Хадис

Кутуб ситтә, № 1987

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
278. Жануарларға мейірім көрсету
Нөмірі
№ 1987 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
1987
Кутуб ситтә, № 1987 · тараудағы реті: 1

ـ1 عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: بَيْنَمَا رَجُلٌ يَمْشِي بِطَرِيقٍ اشْتَدَّ عَلَيْهِ الْعَطَشُ فَوَجَدَ بِئْرًا فَنَزَلَ فِيهَا فَشَرِبَ ثُمَّ خَرَجَ وَإِذَا كَلْبٌ يَلْهَثُ يَأْكُلُ الثَّرَى مِنَ الْعَطَشِ. فَقَالَ الرَّجُلُ: لَقَدْ بَلَغَ هَذَا الْكَلْبُ مِنَ الْعَطَشِ مِثْلَ الَّذِي كَانَ بَلَغَ مِنِّي فَنَزَلَ الْبِئْرَ فَمَلَأَ خُفَّهُ مَاءً ثُمَّ أَمْسَكَهُ بِفِيهِ حَتَّى رَقَى فَسَقَى الْكَلْبَ فَشَكَرَ اللَّهُ تَعَالَى لَهُ فَغَفَرَ لَهُ. قَالُوا يَا رَسُولَ اللَّهِ وَإِنَّ لَنَا فِي الْبَهَائِمِ أَجْرًا؟ قَالَ: فِي كُلِّ كَبِدٍ رَطْبَةٍ أَجْرٌ». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Бір кісі жолда келе жатып, қатты шөлдеді. Бір құдыққа кезігіп, ішіне түсіп шөлін қандырды. Шықса, шөлден тілі салақтап, дымқыл топырақты жалап тұрған итті көрді. “Мына ит те мен секілді қатты шөлдеген екен”, – деп, құдыққа қайта түсті. Мәсісін суға толтырып, аузына тістеген күйі жоғары көтерілді де, итті суарды. Алла оның осы ісін құп көріп, күнәсін кешірді». Қасындағылар: «Уа, Алланың елшісі! Жануарларға жақсылық жасағанымыз үшін де сауап аламыз ба?» – деп сұрады. Ол: «Әрбір тірі жанға жасалған жақсылық үшін сауап бар», – деді1.

Түсіндірме

1. Бұл риуаят тіршілік иелеріне жақсы қарауға, соның ішінде су беруге үндейді. Кей ғалымдар Алла елшісінің (с.а.с.) иттерге қатысты бұрын берген әмірін ескеріп: «Бұл – Исраил ұрпағының басынан өткен оқиға. Хадистегі жалпы сөз зиянсыз жануарларға қатысты, өйткені зиянды жануарды күшейтіп, зиянын арттыруға рұқсат жоқ», – деген. Науауи сол тарихи үкімдерді түсіндіргенде, қабаған ит пен хадисте аталған бес түрлі жануарды (жылан, шаян, кесіртке, қарға, тышқан) және соларға ұқсас жәндіктерді мысал еткен. Басқа ғалымдар хадистің жалпы үкімін қорғауға жататын жануарларға қатысты деп түсіндірген. Оларға су не азық беру, басқа да жақсылық жасау сауапқа жатады. Жануардың иесіз не иелі болуы, өзінің не өзгенің малы болуы бұл үкімді өзгертпейді. Ибн әт-Тин хадисті жалпы мағынасында да түсінуге болатынын айтады. Оның түсіндіруінше, зиянды жануарға да су беруге болады, өйткені жануарға орынсыз азап беруден сақтану бұйырылған.

Хадиске сүйенгендердің пікіріне қарсы шыққандар: «Бұл іс оны үлгі тұтуға бола ма, жоқ па, белгісіз бір адамның ісі», – деген. Оларға былай жауап берілген: «Біз тек әлгі адамның ісіне сүйенбейміз. Тіпті “бізден бұрынғылардың шариғаты біз үшін де шариғат” деген ұстанымда болсақ та, солардан жеткеннің бәрін бірден қабылдамаймыз. Егер шариғатты жеткізген Пайғамбар оны құптау үшін баяндаған болса және ешбір шартпен шектемесе, хадиске сүйену орынды».

2. Хадистен шығарылған кей үкімдер

• Жалғыз әрі азықсыз сапарға шығуға рұқсат. Бұл рұқсат адам өміріне қауіп төнбейді деп білген жағдайға қатысты.

• Хадис адамдарға жақсылық жасауға да үндейді. Иттің шөлін басу күнәнің кешірілуіне себеп болса, мұсылманның шөлін басу кешірімге одан да лайық.

• Садақаға мұқтаж мұсылман табылмаса, мүшрікке де садақа беруге болады. Екеуі бірдей мұқтаж болса, мұсылманның ақысы басым. Адам мен қорғауға жататын жануардың мұқтаждығы тең болса, әуелі адамның қажеті өтеледі.

• Су тарату – сауабы мол істердің бірі.

  1. 1Бұхари, «Ширб», 9, «Уду», 33, «Мәзалим», 23, «Әдеп», 27. Мүслим, «Сәләм», 153 (№ 2244). Мәлик, «Муатта», «Сифат ән-наби», 23 (2-т., 929–930-б.). Әбу Дәуіт, «Жиһад», 47 (№ 2550).