وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: يَقُولُ اللَّهُ تَعَالَى: أَنَا أَغْنَى الشُّرَكَاءِ عَنْ الشِّرْكِ. مَنْ عَمِلَ عَمَلًا أَشْرَكَ فِيهِ مَعِي غَيْرِي تَرَكْتُهُ وَشِرْكَهُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Алла тағала: ‘Мен серікке мүлде мұқтаж емеспін. Кім бір амал жасап, сол амалында Маған өзгені ортақ етсе, оны да, қосқан серігін де қоя беремін’, – деді”, – деген».1
Түсіндірме
Құдси хадисте Алла тағаланың серікке мұқтаж еместігі білдірілген. Кісі амалын жалғыз Алла үшін жасаса, ол амал қабыл болады. Ал ниетіне өзге мақсат араластырса, амалы қабылданбайды. Хадисте меңзелген «өзге серіктің» бірі – рия. Бұл амалды адамдарға ұнау немесе дүниелік пайда табу үшін жасауға саяды. Мәселен, адам намазын Алланың әмірін орындап, разылығына жету үшін оқи тұра, дене шынықтыруды немесе саудадағы серіктестеріне сенімді көрінуді де көздеуі мүмкін. Хадис амалға осылай екінші мақсат қосуды «серік қосу» деп сипаттайды.
- 1Мүслим, «Зүһд», 46 (№ 2985).