Хадис

Кутуб ситтә, № 2009

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
281. № 2002–2009 хадистер
Нөмірі
№ 2009 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 8
2009
Кутуб ситтә, № 2009 · тараудағы реті: 8

وَعَنْ أَبِي وَائِلٍ قَالَ: «سَمِعْتُ أُسَامَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يُؤْتِي بِالرَّجُلِ يَوْمِ الْقِيَامَةِ فَيُلْقَى فِي النَّارِ فَتَنْدَلِقُ أَقْتَابُ بَطْنِهِ فَيَدُورُ بِهَا كَمَا يَدُورُ الْحِمَارُ بِالرَّحَى فَيَجْتَمِعُ إِلَيْهِ أَهْلُ النَّارِ فَيَقُولُونَ: يَا فُلَانُ، أَلَمْ تَكُنْ تَأْمُرُ بِالْمَعْرُوفِ وَتَنْهَى عَنِ الْمُنْكَرِ؟ فَيَقُولُ: بَلَى. كُنْتُ آمُرُ بِالْمَعْرُوفِ وَلَا آتِيهِ، وَأَنْهَى عَنِ الْمُنْكَرِ وَآتِيهِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ. «الِانْدِلَاقُ» الْخُرُوجُ. «وَالْأَقْتَابُ» جَمْعُ قِتْبٍ، وَهِيَ الْأَمْعَاءُ.

Қазақша аудармасы

Әбу Уаил былай дейді: «Усама ибн Зәйдтің (р.а.) Алла елшісінен (с.а.с.) мына хадисті жеткізгенін естідім: “Қиямет күні бір адамды әкеліп, отқа тастайды. Ішек-қарны ақтарылып түседі. Ол ішегін шұбалтып, диірмен тасын айналдырған есектей шыр айналады. Тозақтағылар оны қоршап алып: ‘Уа, пәленше, саған не болды? Сен бізді жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюшы едің ғой!’ – дейді. Ол: ‘Иә, жақсылыққа шақырғанмен, өзім жасамайтынмын. Жамандықтан тыйғанмен, оны өзім істейтінмін’, – деп жауап береді”»1.

Түсіндірме

1. Усама бұл хадисті жұрт өзіне Османмен сөйлесіп, насихат айтуға ұсыныс жасағанда есіне түсіріп, жеткізген.

Кей хадис ғалымдары оқиғаны былай түсіндіреді. Осман (р.а.) анасы бір бауыры Уәлид ибн Уқбаны мемлекеттік қызметке қойған еді. Уәлидтен ішімдік иісі шыққаны жайлы хабар жұрт арасына тарайды. Кейбіреулер Осман лауазымды қызметтерге туыстарын ғана тағайындап жатыр деп сөз қылады. Бұл наразылық туғызады. Жұрт Османға жақын Усаманың оған насихат айтуын жөн көреді. Усама оларға: «Алла елшісінен (с.а.с.) осы хадисті естіген соң, екі адамға болсын басшы болып тағайындалған кісіге барып, “Сен жақсы адамсың” деп жағымпаздана алмаймын», – дейді де, жоғарыдағы хадисті жеткізеді.

2. Хадис жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюға үндейді. Сонымен бірге сол міндетті атқарған адамның өзі де айтқан жақсылығын жасап, тыйған жамандығынан аулақ жүруі керегін білдіреді.

3. Табари жақсылыққа шақыру туралы алдыңғы буын ғалымдарының пікірлерін былай қорытындылайды. Бір топ оны барлық жағдайда уәжіп санайды. Олар Тариқ ибн Шиһаб жеткізген «Алла жолындағы күрестің ең абзалы – зұлым басшыға ақиқатты айту» деген риуаятқа сүйенеді. Екінші дәлелі – «Кім жамандық көрсе, оны қолымен түзетсін» деген хадистің жалпы мәні.

Екінші топ жамандыққа қарсы шығуды уәжіп санайды. Алайда бұдан ескерту жасаған адамның өміріне қатер төнсе немесе өзге зиян келсе, міндет жүктелмейді дейді.

