وَعَنْ مُحَمَّدٍ بْنِ إِسْحَاقَ. عَنْ رَجُلٍ مِنْ أَهْلِ الشَّامِ يُقَالَ لَهُ أَبُو مَنْظُورٍ عَنْ عَمِّهِ عَنْ عَامِرٍ الرَّامِ أَخِي الْخَضِرِ قَالَ: «إِنَّا لَبِبِلَادِنَا إِذْ رُفِعَتْ لَنَا رَايَاتٌ وَأَلْوِيَةٌ فَقُلْتُ مَا هَذَا؟ قَالُوا: لِوَاءُ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. فَأَتَيْتُهُ وَهُوَ جَالِسٌ تَحْتَ شَجَرَةٍ وَقَدِ اجْتَمَعَ إِلَيْهِ أَصْحَابُهُ فَجَلَسْتُ إِلَيْهِمْ فَذَكَرَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الْأَسْقَامَ وَالْأَمْرَاضَ. فَقَالَ: إِنَّ الْمُؤْمِنَ إِذَا أَصَابَهُ السَّقَمُ ثُمَّ أَعْفَاهُ اللَّهُ عَزَّ وَجَلَّ مِنْهُ كَانَ كَفَّارَةً لِمَا مَضَى مِنْ ذُنُوبِهِ وَمَوْعِظَةً لَهُ فِيمَا يَسْتَقْبِلُ. وَإِنَّ الْمُنَافِقَ إِذَا مَرِضَ ثُمَّ أُعْفِيَ كَانَ كَالْبَعِيرِ عَقَلَهُ أَهْلُهُ ثُمَّ أَرْسَلُوهُ فَلَمْ يَدْرِ لِمَ عَقَلُوهُ وَلِمَ أَرْسَلُوهُ؛ فَقَالَ رَجُلٌ مِمَّنْ حَوْلَهُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ وَمَا الْأَسْقَامُ؟ وَاللَّهِ مَا مَرِضْتُ قَطْ. فَقَالَ لَهُ: قُمْ فَلَسْتَ مِنَّا». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. «وَالْأَلْوِيَةُ» جَمْعُ لِوَاءٍ، وَهِيَ الرَّايَةُ الْكَبِيرَةُ دُونَ الْأَعْلَامِ. «وَأَعْفَاهُ وَعَافَاهُ» بِمَعْنًى وَاحِدٍ.
Мұхаммед ибн Исхақ бұл хабарды шамдық Әбу Манзурдан, ол әкесінің бауырынан, ол әл-Хадирдің бауыры Амир әр-Рамнан жеткізеді. Амир былай дейді: «Өз елімізде едік, бір кезде алдымызда тулар мен байрақтар көтерілді. “Бұл не?” – деп сұрадым. “Алла елшісінің байрағы”, – деді. Қасына барсам, ағаштың түбінде отыр екен, айналасына сахабалары жиналыпты. Мен де соларға қосылдым. Алла елшісі (с.а.с.) дерт пен ауру жайында сөз қозғап: “Мүмін ауырып, кейін Алла оған шипа берсе, ауруы өткен күнәларына кәффарат, ал алдағы ғұмырына ғибрат болады. Мұнафық ауырып, кейін жазылса, ол иелері байлап, қайта босатқан түйедей. Түйе не үшін байланғанын да, не үшін босатылғанын да білмейді”, – деді. Жанында отырған бір кісі: “Уа, Алланың елшісі! Ауру деген не? Аллаға ант етемін, мен бірде-бір рет ауырған емеспін”, – деді. Алла елшісі оған: “Тұр, сен бізден емессің”, – деді».1
Түсіндірме
1. «Тәйсирдің» авторы хадистің бір бөлігін ғана келтірген. Әбу Дәуіттегі нұсқада риуаяттың жалғасы бар. Осы бөлімнің тақырыбына тікелей қатысты тұс та сол. Риуаяттың бұл бөлігі көшіргенде түсіп қалған болуы мүмкін. Сондықтан жалғасын келтірейік.
«Біз Алла елшісінің (с.а.с.) қасында осылай отырғанда, жүн жамылған бір адам қолына оралған бірдеңе ұстап келді. Ол: “Уа, Алланың елшісі! Сізді көріп, осы жаққа беттедім. Жолда бір топ ағаштың жанынан өткенде балапандардың даусын естідім. Оларды алып, жамылғыма орап қойдым. Енесі басымнан айнала ұша бастады. Балапандардың бетін ашып едім, енесі келіп үстіне қонды. Жамылғымды қайта жауып алдым. Қазір бәрі қолымда”, – деді. Алла елшісі: “Оларды дереу босат”, – деп бұйырды. Ол босатты, бірақ енесі балапандарын тастап кетпеді. Алла елшісі сахабалардан: “Мына құстың балапандарына деген мейіріміне таңғалып тұрсыңдар ма?” – деп сұрады. Олар: “Иә”, – деді. Сонда ол: “Мені ақиқатпен жіберген Аллаға ант етемін, Алланың құлдарына рақымы мына құстың балапандарына деген мейірімінен мол. Балапандарды алған жеріңе апарып қой, енесі де бірге болсын”, – деді. Әлгі кісі оларды алған жеріне қайта апарып қойды».
2. Тиби былай дейді: «Мүмін ауырып, жазылған соң есін жиып, бұл дерттің өткен күнәларының салдары екенін ұғынады. Істегеніне дереу өкініп, бұрынғы күнәсіне қайта оралмайды. Осылайша ауруы оған кәффарат болады».
Хадисте мұнафықтың аурудан ғибрат алмайтыны, тәубеге бет бұрмайтыны айтылады. Ауруы оның бұрынғы күнәларының кешірілуіне де, кейін күнәдан сақтануына да пайда бермейді. Құрандағы ﴿أُولَئِكَ كَالْأَنْعَامِ بَلْ هُمْ أَضَلُّ أُولَئِكَ هُمُ الْغَافِلُونَ﴾ «Сондықтан олар мал сияқты, тіпті одан да бетер. Олар – ғапылдардың нақ өзі» («Ағраф» сүресі, 179-аят) деген сөздер осыған меңзейді.
- 1Әбу Дәуіт, «Жанаиз», 1 (№ 3089).