатты құптағандар оны мүдарабаға ұқсатқан. Мүдарабаның шарты бойынша, капиталды бір тарап береді, екіншісі оны іске жаратады да, пайданы бөліседі. Келісім кезінде пайда әлі түскен жоқ әрі нақты мөлшері белгісіз. Жалдау шарты да келешектегі пайданың нақты мөлшері белгісіз болса да жарамды. Олардың пікірінше, аят пен хадиске немесе ғалымдардың ортақ тұжырымына қайшы қияс қабылданбайды.

Бұл келісім барлық жеміс ағашына жүретінін айтқан ғалымдар Бұхаридегі بِشَطْرِ مَا يَخْرُجُ مِنْهَا مِنْ نَخْلٍ وَشَجَرٍ. «құрма мен өзге ағаштан шығатын өнімнің жартысына» деген сөзге сүйенеді. Басқа риуаятта عَلَى أَنَّ لَهُمُ الشَّطْرَ مِنْ كُلِّ زَرْعٍ وَنَخْلٍ وَشَجَرٍ. «әрбір егін мен құрма және өзге ағаш өнімінің жартысы соларға тиесілі болуы шартымен» делінген. Олар осыған сүйеніп, мүсақатта өнімнің алдын ала белгіленген үлесі бөлінеді деген. Риуаятта тұқымды кім беретіні көрсетілмегендіктен, оны иесі де, серіктесі де бере алады. Ғалымдар құрма бағын мүсақатқа, егістікті мұзарағатқа, яғни өнімді бөлісу шартымен егіс серіктестігіне белгілі бір жылды атамай-ақ беруге болады деген. Мүлік иесінің келісімді тоқтатуға құқығы бар.

  1. 1«Муатта», «Мүсақат», 2 (2/703–704). Әбу Дәуіт, «Буюғ», 36 (3413–3414).