Үшінші топ жамандықты жүрекпен құптамау жеткілікті дейді. Олар Үммі Сәләманың «Менен кейін сендерге басшылар келеді. Олардың теріс істерінен бойын аулақ ұстаған адам кінәдан арылады, терісін мойындамаған аман қалады. Ал оған разы болып, соңынан ерген адам пәлекетке ұшырайды» деген риуаятын алға тартады.2 Табари жоғарыдағы шартты ескергенді дұрыс көреді. Оған «Мүміннің өзін қорлауына болмайды» деген хадисті дәлел етеді. Мұны шамасы жетпейтін жамандықты жоюға ұмтылу деп түсіндіреді.

Басқа ғалымдардың пікірінше, шамасы жететін әрі өміріне қауіп төнбейді деп білетін адамға жақсылыққа шақыру – уәжіп. Өзінің кейбір күнәсі болған күннің өзінде бұл міндеттен босамайды. Ол жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған амалының сауабын алады. Ал жеке күнәларын Алла қаласа кешіреді, қаласа сол үшін жауапқа тартады.

Жақсылыққа мінсіз адамдар ғана шақыра алады деген сөз осы іске өзі үлгі болған адамның насихаты абзал деген мағынада айтылса, орынды. Насихатты тек еш күнә жасамаған кісі ғана айта алады деген талапты қабылдау қиын. Ондай адам табылмаған кезде жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыю мүлде тоқтап қалар еді.

Табари осы пікірлерді келтірген соң, Усама риуаятында жақсылыққа шақырған кісінің неліктен тозаққа түскенін түсіндіреді. Ол жұртқа өсиет еткен жақсылығын өзі орындамаған, өзгені тыйған жамандығын өзі жасаған. Азапқа себеп болғаны – осы күнәлары.

Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю тақырыбы жоғарыда № 89–96 хадистерде кеңінен сөз болды.

Зүһд және кедейлік

«Зүһд» сөзінің қазақша мағынасы «қызықпау» ұғымына жуық. Қызығу дегеніміз – бір нәрсеге көңіл ауып, оны ұнату. Мұндағы зүһд – Құран мен сүннетке сай дүниеге құмартудан бас тарту. Осы жолды ұстанған адамды «заһид» дейді. Имам Ғазали зүһдты «көңіл ауған нәрседен одан қайырлысы үшін бас тарта білу» деп түсіндіреді. Осы анықтамаға сай шынайы заһид жүрегін бір Аллаға ғана байлай біледі.

Зүһд – ислам құптайтын көркем қасиеттердің бірі. Ол Құран мен сүннетке сай әрі Алланың разылығы үшін болуы шарт. Зүһд адамның ішкі қалпынан, ілімінен және ісінен көрінеді. Кісі қолы жетіп тұрған дүниеден Алла үшін өз еркімен бас тартқанда ғана заһидтік танытады. Абдулла ибн Мүбәрак өзін заһид санағандарға: «Заһид – Омар ибн Абдулазиз. Дүние аяғына келгенде, ол одан бас тартқан. Мен қайдан заһид болайын? Бас тарта қоятындай, дүние маған келген де жоқ», – деген.

Алла елшісінен (с.а.с.) зүһд жайында көптеген хадис жеткен. Хадис жинақтарында бұл тақырыпқа арнайы бөлім не тарау берілген. Бұхари оны «Китаб әр-риқақ» деп атаған. Арабша «риқақ» – «рақиқа» сөзінің көпше түрі. Ол жұқалық, нәзіктік, жүректің жұмсаруы дегенді білдіреді. Зүһд туралы хадистерді осылай атау себебі – олардың жүректі жібітіп, мейірім оятуында.

Зүһд туралы сөз болғанда, әуелі дүниеден бас тарту ойға келеді. Дін адамды дүние мен ақыретті қатар ұстауға үндейді. Осы ұстаныммен зүһдты құптау қалай үйлеседі деген сұрақ туады. Бұл жайында ғалымдар арасында да пікірталас болған. Сондықтан хадистерге көшпес бұрын осы екі ұғымның арақатынасын қарастырамыз.

  1. 1Бұхари, «Бәдғул-халқ», 10, «Фитән», 17. Мүслим, «Зүһд», 51 (№ 2989).
  2. 2Мүслим, «Имара» (№ 1854).