وَعَنْ فُضَالَةٍ بْنِ عُبَيْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا صَلَّى بِالنَّاسِ يَخِرُّ رِجَالٌ مِنْ قَامَتِهِمْ فِي الصَّلَاةِ مِنَ الْخَصَاصَةِ، وَهُمْ أَصْحَابُ الصُّفَّةِ حَتَّى تَقُولَ الْأَعْرَابُ هَؤُلَاءِ مَجَانِينُ، فَإِذَا صَلَّى انْصَرَفَ إِلَيْهِمْ فَقَالَ: لَوْ تَعْلَمُونَ مَا لَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ تَعَالَى لَأَحْبَبْتُمْ أَنْ تَزْدَادُوا فَقْرًا وَحَاجَةً». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Фадала ибн Убәйд (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) жұртқа намаз оқытқанда, кей кісілер аштықтан қиямда тұрған күйі құлап түсетін. Бұлар – Суффа сахабалары. Оларды көрген бәдәуилер: “Мыналардың ақылы ауысқан”, – дейтін. Пайғамбар намазды аяқтаған соң жандарына барып: “Алланың құзырында сендерге не әзірленгенін білсеңдер, жоқшылық пен мұқтаждықтарыңның арта түскенін тілер едіңдер”, – дейтін»1.
Түсіндірме
Осы он хадис Алла елшісі (с.а.с.) мен сахабаларының қарапайым тұрмысын көрсетеді. Соңғы риуаяттағы Суффа сахабалары, тіпті, жоқшылық пен таршылықты бастан өткерген. Жоғарыда Ибн Мүбәрактың сөзінде айтылғандай, зүһд – дүние қолда тұрғанда одан саналы түрде бас тарта білу. Ал қарынға тас байлау, намазда қиямда тұрып құлау ерікті таңдау емес, жоқшылықтың салдары еді.
Ислам осындай материалдық таршылықта өріс алды. Алла елшісі (с.а.с.) өз басына түскен қиындыққа шағымданбай, үмітін үзбей төзді. Сахабаларына Алланың құзырындағы сауабын еске салып, оларды да сабырға шақырды. Кейін жеңістерден соң кіріс көбейіп, молшылық орнағанда да өмір салтын өзгертпегені риуаят етіледі. Үш күн қатарынан бидай нанына тоймай, асүйінде бірнеше күн бойы от жағылмайтын қарапайым тұрмысын жалғастырды. Осылайша Алла елшісі (с.а.с.) өмір бойы зүһдты саналы түрде ұстанып, оны үмбетіне міндеттемей, өз өмірімен үлгі көрсетті.
- 1Тирмизи, «Зүһд», 39 (№ 2368, Ибраһим Жанан нөмірлеуінде № 2369).